Қазақстан түркітілдес мемлекеттерге сауданы дамыту үшін бірлесіп жұмыс істеуді ұсынды. Таяуда Ыстанбұлда Түркия мен түркітілдес елдер арасындағы сауда-экономикалық байланысқа арналған конференция өткен еді.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне сәйкес, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне (ТМЫК) мүше елдер арасында тауар айналымы қарқынды болғанымен оның көрсеткіші мардымсыз. Айталық, бүгінде бауырлас мемлекеттер жыл сайын шамамен 15 млрд доллар сомасына өзара сауда жасасып келеді. Бұл ретте мұнай-химия, металлургия, машина жасау және жеңіл өнеркәсіп өзара сауданың негізгі қозғаушы тетігіне айналған. Олардың көлемі шамамен 9,2 млрд долларды құрайды.
Сауда және интеграция министрлігіне қарасты QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы бас директорының орынбасары Нұрлан Құлбатыровтың айтуынша, сауда байланыстарын нығайту үшін ТМЫК елдерінің бірлескен жұмысын күшейту қажет.
«Экспортты тиімді ілгерілету, сауда әлеуетін нығайтып, өзара байланыстарды күшейту үшін ынтымақтастық пен сауда саласында жәрдемдесудің орны бөлек. Бауырлас елдердің және тұтастай өңірдің сауда әлеуетін арттыру мақсатында бірлесе жұмыс істеген тиімді», деді QazTrade-тің өкілі.
Н.Құлбатыров ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы сауданы дамытудың амалы ретінде уәкілетті ұйымдардың тұрақты іс-әрекетін реттеуді, өзара сауданың жағдайына бірлескен мониторинг жүргізуді және қазіргі бар кедергілерге талдау жасап, түркітілдес елдердің саудасына жыл сайын арнайы шолу дайындауды ұсынды.
«Бұл ұйымдағы нәтижелер туралы нақты көрнекі мәліметтерге қол жеткізуге және саудадағы кедергілерді жоюда уақтылы шаралар қабылдауға мүмкіндік береді», деді Н.Құлбатыров.
Сауда саясатын дамыту орталығының өкілі айтқандай, өңірлік ұйымдардың бірлескен іс-қимылдары пандемиядан кейінгі дағдарысты еңсеріп, тұрақты даму бағытында аса маңызды.