• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Коронавирус 23 Қараша, 2021

Екпе егудің екінші кезеңі басталды

141 рет
көрсетілді

Кеншілер астанасында 12-18 жас аралығындағы жасөс­пірім­дер­ге, жүкті және бала емізетін әйелдерге Pfizer/BioNTech-Comirnaty екпесі салына бастады.

Қаладағы №1 отбасылық ден­сау­лық орталығына бірінші күн­і Comirnaty вакцина­сы­ның бірінші және екінші ком­по­нентінің 60 дозасы жет­кізіл­ген болатын. Оның бір құ­ты­сы алты адамға арналған. Меди­ци­на­лық мекеме барлық қажетті стационарлық және жылжымалы тоңазытқыш құралдарымен жаб­дықталған және олар мек­теп­терге барып жұмысқа кірі­суге дайын. Аталған меди­ци­на­лық мекеменің директоры Татьяна Баширова алғашқы ме­ди­циналық-санитарлық көмек көрсету орталығына 82 мыңнан астам адам тіркелгенін, оның ішін­де 4 500 жасөспірім және 500-ден астам жүкті әйел бар екенін айтады.

– Вак­циналау пункті­ мау­­­сым-шілде айларында ха­лық­ты бел­сен­ді иммундау ке­зе­ңін­де күніне 500 адамға дейін қызмет көрсетті. Бізде бұл үшін қажеттінің бәрі бар. Мен ата-аналарды вакцина алу туралы ақпаратты мұқият қарап, дұрыс таңдау жасауға шақырамын. Бұл вакцина АҚШ, Канада, Франция, Германия, Бельгия, Армения және басқа елдерде балаларды иммундау үшін белсенді қолданылады. Жалпы, вакциналау бізді аурудан қорғауға көмектеседі, – дейді мекеме басшысы.

Қарағандыдағы вакциналау бекеттері қала емханалары мен отба­сылық денсаулық орта­лық­тарында белсенді жұмы­сын қайта бастады, сондай-ақ олар мектептерде де орналастырылатын болады. Екпені алғаш алған жастардың ішінде Қарағанды машина жасау колледжінің үшінші курс студенті Александр Маряхин де болды. Он жетідегі өрен неліктен вакцина алуға ше­шім қабылдағаны жайлы былайша айтып берді:

– Бақытымызға орай, менің жақындарымның ешқайсысы коро­навирус инфекциясымен ауыр­мады. Біздің отбасымызда бәрі егілді. Мен өзімді және туыс­тарымды қорғау үшін вак­цина алуға шешім қабыл­да­дым, өйткені ешкім аурудан сақ­тандырылмаған. Менің құр­дас­тарым иммундауға бас­қаша қа­райды. Бірақ менің ойымша, вакциналау қазір қажет.

Сондай-ақ 17 жастағы­ Даниил Ковальчуктың анасы Наталья да тек иммундау арқы­лы ауруды жеңуге немесе кем де­ген­де оның ағымын жеңіл­де­ту­ге болатынын нық сеніммен айтады.

– Менің ұлым спортшы, бас­ке­т­болмен айналысады. Пан­­демияға байланысты ол жа­рыс­тарға баруын тоқтатты. Біз бәріміз бетперде мен шектеулерден шаршадық. Қалыпты өмірге оралғымыз келеді. Ұлым өзі вакцина алуға бел буды, өйткені оның көз алдында туған тәтесі екі рет коронавируспен ауыр­ды. Мен оны қолдаймын, өйт­кені бұл вакцина зерттелген, ДДҰ мақұлдаған, – деді Наталья.

Ресми мәліметке сай, Pfizer/BioNTech-Comirnaty жаңа вак­ци­насын алғашқы күні 31 жас­өс­пірім мен бала емізетін 10 әйел алды.

 

ҚАРАҒАНДЫ