«Адвокатураны дамыту стратегиясы». Осындай тақырыппен Нұр-Сұлтан қаласындағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің қолдауымен онлайн форматта қазақстандық адвокаттардың алтыншы форумы өтті. Республикалық адвокаттар алқасы және Құқықтық саясатты зерттеу орталығының мұрындық болуымен ұйымдастырылған жиында Қазақстан адвокатурасының алдында тұрған маңызды мәселелер сөз болды.
Ауқымды іс-шараға құқық қорғау, сот жүйелері, атқарушы және заң шығарушы билік тармақтарының өкілдері, жетекші халықаралық және ұлттық сарапшылар, сондай-ақ Польша, Ресей, Грузия және отандық адвокатураның өкілдері қатысты. Форумда адвокаттық қызметті цифрландыру, адвокаттардың тәуелсіздігі, онлайн сот төрелігі кезіндегі жұмысы және жаңа тәсілдер, сондай-ақ елімізде заңгер көмегін алуды дамыту мәселелері талқыланды.
Форумда Республикалық адвокаттар алқасы төрағасының міндетін атқарушы Әсел Тоқаева мұндай ауқымды іс-шаралардың маңыздылығын сөз етті. Ал Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің басшысы Фолькер Фробарт қазіргі таңда Қазақстанның адвокатурасы қарқынды дамып келе жатқанын айтты.
VI қазақстандық адвокаттар форумына қатысқан шетелдік сарапшылар бүгінде адвокатураның алдында тұрған негізгі сын-тегеуріндерге тоқталды. Жиынға Польша елінен онлайн қосылған Еуропалық Адвокаттар қауымдастығының президенті Мария Слазак Еуропа елдеріндегі адвокатураның институционалдық тәуелсіздігін дамыту перспективалары туралы айта келіп: «Тәуелсіз заң мамандығы жоқ елде тәуелсіз сот жүйесі, заңның үстемдігі, әділеттілік, демократия және бостандық болмайды», деді.
М.Слазак қазіргі таңда еуропалық адвокаттар үшін кәсіби құпияны бұзу және «ұлттық қауіпсіздік» терминін қолдануға байланысты қауіптер бар екенін жеткізді. Сондай-ақ ол: «Адвокатура популизмнен және адвокаттардың құқықтарын шектейтін төтенше жағдайды дұрыс пайдаланбаудан зардап шегіп отыр. Осы мәселелерді адвокаттар қызметіне ұлтты және халықаралық ұйымдар мен соттардың белсенді қатысуы, цифрлы тәуелсіздікті қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту арқылы шешуге болады», деді.
Жиында Павлодар облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Гүлмира Сұлтанбекова Қазақстан адвокатурасының институционалдық тәуелсіздігін стратегиялық дамыту және нығайтуға қатысты баяндама жасаса, Шымкент қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Сапар Әміртаев елімізде заң көмегін дамыту және оның сапасын арттыру жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды. С.Әміртаев адвокатураның мемлекеттік, өкілді, құқық қорғау және сот органдарындағы өкілдігін күшейту қажеттігіне ерекше тоқталды.
Форумда осы саладағы басты мәселелерді сөз еткен Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Данияр Қанафин елімізде «мемлекеттік» адвокатура құру мүмкіндігі бар екенін айтты.
Сонымен қатар ол қылмыстық процестегі адвокаттың рөлі оның қылмыстық сот төрелігіндегі мәртебесіне сәйкес келмейтінін де ашық мәлімдеді. Сарапшы осы мәселелерді шешу үшін адвокаттық қоғамдастықтың өзін өзі басқару мәселелеріне орынсыз араласуды болдырмауды, олардың кәсіби қызметіне байланысты қолсұғылмаушылық кепілдіктерін күшейтуді ұсынды. «Адвокатты жедел іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдармен жасырын ынтымақтастыққа тартуға тыйым салу керек. Сондай-ақ Қылмыстық іс жүргізу кодексінде адвокаттардың мемлекеттік құпияларға байланысты істер бойынша қатысу тәртібін реттеген жөн», деді.
Форум барысында De Facto адвокаттық кеңсесінің басқарушы серіктесі, Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты кеңесінің жанындағы Біліктілік комиссиясының мүшесі Сергей Сизинцев адвокатура үшін жаппай цифрландырудың артықшылықтары мен қауіптеріне тоқталды.
Өз кезегінде Брюссель адвокаттар алқасының мүшесі Алекс Таллон адвокатураның алдында тұрған сын-қатерлерге талдау жасап, алдағы бес жылда заң көмегінің сапасын арттырудың тиімді шешімдерін ұсынды. Заң көмегін цифрландыру мәселелеріне баса назар аударған ол: «Цифрландыру заңды платформаларды және жасанды интеллекті пайдалануды көздейді. Құқықтық платформалар дегеніміз – онлайн режімінде ұсынылатын заңгерлік қызметтер, заңгерлік фирмалар ұйымдастырған алаңдар және үшінші тараптың платформалары. Адвокаттық қызметке жасанды зердені енгізу заң кәсібінің дәстүрлі шеңберінен тыс заң қызметтерін көрсетуге мүмкіндік береді», деді.
Сондай-ақ форумда COVID-19 пандемиясы кезінде адвокатураның институционалдық тұрақтылығы туралы сөз сөйлеген Ресей Федералдық адвокаттар палатасының президенті Юрий Пилипенко адвокаттардың кәсіби тәуелсіздігін қамтамасыз ету бойынша өз елінің тәжірибесімен бөлісті. Ал Грузия адвокаттар қауымдастығының экс-президенті Заза Хатиашвили аталған елдегі заң қызметтерінің сапасын қамтамасыз ету және заң көмегін көрсету жөніндегі жаңа тәсілдерді таныстырып өтті. Ал Батыс Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының мүшесі Абзал Құспан цифрлы технологияның заң қызметі саласына тигізген әсері және болашақта сөзсіз болатын өзгерістер туралы айтты.
Іс-шара соңында қатысушылар осындай форумның маңызды екеніне назар аударып, жиын барысында айтылған ұсыныс-пікірлер адвокат қызметін жетілдіруге тың серпін беретініне сенім білдірді.