Былтыр Затобол деген ескі атауын тарихқа өткізіп беріп, қала мәртебесіне ие болған ең жас қала Тобыл шаһарының бүгінде ұлт мәдениетінің жаршысы, дәстүрлі өнердің насихатшысына айнала бастағаны қуантады. Қаланың қақ ортасына орналасқан «Алтын дән» мәдениет үйінде қазақтың ақыны, сазгер, кезінде Ыбырайдың ағартушылық идеясын насихаттап, ұлы ұстазға көп қолдау көрсеткен Нұржан Наушабайұлы атындағы республикалық жыр-терме, дәстүрлі ән орындаушылар байқауы өз мәресіне жетті.
Облыстық мәдениет басқармасы ұйымдастырған дәстүрлі өнер байқауына еліміздің әр өңірінен келген 18 өнерпаз қатысты. Кілең күміс көмей әншілер бас қосқан дәстүрлі ән мерекесінде Нұржанның бұрын көп айтылмай келген «Көкен-ай», «Бәтимаға», «Ара-ай», «Асыл-ай», «Жан сәулем», «Назым» атты шығармалары шырқалды. Байқауға қатысқан жыршы-термешілер Нұржанның назымдары мен әндерін орындаумен қатар, бұрыннан өздерінің ән қоржынында жүрген музыкалық шығармаларын шырқап, дәстүрлі әнге сусап қалған көрермен қауымның құлақ құрышын қандырды.
Байқауға қатысушылардың өнерін белгілі жырау, фольклор зерттеуші Алмасбек Алматов бастаған қазылар алқасы бағалап отырды.
– Қостанай өңірінде осы күздің өзінде жұртты елең еткізерлік екі бірдей ауқымды шара болып өтті. Өткен айда Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған республикалық аламан айтысқа арнайы келіп қатыстым, енді міне, сәті түсіп Тобыл қаласындағы жыршы-термешілер байқауына тағы келіп отырмын. Мұның өзі Тобыл-Торғай өңіріндегі дәстүрлі өнеріміздің дамуы ерекше екенін көрсетеді. Бүгінгі байқауға да әр өңірдегі дәстүрлі жыр-терме мектептерінің өкілдері келіп, өнер көрсетіп жатыр. Өнерпаздардың олқысы жоқ, кілең мықтылар. Бір ескере кететін дүние, мұндай байқауларда жыршыларды бөлек, термешілерді бөлек бағалау керек, әйтпесе қазыларға қиын тиіп жатыр, – деді әйгілі жырау.
Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов бұл ескертпенің орынды екенін, алдағы жылы өтетін байқауда қаперге алынатынын айтты.
Байқаудың бас жүлдесін Қызылорда облысынан келген күміс көмей жыршы Малика Алдамжарова жеңіп алды. 1-орынға елордалық жас дарын Біржан Айтахметов ие болды. Ал байқауға Алматы қаласының атынан қатысқан Жасұлан Өтемұратовқа 2-орын бұйырса, шымкенттік өнерпаз Қылышбек Сынадай мен елордалық Ұлдана Нұртуған үшінші орынды өзара бөлісті. Өнерпаздардың бәріне Нұржан әндері байқауының арнайы мүсіншесі мен ақшалай сыйлық табыс етілді.
Қостанай облысы