Еліміздің ең үздік дзюдошылары Оралда бас қосып, Қазақстан чемпионатының жүлделерін сарапқа салды. Осы жарыс барысында бірқатар өзгерістің болғанын байқадық. Мәселен, Олимпия ойындары мен әлем чемпионатының жүлдегері Отгонцэцэг Галбадрах және құрлықтық додаларда сан мәрте жүлде алған Елдос Жұмаханов бұл бәсекеге қатысқан жоқ. Күні кеше ғана олар үлкен спорттан кеткендерін жария етті. Сондай-ақ ұлттық командамыздың кейбір мүшелері өзге салмақтарда сайысқа түсуді құп көрген екен.
Ерлер арасындағы жарыста Қазақстанның бірінші нөмірлі дзюдошылары арасынан тек 73 кг салмақта күш сынасқан Жансай Смағұлов өзінің мықтылығын мойындата алды. Барлық қарсыласын қапы қалдырған қарағандылық балуан финалда тараздық Данияр Шамшиевті шаң қаптырды. Бұған дейін 66 кг салмақ дәрежесінде күрескен Шығыс Қазақстан облысының өкілі Ерлан Серікжановқа бірден жаңа салмаққа бейімделу оңай болмаған секілді. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері және Азия чемпионы деген атақтары бар спортшы ел біріншілігінде қола медальды қанағат тұтты.
Аса жеңіл салмақтағы бәсекелерді де жанкүйерлер тағатсыздана күтті. Себебі Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев сынды саңлақтар бұл жарысқа қатыспады. Және де келесі жылдан бастап олар салмақтарын өзгертуге бел буған екен. Яғни Жайық жағалауында жарыс жаңа чемпионды анықтады. Бұл мүмкіндікті Мағжан Шамшадин ұтымды пайдаланды. Биыл Будапештте өткен әлем чемпионатында бесінші орынға тұрақтаған Сыр бойының сайыпқыраны финалда маңғыстаулық Бауыржан Нарбаевтан айласын асырды.
66 кг салмақта Ермек Амангелдиевтің асығы алшысынан түсті. Есімі жанкүйерлерге жақсы таныс Ринат Ибрагимов татамимен қош айтысқаннан кейін Атырау облысынан мықты бір дзюдошының шықпағанына біраз жылдың жүзі болған еді. Міне, енді Ермек ерлеп, алтын тұғырдан қол бұлғады. Финалда ол Шығыс Қазақстан облысынан келген Дастан Шаяхметовтен басым түсті.
81 кг салмақта Жамбыл облысының өрені Бекәділ Шаймерденов озса, 90 кг-да ақтөбелік Әділет Мисиннің мерейі үстем болды. Ауыр және аса ауыр салмақ дәрежелерінде қызылордалық Нұрлыхан Шархан мен оралдық Ғалымжан Көлбай бас жүлдені олжалады.
Ал әйелдер арасындағы сайыста атыраулық Абиба Әбужақынова (48 кг), оралдық Гауһар Ирмағанбетова (52 кг), шымкенттіктер Севара Нышанбаева (57 кг), Саера Мырзахметова (63 кг), Зере Бектасқызы (70 кг), Аруна Жангелдина (78 кг) және Кәмила Берліқаш (+78 кг) алтыннан алқа тақты.