• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Қараша, 2021

Спартакиадада күш сынасты

528 рет
көрсетілді

Жыл өткен сайын Алматы қаласы мешіттерінің жамағаты арасындағы спартакиаданың ауқымы кеңейіп келеді. Күні кеше Нұр-Мүбәрак Мысыр ислам мәдениеті университетінің алаңында Рухани келісім күніне орай ұйымдастырылған спорттық іс-шараға 2 мыңға жуық адам қатысты. Олар арқан тарту, армрестлинг, кір тасын көтеру, қошқар көтеру, асық ату, петанк, допты қақпаға тебу секілді спорт түрлері бойынша бақ сынады.

Жиналған жұрттың айрықша көңілінен шыққаны «Қошқар көтеру» сайысы болды. Күш-қуаттары тасыған мықтылар бәсекесінде қошқарды иыққа салып 101 мәрте көтерген Ба­уыржан Әбдіқайым жеңімпаз атанса, Евгений Ким екінші орынды иеленді. Үшінші сатыға Нұрболат Ертас жайғасты. Кір тасын көтерген білекті жігіттер де көпшілікті тамсандырды. Зіл батпан тасты 81 рет әуе­леткен Еркін Ерімбетов бас бәйгені қанжығасына байласа, Ақжол Жолдасбаев (80 рет) пен Урматбек Ибрагимов (60 рет) күміс пен қола медальды еншіледі.

Арқан тарту сайысында Төле би мешітінің командасына тең келер ешкім табылмады. Финалда олар Абай мешітінің серкелерін сан соқтырса, әл-Мұхамед мешітінің жамағаты үшінші сатыға тұрақтады. Доп­ты қақпаға тебуде Жандос Тұ­рысбек мергендік танытса, құра­мында Азамат Дүйсенбай, Бек­зат Рижанов және Саят Мұ­хаметкәрім өнер көрсеткен «Нұр-Мүбәрак» командасы петанк сайысында жеңіске жетті. Ұлт­тық ойын – асық атуда Раис Же­ңісұлы жеңімпаз деп та­ныл­ды. Ал білекті жігіттердің бәсекесі – армрестлингте Төле би мешітінің намысын қорғаған Абзал Тілеубаевтың тегеурініне ешкім шыдай алмады. Жарыс аяқталған бетте жеңімпаз және жүл­­дегер атанған жігіттер ба­ғалы сыйлықтармен марапатталды.

– Жамағат арасындағы жа­рыс­тарға көпшіліктің ықыла­сы жыл санап артып келеді. Биыл футбол, волейбол және мереке күндеріне орайластырылған түрлі спартакиа­далар өткіздік. Қа­­тысушылардың да, көрер­мен­дердің де қарасы мол болды. Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – мешіт жамағаты ара­сында дене шынықтыру мен спортты және саламатты өмір сал­тын насихаттау, сонымен қа­тар исламның дәстүрлі емес ағы­мының жетегінде жүр­­ген жан­дарға асыл діннің оң жолын көрсету. Осындай спорт­тық са­йыс­тар арқылы елдің рухы кө­теріліп, мешіт жама­ға­тының бірлігі нығая түссе деген тілек бар, – дейді жарысты ұйым­дастырушы Әлия Шайхан.