Теннистен ерлер мен әйелдер арасындағы әлемдік рейтинг қайта жаңарды. Қазақстанның ең үздік ойыншылары үздіктер тізіміндегі өз орындарын сақтап қалды.
WTA рейтингінде Елена Рыбакина 14-орында тұр. Бұл – отандастарымыздың арасындағы ең үздік нәтиже. Юлия Путинцева 42-орынға жайғасса, Зарина Диас 100-сатыға табан тіреді. Әйелдер арасында аустралиялық Эшли Барти алдына жан салар емес. Екінші және үшінші орындарда – белоруссиялық Арина Соболенко мен испаниялық Гарбинье Мугуруса. Одан кейінгі сатыларға чехиялық Каролина Плишкова мен Барбора Крейчикова, грекиялық Мария Саккари, эстониялық Анетт Контавейт, испаниялық Паула Бадоса, польшалық Ига Швентек және тунистік Онс Жабер жайғасқан.
АТР рейтингінде сербиялық Новак Джоковичке жуық арада ешкімнің жете алмайтыны анық. Сондай-ақ «ТОП-10» теннисшінің қатарына Даниил Медведев (Ресей), Александр Зверев (Германия), Стефанос Циципас (Грекия), Андрей Рублев (Ресей), Рафаэль Надаль (Испания), Маттео Берреттини (Италия), Каспер Рууд (Норвегия), Хуберт Гуркач (Польша) және Янник Синнер (Италия) еніп отыр. Жерлестеріміздің арасында ең үздік көрсеткіш Александр Бубликке тиесілі. Ол 36-орынды иеленуде.