Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында осы сауалға жауап ізделді. Сондай-ақ тұтынушылардың құқығын қорғау мәселесі қаралып, әдеттегідей елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдай сөз болды.
Бұл – әкімдердің міндеті!
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың дерегінше, 2020 жылдан бастап еліміздегі жергілікті қамту үлесі айтарлықтай артқан. Биылғы 9 айдың қорытындысында реттелетін сатып алудың жалпы көлемі 12,9 трлн теңгеге тең болып, жергілікті қамту үлесі 6,4%-ға өскен.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жыл басында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезінде мемлекеттік сатып алуларда мәлімделген жергілікті қамту көрсеткіштері бойынша деректер салыстырылды. Нәтижесінде, 14 өңірде көрсеткіштердің артық екені анықталды. Президент 2025 жылға дейін жыл сайын тексеру жүргізуді тапсырды. Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуына байланысты отандық өндірушілерді қолдау шаралары 2015 жылдан бастап кезең-кезеңімен алып тасталды. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап жер қойнауын пайдалану саласында тауарлардағы жергілікті қамту алынып, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерде 50%-дан аспайтын талаптар қойылды. Жергілікті қамту құралын қолдану бойынша тиісті өзгерістер енгізілді. Халықаралық міндеттемелерді ескере отырып, отандық өндірушілердің мүддесін қорғауға бағытталған 5 жаңа механизм әзірленді, – деді Б.Атамқұлов.
Біріншіден, «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасында «ел ішіндегі құндылық» ұғымы мен даму саясаты көзделген. Бұл ұғым халықаралық аренада танылған әрі Дүниежүзілік сауда ұйымының нормаларына сәйкес келеді. Мысалы, ірі жер қойнауын пайдаланушылар ел ішіндегі құндылықты дамытудың жеке бағдарламаларын және отандық өндіріс тауарларын сатып алуға көшу жоспарын қабылдайды.
Екіншіден, дайын өнімді өткізу және ішкі нарықты жаңа тауарлармен толықтыру мақсатында жер қойнауын пайдаланушылар мен ұлттық компаниялардың қатысуымен офтейк-келісімшарттар, офсеттік шарттар пайдаланылады. Бұл ретте офтейк-келісімшарттар өндірісті оқшаулауға және жаңаларын ашуға, ал офсеттік шарттар технологиялар трансферті мен инвестициялар тартуға бағытталады. Ұзақ мерзімді шарттар жұмыс істеп тұрған өндірістердің өнімдерін өткізуді қамтамасыз етеді.
– Үшіншіден, ірі мұнай операторлары бірлескен жол картасын бекітті. Ол ұлттық стандарттарды бейімдеу мәселелерін, тендерлік рәсімдерге қазақстандық өндірушілерді қолдау механизмдерінің ірі операторларын енгізуді, 2025 жылға дейін жергілікті қамтуды ұлғайтуды, мұнай-газ жабдықтарының 5 өндірісін оқшаулау шараларын қарастырады. Мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығының жұмысы басталды. Ол ірі операторлармен бірлесіп, технологияларды оқшаулауға және трансферттеуге кірісті. Импортталатын 1 200-ден астам тауарға талдау жүргізілді. Оқшаулау үшін 3 тауарлар тобы іріктелді. Орталық жыл соңына дейін инвестициялық жобалар мен өндірістерді оқшаулау бойынша ұсыныстар жасауды, сондай-ақ отандық өндірушілер үшін кедергілерді анықтауды жоспарлап отыр, – деді министр.
Төртіншіден, жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында жергілікті қамту көрсеткіштерін сақтау әрі арттыру мақсатында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексте жер қойнауын пайдаланушылармен кәсіпкерлікті ынталандыру туралы келісімдер жасау нормасы бекітілген. Келісімдерде тауарлардағы жергілікті қамту үлесінің орташа көрсеткіші 30%, жұмыстар мен қызметтерде тиісінше 80% және 85% құрайды. Биылғы қараша айындағы жағдай бойынша 234 келісім жасалған. Алдын ала болжамдарға сәйкес, бұл шаралар жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларындағы жергілікті қамту үлесін 55%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Бесіншіден, мемлекеттік сатып алулардағы жергілікті қамту үлесін арттыру мақсатында өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша нысаналы индикаторлар белгіленді. Атап айтқанда, 2021 жылға арналған жергілікті қамтудың орташа үлесі құрылыс материалдарында – 77,3%-ды, жиһаз өндірісінде – 68,5%-ды, жеңіл өнеркәсіпте – 65,5%-ды, целлюлоза-қағаз саласында – 53,7%-ды, химияда – 36,2%-ды, фармацевтикада – 32,3%-ды, машина жасауда – 19,5%-ды құрайды. Мәлімделген көрсеткіштерге қол жеткізу механизмдерінің бірі – ұлттық режімнен шығару. Бұл механизм 4 түрлі тауарда қолданылады. Олар бойынша мемлекеттік сатып алу тек отандық өндірушілермен жүргізіледі. Сондай-ақ жеңіл, жиһаз өнеркәсібі және машина жасау өнімдері бойынша ұлттық режімнен алып тастау мәселесі пысықталуда.
Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, 2020 жылдың қорытындысы бойынша көмірсутек шикізаты және уран өндіру саласындағы жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуының жалпы көлемі шамамен 5,4 трлн теңгені құраған. Осы сатып алулардағы жергілікті қамту үлесі 46%-ға тең. Жер қойнауын пайдаланушылардың 2021 жылға арналған сатып алу жоспары – 6,8 трлн теңге. Ондағы жергілікті қамту үлесінің болжамды көрсеткіші 46,5% немесе 3,1 трлн теңге.
Тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу көлемінің шамамен 77%-ы үш ірі операторға тиесілі. Олар – «Теңізшевройл» ЖШС, «Қарашығынақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» және «Норт Каспиан Оперейтинг Н.В.». Сатып алудың қалған 13%-ы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ компаниялар тобының және 10%-ы басқа да жер қойнауын пайдаланушылардың үлесінде. Жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қазір отандық тауар өндірушілер құрылыс-монтаж, құбыр материалдарымен, механикалық жабдықтармен, электроматериалдармен, телекоммуникация материалдарымен, жанар-жағармай материалдарымен толықтай қамтамасыз етеді. Осылайша, отандық тауар өндірісі қарқын алуда.
– Отандық тауар өндірушілердің ірі жобаларға қатысу үлесінің төмендігі шетелдік және отандық өндірушілер арасында қалыптасқан дискриминациялық жағдайларға байланысты болып отыр. Осылайша, ірі операторларға берілген кедендік жеңілдіктер нәтижесінде олар шетелдік тауарларды қосылған құн салығын нақты төлемей сатып ала алады. Ал отандық өндірушілерден тауарларды сатып алу кезінде 12% мөлшерінде салық төленеді. Бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыру жолдарының бірі – Салық кодексіне өзгерістер енгізу. Бұл өзгерістер ірі жобалар үшін тауарларды жеткізу кезінде отандық өндірушілердің ішкі айналымын қосылған құн салығынан босатуды қамтиды. Аталған шара шетелдік және отандық компаниялар арасындағы жағдайды теңестіруге мүмкіндік береді, – деді М.Мырзағалиев.
Бұл ретте министрлік жергілікті қамтуды дамыту бойынша бірқатар шаралар мен бастамалар жүргізуде. Соның бірі – елімізде кәсіпкерлікті ынталандыру туралы келісімдер жасасу. Ведомство «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жер қойнауын пайдаланушылармен «Кәсіпкерлікті ынталандыру туралы» келісім жасасуға бастамашылық жасады. Бұл келісімдер ерікті түрде жасалады. Бүгінгі таңда көмірсутектер мен уран бойынша 282 келісімшарттың 164-і бойынша келісімге қол жеткізілді. Аталған келісімдер тауарлардағы жергілікті қамту үлесін 19,5%-дан 31%-ға дейін, жұмыстарда – 66,8%-дан 78,6%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамту деңгейі де 69,4%-дан 88,8%-ға артатын болады.
Жергілікті қамтуды дамыту жөніндегі келесі бастама – биыл құрылған Мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығы. Орталық жұмысының негізгі мақсаты – еліміздегі мұнай-газ саласы үшін тауарлар өндірісін жергіліктендіру. Ол үшін орталық жаңа өндірістер ашуды, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған отандық тауар өндірушілердің мүмкіндіктерін кеңейтуді жүзеге асырады. Қазіргі уақытта операторлардың ұсынысы бойынша орталық үш тауар тобын талдауды және жергіліктендіруді қолға алды. Олар: бекіту арматурасы (клапандар), электротехникалық жабдық, бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика. Орталық отандық өндірушілердің қажеттіліктері бойынша толық деректерге және тиісті мүмкіндіктерге талдау жүргізгеннен кейін қалған тауар топтары бойынша ұсыныстар енгізетін болады.
Тақырыпты қорытындылаған Премьер-Министр жергілікті қамту үлесі көрсеткіштерінің өсуін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. А.Мамин әкімдіктерге жергілікті қамтуды бақылау жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысын күшейтуді, олардың қызметіне өңірлік бизнес өкілдерін барынша тартуды тапсырды. Сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылармен ерікті келісімдер жасасуды қамтамасыз ету жүктелді.
– Жергілікті қамтуды дамыту – бұл әкімдердің негізгі міндеттерінің бірі. Соған сәйкес олардың жұмысы бағаланады, – деп нақтылады А.Мамин.
Тұтынушы құқығы тапталмауға тиіс
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында азаматтардың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды аспектілерін ерекше атап өтті. Бұл ретте тұтынушылардың құқықтарын қорғау және ішкі нарықты қауіпсіз әрі сапалы тауарлармен, қызметтермен қамтамасыз ету маңызды.
– Осы мақсатта министрлік ішкі сауданы дамытуды, жетілдіруді және реттеуді жүзеге асырады. Былтыр қабылданған тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі заңнамаға енгізілген түзетулердің нәтижесінде ел Үкіметінің жанынан ведомствоаралық кеңес құрылды, тұтынушылардың құқығын қорғау саласындағы уәкілетті органға мемлекеттік бақылау жүргізу функциялары берілді, тұтынушылардың құқығын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді, тұтынушылардың шағымдарын қараудың 3 сатылы жүйесі құрылды. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша тұтынушылардың өтініштерін қабылдаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі e-tutynushy қолданысқа енгізілді. Тұтынушылардың құқығын бұзу туралы азаматтардың өтініштері санының өсуі осы саладағы проблемалардың бар екенін ғана емес, сонымен бірге тұтынушылық мәдениет деңгейінің біртіндеп өскенін де көрсетеді, – дейді Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.
Мәселен, министрлік 2019 жылы 5 977 өтінішті қарастырса, 2020 жылы олардың саны 20 919-ға өскен. Ал осы жылдың 10 айы бойынша көрсеткіш өткен жылдың көлемінен асып түскен. Өтініштердің өсуінің ұқсас жағдайы өзге мемлекеттік органдар бойынша да байқалады. Айталық, 2019 жылы мемлекеттік органдарға шамамен 30 мың өтініш түскен, 2020 жылы – 48 876. Биылғы 6 айда 26 161 өтініш қаралған.
Министрдің айтуынша, елімізде тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесін трансформациялау басталды. Бұл реформада тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесімен тығыз байланысты техникалық реттеу мен стандарттау маңызды рөл атқарады. Өйткені бұл салалар тұтынушыларға ұсынылатын өнімдер мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі уақытта барлық салада өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің сапа көрсеткіштеріне, қауіпсіздігіне 3 мыңға жуық ұлттық стандарт әзірленіп, жұмыс істеуде. Алайда олардың белгілі бір салаларда қолданылуының төмендігі байқалады. Жылдан жылға өтініштер мен шағымдар саны артып келе жатқан экономика саласы ерекше назар аударуды қажет етеді. Бұл жаңа ұлттық стандарттарды әзірлеу және қолданыстағы ұлттық стандарттарды өзектендіру қажеттілігін көрсетеді. Оларды сақтау тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі бойынша тұтынушылардың қанағаттануын қамтамасыз етеді.
– Президент осы жылдың 16 қарашасында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнаманың әлі де жетілдірілмегенін айтып, оған тұтынушылардың құқықтарын жан-жақты әрі тиімді қорғауға бағытталған өзгерістер мен түзетулер енгізуді тапсырды. Осыған байланысты министрлік тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша жұмысты бастады. Біріншіден, заңда коммерциялық емес ұйымның ұйымдық-құқықтық формасында Ұлттық тұтынушылар қауымдастығының мәртебесін заңнамалық бекіту мәселесі пысықталуда. Екіншіден, заңнамаға енгізілетін түзетулер аясында Омбудсмен институты енгізіледі. Ол халықтың дауысы ретінде қызмет етеді және тұтынушылардың құқықтары бұзылатын салалардың қазіргі жүйелі проблемаларын мемлекеттің бірінші тұлғаларына тікелей жеткізеді. Үшіншіден, тұтынушылардың құқығын қорғау жүйесінің базалық қағидаттарын тұтынушылардың құқығын қорғау туралы салалық заңнамаға тарату. Төртіншіден, қоғамдық бірлестіктердің тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне тұтынушыға өтелетін сомадан сыйақы есептеу туралы заң нормасын реституциялау қажеттігі туралы тілектері назарға алынды. Бесіншіден, электронды сауда сегментінде тұтынушылар құқықтарының бұзылуына жол бермеу мақсатында құқықтық реттеуді жетілдіру ұсынылады, – деді Б.Сұлтанов.
Тақырыпты түйіндеген Асқар Мамин қазақстандықтардың тұрмыс сапасын арттыру адал және бәсекеге қабілетті кәсіпкерлікті дамытудың индикаторы болып табылатын тұтынушылардың құқығын қорғау деңгейін арттырумен тығыз байланысты екенін атап өтті.
– Өз құқықтарына сенімді тұтынушылар сапалы тауарларға, жұмыстар мен қызметтерге белсенді сұранысты қамтамасыз етеді. Бұл экономиканың дамуына ықпал етеді, – деді Үкімет басшысы.
Бұл ретте А.Мамин интернет-сауда саласында тұтынушылардың құқығының бұзылуына жол бермеу мақсатында осы жылдың соңына дейін электронды сауда сегментінде құқықтық реттеуді жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды. Сондай-ақ 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында е-tutynushy жүйесін азаматтардың өтініштерін жүйелеу және мемлекеттік органдар тарапынан жедел әрекет ету үшін бірқатар мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерімен біріктіру жүктелді.
35 мың адам Pfizer-ді қабылдады
Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдай туралы баяндаған Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстан Республикасы, соның ішінде 10 өңір «жасыл аймақта» орналасқанын жеткізді. 4 өңір – «сары аймақта» (Қарағанды, Қостанай, Ақмола облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы). «Қызыл аймақта» 2 өңір (Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары) қалып отыр.
– Жалпы, Қазақстанда соңғы айда ауруды жұқтыру 2,4 есе, стационарлардағы науқастар 1,4 есе, амбулаторлық науқастар 1,8 есе төмендеді. Инфекциялық төсектік орындардың қамтылуы – 30%-ды, реанимациялық төсектік орындардың қамтылуы 25%-ды құрайды, – деді ол.
Халықты КВИ-ға қарсы вакциналау жалғасуда. 1-компонент 8,7 миллион адамға, 2-компонент 7,9 миллион адамға салынған. Pfizer вакцинасының 645 мың дозасы келіп түскені белгілі. Бүгінгі таңда 26 354 бала, 8 658 жүкті және бала емізетін әйелдер екпе алған. Вакцинаны апта сайын жеткізу жалғасуда.
– Тұмауға қарсы вакциналау аяқталды. 2 миллион 500 мыңнан астам адам немесе халықтың 99,3%-ы егілді. КВИ және ЖРВИ ауруларын бақылау бойынша профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар жалғасуда, – деді А.Цой.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»