Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысына қатысып, сол жиын барысында еліміздің сыртқы саясатындағы негізгі бағыттарды айқындап берді. Бұл айқындалған негізгі бағыттар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саясатқа қатысты ұстанған жолымен үйлесіп, сындарлы сабақтастық осылайша жалғасын тауып отыр. Осы орайда, Қазақстан алдағы уақытта қандай басымдықтарға мән беретініне тоқталуды жөн көріп отырмыз.
Өздеріңізге мәлім, 2020 жылы Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіткен болатын. Соған сәйкес, халықаралық стратегиямыздың қағидаттары және бағыт-бағдары өзгермейтіні нақтыланды.
Еліміз сыртқы саясатты сындарлы әрі белсенді жүзеге асырып, қауіпсіздік, ынтымақтастық және даму салаларында жаһандық және өңірлік күн тәртібін қалыптастыру мен іске асыруға ерекше үлес қосып келеді. Ұлттық мүддені қорғай отырып, сыртқы саяси және экономикалық басымдықтарды ілгерілетуге басты назар аударылатыны белгілі.
Еліміздің стратегиялық саяси мақсаты ретінде тәуелсіздікті, мемлекеттің егемендігін және аумақтық тұтастығын нығайту, сыртқы саяси бағыттың дербестігін сақтау көзделмек. Сондай-ақ Орталық Азияда Қазақстанның көшбасшылық орнын нығайтуға және ұзақ мерзімді мүдделеріне ерекше екпін беріледі. Сыртқы саясат мәселесінде Қазақстан көпвекторлы бағыт ұстанатыны жер-жаһанға мәлім. Осы тұрғыдан алғанда «тоғызыншы территория» аймақтық және жаһандық үдерістерге белсене қатысатын беделді мемлекетке айналды. Тәуелсіздіктің 30 жылында кәсіби дипломатиялық қызмет құрылып, ауқымды сыртқы саяси міндеттер шешімін тапты. Осы уақыт аралығында қол жеткізген табыстарымыз ұшан-теңіз.
Егемендік алған сәтте елімізде тәжірибелі, кәсіби дипломаттар санаулы болатын. Бұл күрделі сыртқы саяси міндеттерді шешуге кедергі келтіретіні айтпаса да түсінікті. Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылық етуімен елімізде дипломатия мектебі қалыптасты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сол кездері Елбасының сенімді серігі ретінде бұл жұмысқа үлкен үлес қосты. Мәселен, 1992 жылы Сыртқы істер министрлігін толыққанды институт есебінде құру жұмыстары аяқталды. Сөйтіп, Сыртқы істер министрлігі, дипломатиялық құрылымдар мәртебесі мен өкілеттілігін ресми түрде орнатқан елдердің елшіліктері туралы Ереже бекітілді. Сондай-ақ олардың ұйымдастырушылық және кадрлық мәселелері шешілді. Осылайша, Қазақстанды бейбітсүйгіш ел ретінде әлемге танытқан жұмыстың іргетасы қаланды.
Сол кезеңнен басталған шаруа бүгінде жалғасын тауып отыр. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында сөйлеген сөзінен анық байқадық. Президент әлемдегі алпауыт елдермен және өңірдегі ықпалды мемлекеттермен тең дәрежелі әрі тиімді ынтымақтастық орнатудың маңызына тоқталды. Бұл түсінікті де. Қазіргі таңда шартараптағы геосаяси ахуал өзгеріп, саяси текетірестер күшейе түсті. Бұрын әлем бірполярлы саналып келсе, бүгінде өңірлік және жаһандық өктемдікке ұмтылатындар жетерлік. Мұның бәрі әлемдік саясат тақтасындағы ахуалды күрделендіре түсетіні басы ашық мәселе. Осындайда Қазақстан үшін прагматизмге негізделген көпжақты саясат ауадай қажет. «Қазақстан ешкіммен жауласпайды, халықаралық дауларға килікпейді. Біздің таңдаған жолымыз – айқын. Прагматизмге негізделген салмақты әрі салиқалы саясаттан еш айнымаймыз. Біз екіжақты және көпжақты міндеттемелерден бас тартпаймыз. Даулы мәселелер туындаса, ұлттық мүддемізге сай ұтымды шешім табуға ұмтыламыз. Біз тәуелсіздік пен егемендікке, еліміздің шекарасы мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтіретін бір де бір келісімге жол бермеуіміз керек. Өйткені осы қасиетті құндылықтар біз үшін бәрінен қымбат. Біз, ең алдымен, Қазақстанның мүдделерін табандылықпен қорғауымыз қажет», деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікке алаңдайтынын азаттық алған кезден-ақ байқатқан. Мәселен, тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейін еліміз еншісіне қуатты ядролық арсенал мұраға қалды. Бұл мәселе халықаралық қоғамдастықты бейжай қалдырған жоқ. Екіжақты келісімді сылтауратып шетелдік шенеуніктер бірінен соң бірі елімізге жиі ат басын бұрды. Әйтсе де, бәрін мазалаған бір ғана мәселе: Қазақстанның ядролық қаруы. Қазақстанның ядролық арсеналы Батыс елдерін ғана қызықтырып қойған жоқ. Араб әлемі де оқтұмсықтарды сатып алуға ниетін білдірді. Мәселен, 1992 жылы сол кездегі Ливия басшысы Муаммар Каддафи Қазақстанның атом бомбасын сақтап қалуы үшін миллиардтаған доллар қаржылай көмек беруге әзір екенін жеткізген. Тәуелсіздігін енді алған мемлекет үшін бұл арбайтын ұсыныс. Өйткені Кеңес өкіметі құлағаннан кейін ел экономикасы тұралап қалғаны белгілі. Бірақ Қазақстан мұндай жомарт ұсынысты қабылдаған жоқ. Міне, осылайша Қазақстан әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Бұл шешім жер-жаһанды жаппай қырып-жою қаруларынан азат етуге бағытталған соны қадам болғанын уақыт көрсетті. Бүгінде еліміз ядролық қарудан бас тарту ісінде өзгелерге үлгі. Биыл Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толды. Бұл шешуші қадам Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтағы беделінің артуына зор үлес қосты.
Айтпақшы, Елбасы таяуда өткен «Астана клубының» отырысында ядролық қарусыздануға арналған әлемдік форум өткізуді ұсынған еді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрлігінің отырысында іргелі іс-шараны ұйымдастыруды тапсырды. Бұған дейін Қазақстан 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етті. 2017-2018 жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болды. Аталған кезеңде еліміз жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа табанды үлес қосқанын халықаралық қоғамдастық мойындады.
Қазақстан – Еуразия құрлығындағы көпжақты құрылымдардың негізін қалаушы елдердің бірі. ТМД, Еуразия экономикалық одағы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы және басқа да құрылымдардың жұмысын жандандыруға белсене атсалысып келеді. Таяуда ғана Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі қайта құрылып, толыққанды ұйымға айналды. Осылайша, түркі тілдес мемлекеттер ынтымағының жаңа кезеңі басталды. Мұның бәрі шартараптың түкпір-түкпіріндегі алпауыт елдермен және өңірдегі ықпалды мемлекеттермен тең дәрежелі әрі тиімді ынтымақтастық орнату жолында жасалған жұмыстардың бір парасы ғана.
Мемлекет басшысы Сыртқы істер министрлігіне Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшылық орнын нығайтып, экономикалық дипломатияны қайта жандандыруды тапсырды. Бұл бағыттағы жұмыстың тиімді жүргізілетініне сенім мол. Бұған себеп жетерлік. Біріншіден, Қазақстан экономикасы Орталық Азиядағы басқа елдердің экономикасына қарағанда қуатты. Мәселен, номиналды ішкі жалпы өнім көлемі бойынша өңірдегі басқа мемлекеттерден әлдеқайда алда тұр.
Ел ішіндегі ахуал тұрақты. Елімізде инвесторларға өте қолайлы жағдай жасалған. Қазіргі таңда Орталық Азиядағы шетел инвестициясының 75 пайызы Қазақстанға тиесілі. Соның арқасында еліміз өңірдегі экономикалық көшбасшыға айналды. Рас, пандемия кезінде ішкі жалпы өнімнің өсімі бәсеңдеді. Бірақ бұл бүкіл әлем елдеріне тән құбылыс. Осы орайда, мұнай бағасының қайта өсуі жаһандық індет кезінде етек-жеңімізді жинап алуға мүмкіндік береді.
Екіншіден, еліміз Еуразияның қақ төрінде, басты көлік дәліздері тоғысқан геостратегиялық орталықта тұр. Шығыс пен Батысты байланыстыратын «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» бағыты ұлы даланың үстінен өтеді. Қазақстан арқылы Қытай және Азияның басқа да елдерін Еуропамен, сондай-ақ Таяу Шығыспен байланыстыратын 5 темір жол және 6 халықаралық автокөлік жолы өтеді. Бұл Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға және кері қарай жүктерді 15 күнде жеткізуге мүмкіндік береді.
Осыншалықты әлеуеттің тиімділігін уақыт көрсетіп отыр. Биыл көліктің барлық түрімен жүк тасымалдау көлемі 1,07 млрд тоннаға жеткен. 2021 жылдың алғашқы 4 айында транзиттің жалпы көлемі 7,3 млн тоннаны құрады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,1 пайызға артық. Осылайша, Қазақстан транзиттік дәліз арқылы миллиондаған доллар пайда табады.
Үшіншіден, Қазақстанда шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасалған. Осы орайда, Сыртқы істер министрлігіне инвестиция тарту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру міндеті жүктелгенін еске сала кеткен жөн. Президент Қазақстанды Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын күре жолдардың бойындағы транзиттік-логистикалық хабқа айналдыруды тапсырды.
Қазіргі таңда әлем елдері оқшау, ешкіммен араласпай өмір сүре алмайтыны белгілі. Халықаралық аренада ұлттық мүддемізді қатаң сақтап әрі қорғай отырып, инвестициялық саясат жүргізудің маңызы зор. Қазақстан әлемде өзін бейбітсүйгіш, ашық, сенімді мемлекет ретінде үлкен беделге ие және халықаралық істерде жауапты серіктес ретінде танылды. Қ.Тоқаев Сайлауалды бағдарламасында елімізге инвестициялар тартуда Қазақстанның осы уақытқа дейінгі халықаралық сенімін тиімді пайдаланатынын жеткізген-тұғын.
Мемлекет басшысы шетелдерге сапары барысында елімізге инвестиция тартуды басты назарда ұстады. Оны мынадан-ақ байқауға болады. Қ.Тоқаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне сапары барысында көптеген ауқымды келісімдерге қол қойылды. Атап айтқанда, мұнай-химия, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, қаржы және инвестиция салаларындағы өзара іс-қимылдар мен ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Бұдан бөлек, басқа да елдерге жасалған сапарлар кезінде инвестиция тарту мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ.
Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы саясатты «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай жүргізіп, оның тиімділігін барынша арттыруды тапсырды. Мұны орындаудың алғышарттары қалыптасты. Мәселен, Сыртқы істер министрі Үкіметте ерекше мәртебеге ие болып, Премьер-Министрдің орынбасары деңгейіне көтерілді. Әйтсе де, ведомство жұмысында кейбір кемшіліктер бар. Президент Қазақстанның сыртқа бағытталған жұмысында біртұтас, жалпы мемлекеттік стратегия жоқ екенін еске салды. Мемлекеттік аппарат ішіндегі байланыс, өзара ықпалдастық әлсіздігіне, кадр саясатындағы кемшіліктерге тоқталды. «Мысалы, қазір Жайық өзені тартылып барады. Қазақстанға жолданған жүк Қытай шекарасында тұрып қалды. Біздің кәсіпкерлеріміздің көрші елдер нарығындағы мүддесі ойдағыдай қорғалмай отыр. Осындай келеңсіздіктер халықтың тұрмыс сапасына және көңіл күйіне кері әсер етеді», деген Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі бағыттарды жүзеге асыру үшін тиісті жұмысты тың қарқынмен жалғастыруды тапсырды.
Құдайға шүкір, сындарлы саясаттың арқасында азаттық алғаннан соң алғашқылардың бірі болып мемлекеттік шекарамызды шегендедік. «Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның» қабылдануы – айтулы жетістік. Сондай-ақ стратегиялық серіктестеріміз – Ресей, Қытай және Орталық Азия елдерімен достық қатынасымыз қалыптасты. Қазақстан АҚШ-пен және Еуропалық одақ елдерімен стратегиялық байланыс орнатты.
Қорыта айтқанда, Қазақстан дипломатиясы көптеген мәселені, тіпті, аса күрделі халықаралық түйткілдердің өзін мәміле арқылы шешуге мүдделі екенін әлемге көрсетіп келеді. Мұндай тәжірибенің тиімділігіне шартарап бүгінде куә. Еліміздің сыртқы саясатындағы бағыттар Қазақстанның халықаралық беделін сақтап, әлемдік аренадағы рөлін күшейтетіні сөзсіз.