• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Коронавирус 24 Қараша, 2021

Пандемия кезінде әлемде 9 мың бала шетінеді

309 рет
көрсетілді

«Жасыл аймаққа» ауысқан Алматыда 22 қарашада 127 адамнан індет табылды. Бір тәулікте 14 адам айығып үйіне оралса, есесіне олардың орнын 38 науқас басты. Қазір елімізде індетке қарсы екпе қайтара салынып жатқаны белгілі. Халықтың бір бөлігі коронавирусқа қарсы екпенің алғашқы дозаларын алуға әлі күнге дейін жүрегі дауаламай отырғанда, енді бірі оны қайталап салдырып жатыр.

С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жұқпалы және тропикалық аурулар кафед­расының профессоры Равиля Егембердиева: «Вакцина жасау­шылар мен инфекционистердің бақылауына сәйкес, алты айдан кейін вакци­на­­ланған антиденелердің деңгейі тө­мен­­­деп, індетті қайта жұқтыру ық­ти­­малдылығы артады. Қазір коро­на­вирустың жедел жұғатын «дельта» нұс­қасы бар кезде, вакциналау мен ре­вакциналаудан өту өте маңызды», деді.

Алайда маман вакциналардың тиім­ділігі 80-90% екенін атай келе: «Бұл вакциналар аурудан біржола қор­ғайды дегенді білдірмейді. Әлемде ешқандай вакцина мұндай қорғаныс деңгейін қамтамасыз етпейді», дегенді қосты.

– Бірақ екпеден кейін ауырып қал­са­ңыз, ауру егілмегендерге қара­ғанда жеңіл өтеді. Вакцинаның толық курсы­нан кейін адам жұқты­ратын сирек жағ­дайда, оның вирустық жүктемесі әлде­­қайда аз. Сондықтан басқалар жұқ­­тырған кезде одан инфекцияның әлде­­қайда аз «дозасын» алады, – деп тү­сіндірді Р.Егембердиева.

Сондықтан ревакциналау қажет. Коронавирус жағдайында ревакциналау келесі аралықтарды сақтай отырып векторлық вакциналарды алғаннан кейін 9 айдан кейін, белсенді емес вакциналар мен м-РНҚ вакциналарынан кейін 6 айдан кейін жүзеге асырылады.

Профессор алғаш рет жаппай қай­та егуді қолға алған Израильді мы­сал­ға келтіре отырып, бұл шара осы елдегі коро­навирустың төртінші тол­­қы­нын тоқ­татуға көмектесті деп есеп­­­тейді. Р.Егем­б­ердиева қазір ре­вак­ци­­на­лау­дың қанша рет қажет еке­нін ешкім де а­йта алмайтынын, де­ген­мен оның қорғаныс құралы еке­нін атап өтті. Өз кезегінде балалар, жүкті және бала емізетін әйел­дерді вак­ци­н­алауға қатысты де­рек­­тер жеткі­лікті жинақталды деп есеп­­­тейтін С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жұқпалы және тропикалық ауру­­лар кафедрасының профессоры Кү­ләш Құрманова: «SARS-CoV-2 жаңа жұқпалы штамдарының пайда болуына байланысты қала тұр­ғын­дары барынша, соның ішінде кәмелетке толмағандар егілуі керек. Pfizer компаниясының «Комирнати» препаратының қауіпсіздігіне алаңдауға немесе күмәндануға негіз жоқ», дейді. Ол коронавирус пандемиясы бас­қа­ры­ла­тын кезде аяқталатынына сенімді. Бұл тек ұжымдық вакциналау мен ке­йін­гі ревакциналау барынша жүзеге асқанда орнығатын жағдай.

Алматы қаласы №15 емханасының педиатр-дәрігері Мөлдір Әкімжан да уақыт өте келе антиденелердің деңгейі төмендейтінін алға тарта отырып: «Израиль – екпе алып, эпидемиялық ахуалды тұрақтандырған алғашқы елдердің бірі. Алайда жазда «дельта» нұсқасы пайда болып, ел індетке қайта шалдыға бастады. Содан кейін ғалымдар мен дәрігерлер вакцинаның екінші дозасынан кейін 6 айдан кейін иммунитет анағұрлым жұқпалы «дельта» нұсқасының пайда болуы аясында айтарлықтай төмендегенін анықтады. Нәтижесінде, Израиль ревакциналау туралы шешім қабылдады», дейді.

Педиатр ревакциналау аясындағы ауқымды зерттеу деректері туралы «Зерт­теуге 60 жастан асқан 1 млн 144 мың­нан астам тұрғын қатысты. Олар­­­дың барлығы вакцинаның екі ком­по­нентін 2021 жылдың 1 наурызына дейін алды. Кейін олардың барлығы қайта вакциналанды. Үшінші екпе КВИ қайта жұқтыру ықтималдылығын 11 есеге, ал ауыр ағымды 15 есеге тө­мен­­­деткені анықталды», деді.

Педиатр дәрігер биыл балалар мута­ция­ланған «дельта» нұсқа­сы­ның пайда болуына байланысты коронавируспен жиі ауыра бастағанына тоқталды. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өткен жылы Алматыда 281 оқушы індет жұқтырса, бұл көрсеткіш биыл 15 039-ға жетті. Көптеген жағдайда ин­фек­ция үйден жұғады, отбасыларында жұқтыру – 22%.

– Тыным таппайтын, барып келетін жері көп балалар ересектерге вирус жұқтырады, қарт адамдар үшін вирус өте қауіпті. Сондай-ақ кез келген ин­фекция бір жасқа дейінгі сәби­лер­ге қауіпті. Сондықтан егер отбасында кішкентай бала болса, оны ай­на­ладағылардың бәрі COVID-19-ға қар­сы егілгені жөн. Коронавирус балаларда жиі ауыр болатынын түсіну керек. Пандемия басталғалы бері әлемде 9 мың бала қайтыс болды, – деді дәрігер.

Педиатр балаларда да постковидтік синдром ересектердегі сияқты жүреді дейді. Қорыта айтқанда, мамандар вак­циналанған адамдардың саны не­ғұрлым көп болса, вирустың таралуы мен мутация ықтималдылығы аз болатынына сенімді. Мәселен, дәрігерлер созылмалы аурулары бар балаларды вакциналау өте маңызды екенін қайта-қайта айтып отыр.

 АЛМАТЫ