Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитеті (ҰОК) осы жылдың қорытындысы бойынша Altyn Samgay-2021 сыйлығының иегерлерін анықтауға кірісті. Olympic.kz сайты арқылы сауалдама жүргізіліп, соның негізінде бірнеше аталым бойынша жеңімпаздардың есімдері белгілі болады. Марапаттау рәсімі келесі айдың бел ортасында, яғни ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі қарсаңында өтеді.
Күні кеше ҰОК-тың ресми сайтында жоғарыдағы сыйлықты алуға лайықты азаматтардың аты-жөндері жарияланды. Мәселен, жазғы спорт түрлері бойынша үміткерлер қатарында боксшы Сәкен Бибосынов, Қамшыбек Қоңқабаев, Теміртас Жүсіпов, дзюдошы Елдос Сметов, зілтемірші Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанло, еркін күрес шебері Нұрислам Санаев, каратэші Дархан Асәділов пен Софья Берульцева және әйелдер күресінің өкілі Жәмила Бақбергенова бар. Олардың барлығы да Олимпия ойындары және әлем чемпионаттары секілді аса ірі халықаралық жарыстарда табысты өнер көрсеткен спортшылар.
Қысқы спорт түрлерін серік еткендер арасынан биыл өткен байрақты бәсекелерде айрықша көзге түскен алты спортшының есімі аталды. Олар – фристайлшылар Юлия Галышева, Жанбота Алдабергенова, Павел Колмаков, конькиші Надежда Морозова және шорт-трекшілер Әділ Ғалиахметов пен Денис Никиша.
Бапкерлер де жазғы және қысқы спорт түрлері деп екіге бөлінген екен. Солардың арасынан Мырзағали Айтжанов пен Ғалымжан Жылкелдиевті ерекше атап өтсек болады. М.Айтжанов – бокстан Олимпия ойындарының қола жүлдегері және әлем чемпионы Сәкен Бибосыновтың жеке жаттықтырушысы. Ғ.Жылкелдиев – дзюдодан ұлттық құрамамыздың бас бапкері. Биыл Токиода қола медальды иеленген Елдос Сметов – дәл сол маманның төл шәкірті. Олардан бөлек Altyn Samgay-2021 сыйлығын алуы мүмкін бапкерлер тізімінен Александр Ким (спорттық гимнастика), Григорий Ким (садақ ату), Асқар Молдағали (каратэ), Елена Круглыхина (фристайл), Мәдіғали Қарсыбеков (шорт-трек) және Дмитрий Бабенконың (коньки) есімдерін кезіктірдік.
Жылдың ең үздік командасын да анықтау оңай болмайтын түрі бар. Себебі футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы мен волейболдан Өскеменнің «Алтай» клубы биылғы маусымда айтарлықтай табысқа қол жеткізіп, барша қазақстандық жанкүйерді қуантты. Атап айтсақ, футзалшы жігіттер дүниежүзілік доп додасында төртінші орынға табан тіресе, волейболшы қыздар Азияның клубтық чемпионатында алтыннан алқа тағып, әлем чемпионатында өнер көрсету құқығына ие болды. Олардан бөлек, қол добынан еліміздің әйелдер құрамасының да қазіргі қарқыны жаман емес. Жоғарыда аталған сыйлықтан олардың да дәмесі бар.
Дүбірлі додаларда айрықша талантымен оқшауланып жүрген жас спортшылардың да қатары қалың. Дауыс беру нәтижесінде Анастасия Городко (фристайл), Милад Карими (спорттық гимнастика), Елена Рыбакина (теннис), Нилуфар Раимова (әйелдер күресі), Әмір Зәкіров (брейк-данс), Махмұд Сабырхан (бокс) және Нұрқанат Әжіханов (каратэ) сынды спортшылардың бірінің бақ жұлдызы жанатыны анық.
Сонымен қатар «Үздік федерация», «Үздік өңір», «Паралимпиадашылар арасынан үздік бапкер мен спортшы», «Үздік медицина маманы», «Үздік кешенді-ғылыми топ» және тағы басқа аталымдар бойынша да үздіктер анықталып, тиісті марапатқа ие болады.