Салық – елді өркендетудің маңызды бөлшегі. Салық түсімдерінің есебінен мемлекет қазынасы толығып, бюджет жоспарланады. Бұл саланың да өз даму тарихы бар. Тәуелсіз Қазақстанның салық жүйесінің қалыптасқанына да биыл 30 жыл толып отыр. Оның негізі 1991 жылдың соңында қабылданған 16 жалпы мемлекеттік, 10 міндетті және 17 жергілікті салықты көздейтін заңдармен қаланды.
Салт жүргендерге де салық міндеттелген
1991-1993 жылдары айналым салығының орнына құн салығының енгізілуі елеулі жаңалық болды. Бұл сол кезде республика бюджетін жеткілікті түрде кепілдендірілген табыс көзімен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Осылайша, акциздерді қоса алғанда, жанама салықтардың үлесі шамамен 40 пайызды құрады.
Тарихқа үңілсек, түрлі мемлекеттік бетбұрыстарға, оның ішкі және сыртқы саясатына байланысты салық жүйесі де өзгеріп отырған. Мысалы, Ұлы Отан соғысы кезеңінде соғыс салығы деген болған. Тіпті бойдақ жүргендерге де, баласы аз шағын отбасыларға да салық салынған. Бертінде де бойдақтарға салынатын салықты қайта қолданысқа енгізу керек деген ұсыныстар айтылғаны елдің есінде болар? Әсіресе демограф-ғалымдар мұндай салық түрі ел демографиясына әсер етіп, салт жүргендердің санын азайтады деген пікірін алға тартты. Кейін әлеуметтік наразылыққа байланысты бұл мәселе «жабулы күйінде» қалды.
60-жылдары қаржы органдары салықтық тізімдерді қолдан жасап, онда салық төлеушілер туралы ақпарат жеке жинақталған. Әр тұрғынның атында қандай мүлкі, қанша табысы бары есепке алынып, салықты қолмен жинаған. Ол кезде салықшылардың қызметін жалақы төлейтін кәсіпорындар мен ұйымдар атқарған.
«Ал қайта құру кезеңінде (1985-1991жж.) салық жүйесі толықтай өзгертіліп, өзін өзі қаржыландыратын және шаруашылық есептегі кәсіпорындардың маңызы өскен. Нарықтық экономикаға көше бастаған уақытта кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдірген азаматтардың өсуіне байланысты оларды ынталандырудың жаңа салықтық шаралары әзірлене бастаған. Сол уақытта жеке кәсіпкерлікпен айналысу құқығын беретін патент үшін төлем белгіленіп, ең алғаш рет кәсіпкерлікпен айналысуға рұқсат құжаты беріле бастаған. Бұл ретте салынатын салық мөлшері кәсіпкердің табысына және қоғамдық мүдделерге байланысты белгіленген, ал патент құнын төлеген азаматтар табыс салығынан босатылған. Мәселен, кәсіпкерлерге салынатын табыс салығының мөлшерлемесі 35 пайыз болса, басқа табыстардан және қызметкерлердің жалақысынан ұсталатын табыс салығының мөлшерлемесі 50 пайыз болған. Осының барлығы сол кезде елдегі дағдарыспен, бюджет тапшылығымен, кәсіпорындардың жартысы дерлік банкроттыққа ұшырауымен тұспа-тұс келді», дейді Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Әли Алтынбаев.
Жалпы, 1990-жылдары нарықтық экономика негіздерін құру мақсатында бірқатар заң қабылданып, оның ішінде Одақтың құрамына енген республикалардың бюджет және салық саласындағы құзыретін арттыратын заңдар қабылданды. Бұл заңдар одақтас елдерде дербес республикалық және жергілікті бюджеттерді қалыптастырды және осыған дейін қолданыста болған ескірген ортақ жүйені біртіндеп жоя бастады. Қазақ елі де егемендігін алғаннан кейін 1991-1995 жылдар аралығында бірқатар заң қабылдап, соның негізінде жаңа салық жүйесі қалыптасты.
Жас мемлекеттің жаңа қадамдары
1991 жылдың 25 желтоқсанынан бастап елімізде салық жүйесі жұмыс істей бастады. Ол «Қазақстан Республикасындағы салық жүйесі туралы» Заңға негізделді. Бұл заң салық жүйесін құрудың қағидаттарын, салықтар мен алымдардың түрлерін, олардың бюджетке түсу тәртібін белгілеген алғашқы құжат еді. Осы заңға сәйкес Қазақстанда 1992 жылғы қаңтардың 1-нен бастап 13 жалпы мемлекеттік салық,18 жергілікті салық мен алым енгізді.
– Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы жылдарында жас мемлекеттің алдында тұрған сынақтар аз болған жоқ. Бұл экономикалық коллапс еді және бір кездері біртұтас экономикалық кеңістікті құрған субъектілер арасындағы байланыстардың үзілуінен туындаған дағдарыс болды. Осылайша, экономикамыздың нарықтық жүйеге көшу кезеңінде басқарудың барлық жүктемесі салық қызметіне түсті. Одақтан мұраға қалған салық жүйесі, әрине, бюджетті қалыптастыру және мемлекеттің салық төлеушілермен қарым-қатынасын реттеу функцияларын толық орындай алған жоқ. Осыған байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдың 9 шілдесінде «Қазақ КСР Мемлекеттік салық қызметін құру туралы» №380 Жарлық қабылдады. Бұл шешім нарықтық жүйенің экономикалық тетігін қалыптастыратын мемлекеттік органды құру туралы дер кезінде қабылданған еді, – дейді Ә.Алтынбаев.
Президенттің осы Жарлығының негізінде ел Үкіметі екі ай ішінде «Қазақ КСР Мемлекеттік салық қызметінің мәселелері» деген қаулыны әзірлеп, қабылдаған. Жаңадан құрылған салық қызметі мемлекеттік орган ретінде құрылып, мемлекеттік Бас салық инспекциясы деп аталды. «Тиімді салық жүйесін қалыптастыру үшін ең алдымен, жаңа салық заңнамасын әзірлеу қажет болды. Ол үшін салықтандырудың халықаралық тәжірибесі мұқият зерттелді. Зерттеу жұмыстарына түрлі халықаралық ұйымдар көмектескенін атап өту қажет. Олардың ішінде Халықаралық валюта қоры, Халықаралық салық қоры, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, сондай-ақ салық мәселелері бойынша беделді халықаралық мамандар, тағы басқалар бар. Жаңа заңнаманы әзірлеу жұмыстарының барысын сол кезде Қазақстанда қызметін жүзеге асырып отырған шетелдік инвесторлар бақылап отырды», дейді Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы.
Әрине қысқа мерзім ішінде мемлекеттің дамуында маңызды рөл атқаратын салық жүйесіне түбегейлі өзгерістер енгізу оңай емес. Дегенмен салық жүйесін жетілдіру мақсатында сол кездегі барлық мүмкін шаралар қолға алынған.
«1995 жылдың басында салық заңнамасы Қазақстан Президентінің үш Жарлығынан және 45 заңнан тұрды. Осы заңнамалық актілердің 18-і салық қатынастарының жүйесін, салық түрлері мен салық салу тәртібін, 11-і бюджеттен тыс қорлардың қызмет ету тәртібін және олардағы қатынастарды, қалғандары салық жеңілдіктерін қолдануды реттеу үшін қабылданды. Алайда бұл өзгерістердің бәрін «салықтық реформа» деп айтуға болмайтын, себебі заңнамалық база негізінен социалистік экономика принциптерін қайталайтын. Салық жүйесінің күрделілігі, салық ставкаларының тым жоғары болуы қажетті экономикалық өзгерістерге кедергі келтірді. Сол себепті салық заңнамасын өзгерту қажет болды. Ол заманға бейімделген, қарапайым, бірегей, экономикалық бейтарапқа сәйкес келетіндей болуы шарт еді. Міне, осыған байланысты Қазақстан Президентінің «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (1995 жылғы 1 шілде) Жарлығы әзірленіп, қабылданды. Онда салық төлеушілердің салық жүктемесі төмендетіліп, 43 салықтың орнына 11 салық белгіленді», дейді Әли Сапарғалиұлы.
Халықаралық тәжірибені зерделеген мамандар 2000 жылдардың басында салық жүйесіне небір жаңашылдық енгізген. Егеменді елдің жаңа ақпараттық салық жүйесі түзіліп, салық төлеушілер міндетті төлемдерін банк қызметтері арқылы төлеуге мүмкіндік алды. Бизнес-процестері де автоматтандырылды. Ал 2002-2008 жылдары Қазақстан Республикасының заңнамасына алғашқы кодификацияланған актілердің бірі болып Салық кодексі қабылданды. «Қазақстан ТМД елдерінің ішінде алғашқы болып Салық кодексін қабылдағанын атап өткен жөн. Салық кодексі ең алдымен бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай туғызып, мемлекет пен салық төлеушілердің мүдделерін оңтайлы үйлестіруге бағытталды», дейді Комитет төрағасы.
Бюджетті қалыптастырудың қуатты құралы
Қазақстанда қазір салықтың 11 түрі бар: корпоративтік табыс салығы; жеке табыс салығы; қосылған құн салығы; акциздер; экспортқа рента салығы; жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы төлемдері мен салықтары; әлеуметтік салық; көлікке салынатын салық; жер салығы; мүлік салығы және ойын бизнесі салығы.
Салықтардан бөлек, мүліктерді немесе әрекеттерді тіркеу барысында бюджетке төленуге тиісті тіркеу алымдары, баж алымдары мен төлемақылар бар. Олардың бюджетке түсуін осы тіркеу жұмыстарымен айналысатын уәкілетті органдар қамтамасыз етеді.
«Салық және кеден қызметтері жылдан-жылға дамып, фискалдық органнан бюджетті қалыптастырудың және мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қуатты құралына айналды. Даму жолында отандық кәсіпорындар үшін де, шетелдік кәсіпорындар үшін де қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру мақсатында салық және кеден заңнамасы жетілдірілді. Оның ішінде салық жүйесі 2008-2017 жылдары қайта қаралып, экономиканы әртараптандыру, көлеңкелі экономиканы төмендету шаралары, жер қойнауын пайдаланушыларға салық жүктемесін ұлғайту және шикізаттық емес секторға салық мөлшерлемелерін төмендету шаралары жүргізілді», дейді Ә.Алтынбаев.
Қазір елімізде үшінші Салық кодексі қолданыста. Ол 2017 жылдан бастап енгізілген. Бұл заңнама мемлекеттік аппарат пен бизнестің либералды салық салумен бірлескен жұмысының нәтижесі, дейді мамандар. Салық кодексінде шағын бизнесті салықтық реттеу жүйесін жетілдіруге бағытталған бірқатар прогрессивті шара көзделген. Олардың ішіндегі ең маңыздысы – шағын бизнес субъектілеріне, шаруа қожалықтарына, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші заңды тұлғаларға берілген салық жеңілдіктері екен.
Қолданыстағы салық заңнамасы, бір жағынан, салық төлеушілерді салық тәртібін сақтауға шақырса, екінші жағынан, салық жүйесін неғұрлым ашық етуге, салық жүйесінің тұрақтылығы мен әділдігіне деген азаматтардың сенімін ұялатуға негізделген. Нәтижесінде, салық төлеуші мен мемлекет мүдделерінің тепе-теңдігін сақтап, бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайтуға мүмкіндік беретін жүйе қалыптасты.
Жалпы, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері салық түсімдерінің оң динамикасы байқалған. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда 1998 жылы мемлекеттік бюджетке түскен түсімдер 216 млрд теңгені құраған. Ал 2000 жылы – 524 млрд теңге, 2010 жылы – 5,2 трлн теңге, 2020 жылы – 10 трлн теңге ел қазынасына түскен.
Аталған кезеңде салықтық және кедендік түсімдердің 50 есеге дейін өскенін байқауға болады. Бұл – ел экономикасының қарыштап дамуы мен салық салынатын базаның өскенінің дәлелі.
Бүгінде мемлекеттік кірістер органдары цифрландыруға да ден қоя бастады. Осы салада электронды түрде көрсетілетін қызметтердің саны жылданжылға өсіп келеді. Мәселен, бір жылда көрсетілген 15 млн қызметтің 98 пайызға жуығы электронды түрде көрсетілген.
Қазіргі уақытта кеден декларацияларының – 100 пайызы, салық декларацияларының 99 пайызы электронды түрде тапсырылады. Ал 2020-2021 жылдары қызметтердің бірқатары Мемлекеттік кірістер комитетінің мобильді қосымшалары арқылы көрсетіле бастады.
Салық жүйесін цифрландырудың ең жемісті тетіктерінің бірі – «Электронды шот-фактуралар» ақпараттық жүйесі. Мұнда шаруашылық субъектілерінің барлық мәмілесі тіркеліп отырады.
Бұл жүйеде кәсіпорындар әртүрлі бухгалтерлік құжаттарды электронды түрде рәсімдей алады. Жүйе кәсіпкерлердің қағаз құжаттарын жүргізуге байланысты жұмсалатын біраз шығындарын қысқартты, дейді мамандар. Әсіресе локдаун кезінде салық төлеушілер арасында аталған сервистің колданушылары күрт өсті. Кәсіпкерлерге ыңғайлы болу үшін жүйенің мобильді қосымшасы да әзірленіп, жұмыс істеп жатыр.
Бүгінде «ЭШФ» ақпараттық жүйесінде 665 мың қолданушы тіркеліп, 762 млн-нан аса электронды шот-фактура өңделген. «Біз бұрын тауарды жеткізуші мен сатып алушы арасындағы мәмілені есепті кезең біткенде ғана көретінбіз, ал қазір «ЭШФ» жүйесінің арқасында онлайн режімде барлығы қолжетімді. Жүйе енгізілген жылы қосылған құн салығынан қазынаға түскен түсімдер 1,5 есе өскен. Яғни ҚҚС бойынша әкімшілендіруде қол жеткізілген үлкен нәтиже ретінде тауарсыз мәмілелерді жасауды, салық төлеуден жалтарып жүрген кәсіпорындарды онлайн анықтауға мүмкіндік алғанымызды атап өтер едік», дейді Комитет төрағасы
Электронды шот-фактуралардан бөлек, Мемлекеттік кірістер комитетінде 14 млрд-тан астам цифрлы құжат өңделген. Оның ішінде бақылау-касса машиналарының түбіртектері, үшінші тұлғалардан алынатын 15 деректер қоры, салық есептілігі мен кедендік декларациялар да бар.
Әр отбасы өз бюджетіне, табысына қарай күнделікті тұрмыс-тіршілігін, жүріс-тұрысын жоспарлайтыны белгілі. Мемлекет те сол сияқты. Салық түсімдері мен төлемдері елдің әрі қарай дамуына әсер етеді. Бірде-бір мемлекет экономикалық мүдделерін қорғамай, салық және кеден заңнамасының сақталуын бақыламай және бюджет түсімін қамтамасыз етпей, өмір сүре алмайды. Осы тұрғыдан алғанда мемлекеттік кірістер органдарына миллиондаған қазақстандықтың әл-ауқаты үшін үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Ел тұрғындары да ұлттың болашағы үшін жауапты. Сондықтан салықты уақтылы төлеу – азаматтардың да маңызды міндеті.