Сенатта «Қазақстан Республикасының сыртқы және ішкі саудасы салаларындағы заңнамалық базаны жетілдіру мен тиімді саясатты іске асыру» тақырыбына арналған Үкімет сағаты өтті.
Сенат Төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров Үкімет сағаты отырысын аша келіп, Қазақстанның сауда саласында жүйелі проблемалар, оның ішінде көлеңкелі тұстары да бар екенін атап өтті. «Ішкі сауданың белсенді өсуін қамтамасыз етуге, бизнесті ел экспортының өсуіне бағдарланған жоғары сапалы өнім шығаруға ынталандыруға негізделген, дұрыс жолға қойылған сауда саясаты көптеген елдің тиімді экономикалық дамуының кепіліне айналды. Мемлекет басшысы Қазақстанның сауда-логистикалық әлеуетін нығайту, отандық өнімді өткізетін нарықтарды кеңейту және нарықты отандық өніммен молықтыру үшін жағдай жасау қажеттігін бірнеше рет атап өтті. 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында Президент экономиканы әртараптандыру, өндірілетін тауарлардың номенклатурасын және экспорттың географиясын кеңейту жөнінде міндет қойды», деді Н.Әбдіров.
Сенат Төрағасының орынбасары Қазақстан экономикасының құрылымында сауда негізгі секторлардың бірі екенін еске салды. Оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі шамамен 15 пайызды құрайды. Бұл сала шамамен 1,5 млн адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. «Коронавирус пандемиясы жаһандық сауда байланыстарын едәуір әлсіретіп, еліміздің сауда жүйесінің дамуына әсер етті. Сыртқы сауда айналымы 2019 жылға қарағанда 12 пайызға төмендеп, 2020 жылы 86,5 млрд долларды құрады. Бұл ретте экспорт – 18, импорт 2 пайызға төмендеді. Сонымен бірге пандемия сауда секторы үшін жаңа мүмкіндіктер ашты, елдер арасындағы шекараны жоя отырып, сауданың дәстүрлі форматтарын біртіндеп ығыстыратын онлайн-сауданың қарқынды дамуына түрткі болды. Мәселен, 2020 жылы Қазақстанда интернетте сатып алудың жалпы көлемі 960,8 млрд теңгені құрады. 2019 жылмен салыстырғанда 2,2 есе өсім көрсетті. Биыл теріс үрдістерге қарамастан, Қазақстан сыртқы саудадағы оң динамиканы сақтап қалды. 2021 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша экспорт 16 пайызға, импорт 2,2 пайызға өсті. Қазақстанның ішкі сауда көлемі де артты. Бөлшек сауда 6, көтерме сауда 11 пайызға өсті», деді Сенат Төрағасының орынбасары.
Сонымен қатар ол отын-энергетикалық тауарлар, атап айтқанда экспорт көлемінің мұнай және мұнай өнімдері бұрынғыша қазақстандық экспорттың негізін, 51,5 пайызын құрап отырғанын жеткізді.
Палата Төрағасының орынбасары ЕАЭО елдерінің аумағында қазақстандық тауарлардың экспорты мен транзитіне әлі де шектеу бар екенін атап өтті. Сондай-ақ отандық нарықтағы сертификаттарды техникалық реттеуде, қазақстандық сертификаттың басқа елдерде, оның ішінде ЕАЭО-да мойындалмауына байланысты проблемалар бар. Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, оны шешу Қазақстанның сыртқы және ішкі саудасын одан әрі дамыту үшін аса маңызды. «Басқа елдерде, оның ішінде ЕАЭО елдерінде біздің сертификаттар мойындалмай, отандық нарықта техникалық реттеумен байланысты проблемалар орын алып, «күмәнді» сертификаттардың үлесі басым болып тұр. ЕАЭО елдерінің аумағы арқылы қазақстандық тауарлардың экспорты мен транзитіне шектеу де бар», деді Н.Әбдіров.
Сенат Төрағасы орынбасарының сөзіне қарағанда, жүктерді әкелу мен әкетуді шектеуде Қытаймен де жүйелі проблемалар бар. Қазақстандық кәсіпкерлер әлі күнге дейін шешімін таппаған бұл мәселені бірнеше рет көтерді. Мұны реттеу қажеттігін Мемлекет басшысы да атап көрсеткен. «Ішкі саудада инфрақұрылымның жеткіліксіз деңгейде дамып отырғанын атап өтуге болады. Оның ішінде сауда және қойма объектілерінің жетіспеушілігін, жалға алу құнының және жылжымайтын мүлік объектілері мен жер бағасының жоғарылығын, коммуникациялар жүргізу құнының қымбат болуын атап өткен жөн», деді Н.Әбдіров.
Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Дәурен Әділбеков өз кезегінде еліміздің сыртқы және ішкі саудасын дамыту Палата үшін басым мәселелердің бірі екенін атап өтті. Ол бүгінгі таңда қажетті тиісті заңнамалық база әзірленіп, мемлекеттік қолдау жүйесі жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Алайда сенатордың айтуынша, депутаттардың кәсіпкерлермен кездесуі кезінде айтылған, әйтсе де шешімін таппаған мәселелер әлі де бар. «Кездесу барысында бизнес субъектілері отандық нарықта импорттық, көбінесе сапасы төмен өнімдердің қаптап кетуі және жалған сертификаттар мәселесін көтереді. Сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту деңгейінің төмендігі, жалға алу құны мен жылжымайтын мүлік объектілері бағасының жоғары болуы ШОБ-тың ірі сауда орталықтарына қолжетімділігін шектеуге алып келеді», деді Д.Әділбеков.
Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов депутаттардың дәлелдерімен келісе отырып, сауданың тиімді дамуына бірқатар проблема кедергі болатынын, оның ішінде сауданың қазіргі заманғы түрлері мен сипаттарының аздығы, сапалы сақтау инфрақұрылымының жетіспеушілігі мен сауда-логистика тізбегінің объектілерін үйлестірудің жоқтығы ауыл шаруашылығы өнімдерін ауқымды шығынға, делдалдың көбеюі мен бағаның негізсіз өсуіне алып келетінін жеткізді. «Шикізаттық емес тауарлар мен қызметтер экспортында оң динамика байқалады. Атап айтқанда, 2021 жылдың 9 айының қорытындысында шикізаттық емес тауар экспорты 14 млрд долларды құрады. Бұл 2020 жылдың 9 айымен салыстырғанда 25,6 пайызға көп. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда қызметтер экспорты 2,4 пайызға артып, 2,7 млрд долларға жетті», деді министр.
Б.Сұлтановтың сөзіне сүйенсек, шикізаттық емес тауарлар экспортының артуына Үкімет жүргізіп отырған проактивті экспорттық саясат оң септігін тигізген. Ол шамамен 20 қаржылық және қаржылық емес құралды қамтиды. «Осы жылдың 9 айында 74 экспорттаушыға 119 млрд теңгенің жеңілдетілген несиесі ұсынылды. 158 экспорттаушының 5,9 млрд теңге шығысы өтелді. 69 экспорттаушыға 105 млрд теңгеге сақтандыру қолдауы көрсетілді. 200-ден астам экспорттаушы консультациялық-сараптамалық қолдау алды», деді Б.Сұлтанов.
Ведомство басшысы Үкімет сағатының қатысушыларына бүгінгі көріністер мен қазіргі проблемаларды ескере отырып, министрлік Қазақстанның сыртқы және ішкі саудасындағы жағдайды жақсарту жөнінде кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Сенатор Д.Әділбеков Үкімет сағатының жұмысын қорытындылай келіп, кездесу барысында айтылған ұсыныстар мен ұсынымдар Үкіметке жіберілетінін атап өтті.