• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 25 Қараша, 2021

Германия үкіметін үш партия жасақтайды

451 рет
көрсетілді

Германияның келесі үкіметі желтоқсанның басында жасақталмақ. Бұл туралы парламентте коалиция құруға талпынып жатқан пар­тия­лар мәлімдеді. Осылайша, Социал-демократиялық партия (SDP), «Жасылдар» (Grune) және Еркін демократтар (FDP) бун­дес­­тагтағы көпшілік саналмақ. Ал сайлауда жеңіске жеткен SDP пар­тиясының өкілі Олаф Шольц канцлер лауазымына кірі­се­ді.

«Мақсатымыз анық. Алдағы апталарда коалициялық келісімді аяқ­тауымыз керек. Өйткені кейбір мә­се­леде пікіріміз ортақ болып, тез уағдаластық», деді Социал-де­мок­раттардың бас хатшысы Ларс Клингбейл.

Л.Клингбейлдің пікірін оның әріптестері де қостап отыр. Жур­на­листерге сұхбат берген FDP өкілі Волкер Виссинг келіссөздің сәтті жүріп жатқанын жеткізген. Оның айтуынша, партиялар келесі аптада қалған мәселелерді пысықтап, біржола келісімге келуі тиіс.

Сондай-ақ «Жасылдар» партия­сы­ның өкілі Майкл Келлнер үш партияның конструктивті және жақсы атмосферада келіссөздер жүр­гізіп жатқанын атап өтті. Оның сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда мәмі­ле­ге келу үшін 300-ге жуық саясат­кер 22 жұмыс тобына бөлініп, қа­занның ортасынан бері жұмыс істеп келеді.

Мәміле жасалғаннан кейін оны әр партия өздерінің жалпы жиы­­нында талқылайды. «Жа­сыл­дар» партияның барлық мүше­сі­­мен ке­ңе­суді жоспарлап отыр. SDP 4 жел­тоқсанға кезектен тыс пар­тия­лық конференция белгі­ле­­ді. Жиын ке­зін­де коалицияны қа­был­дау-қа­был­­дамау мәселесі қа­ра­­л­ады. FDP бұл құжатты 5 жел­тоқ­­санда өтетін жиын­­да талқы­ла­мақ.

Мұның бәрі Олаф Шольц үшін оңтайлы болмақ. Өйткені ол 6 желтоқсанға, яғни Әулие Николай күніне дейін үш партияның басын қосып, ортақ мәмілеге келуге уәде берген-тұғын. Ендеше, Олаф мыр­заның келесі канцлер атануға мүмкіндігі мол.

Естеріңізде болса, қыркүйекте Германияда парламенттік сайлау өткен болатын. Дауыс санау нә­ти­жесі бойынша солшыл ба­ғыт­­тағы Социал-демократиялық партия (SDP) жеңіске жетті (25,7%). Бұған дейін билікте басым дауысқа ие болып келген Христиан-демо­кратия­лық одағы (CDU) екінші орынға тұрақтады. Екінші орын­дағы Христиан-демок­ратия­лық партиясын халықтың 24,1 пайызы қолдаған. Осылайша, 16 жыл бойы бун­дестагта көпшілік мандатты ие­ле­ніп келген CDU жеңіліске ұшы­ра­ды.

Үшінші орын «Жасылдар» пар­тия­сына бұйырды. Олардың ен­ші­сіне бюллетеньдердің 14,8 па­йызы тиесілі. Бұған дейінгі сайлау нәтижесіне қарағанда аталған партия көбірек дауыс жинады. Сөйтіп, бун­дестагтағы мандат санын екі есеге көбейте алды. Бұл – неміс хал­­қының қоршаған ортаға алаңдай бас­тағанын көрсетеді.

Бұған дейін Христиан-демо­кра­­тиялық одағы мен Социал-де­мок­ратиялық партия коалиция құ­рып, парламентті басқарған еді. Ол кездері CDU сайлауда озық шығатын. Оның үстіне партия­ны Ангела Меркель басқарды. «Немістердің анасы» атанған оның ел ішіндегі беделі жоғары екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан SDP үшін Христиан-демократиялық ода­ғымен коалиция құру тиімді болатын.

Енді бәрі өзгерді. Біріншіден, Социал-демократиялық партия сай­лауда жеңіске жетті. Иә, айыр­ма­шылық үлкен емес. Бірақ бундестагты басқаруда бұл үлкен рөл ойнайтыны түсінікті. Партияның жетекшісі Олаф Шольцтің халық арасында беделі жоғары. Бертінге дейін ол Германияның вице-канц­ле­рі, қаржы министрі қызметін атқарды.

Екіншіден, елді 16 жыл басқар­ған Ангела Меркель сайлауға қа­тыс­қан жоқ. Әрине, кімге болсын Бун­десканцлер ғана емес, бүкіл Еуропаның канцлері саналатын Ангела Меркельдің орнын басу қиын.

Жалпы, Германиядағы парламент сайлауы басқа елдерден өзгеше. Таяуда енгізілген жаңа жүйе бойынша электорат бір бюллетень арқылы екі дауыс беру құ­қығына ие. Әуелі жергілікті өкіл­ді сайласа, екіншісі арқылы үкіметті құратын партияға дауыс береді. Бірінші дауыс беру арқылы аймақтардан сайланған 299 үміткер бундестаг депутаты атанады.

Электораттың екінші дауысы­мен сайланған партияның үле­сі арқылы парламенттің қалған мүшелері анықталады. Мысалы, бір партияға халықтың 30 пайызы екінші дауысын берсе, онда сол партияның үкіметтегі орын саны 30 пайызға тең болуға тиіс. Сондықтан әр сайлауда бундестаг мүшелерінің саны өзгеріп отырады. (Қазіргі 19-шы Парламентте 709 депутат бар).

Сайлау аяқталғаннан кейін бір айдың ішінде үкімет мүшелерінің жасырын дауыс беруі арқылы жаңа канцлер анықталады. Бәрі сәтті өтсе, Германия президенті оны тағайындау жөнінде жарлық шы­ға­рады. Осылайша, жаңа канцлер қызметіне кіріседі.

Әзірге ресми түрде Ангела Меркель толық қызметінен кетіп, оның орнын Олаф Шольц баспаса да, ол канцлерлік міндетке білек сыбанып кірісіп кетті. Таяуда ол бундестаг отырысында парламент мүше­лерін елдегі эпидемиялық ахуал­ға қатысты батыл шешім қа­был­­дауға шақырды.

Қазіргі таңда Германияда коронавирус індеті қайта өршіді. Robert Koch институты таратқан мә­лі­метке сүйенсек, 11 қарашада вирус жұқтырғандар саны 50 мың­нан асып кетті. Ал 18 қарашада нау­қастар саны 64 мың адамға жетті. Бұған дейін қауіпті дерттің тыр­на­ғы­на ілінгендер мұншалықты көп тіркелген емес еді. Сондықтан О.Шольц қоғамдық орын­дарда бетпердені 

міндетті түр­де кию, тестілеуді ұлғайту, шектеу шараларын күшейтуді сұрап отыр. «Халық вакцина салу мүм­кіндігін пайдаланған жоқ. Германия мұндай мін­детті ережелерден бас тарта алмай­ды», деді ол бундестагта сөй­ле­ген сөзінде.

О.Шольцтің айтуынша, екпе алуға қарсылардың жүргендер арасында жарнамалауды жалғастыра беру керек. Сонымен қатар екпе салдырушылар санатына кіре­тін­дердің бәрін вакцинамен қам­та­масыз етіп, те­гін тестілеуді қайта енгізуге үн­деді.

Германияның ауруларды ба­қы­лау агенттігінің хабарлауын­ша, коронавирустың таралуын азайту үшін түбегейлі шаралар қабылданбаса, Рождество ке­­­зін­де жағдай ушығып кетеді. Ро­берт­­ Кох институтының басшы­сы Лотар Вилер осы бастан шара қол­данылғанымен, вирус жұқ­тыр­ғандар саны қазіргіден де кө­бейе­ті­нін мәлімдеді. Сондықтан елді ауыр кезең күтіп тұр.

Партиялар келіссөзі кезінде коронавирустан басқа да тал­қылануға тиіс мәселелер же­терлік. Мәселен, коалиция жа­һандық жы­лынуға қатысты нақты саясат ұс­тануы тиіс. Атап айтқанда, таза энергетикалық инфра­құ­ры­лым­ға инвестиция салу, жанар-жа­ғармаймен жүретін кө­лік­те­рінен бас тарту және көмір өн­діруді тоқ­тату секілді мәселелер күн тәр­тібінен түспейді.

Бұған дейін үш партия да бұл мақсатқа жетуді ортақ міндетіміз деп санайтынын жеткізген еді. Сондай-ақ көмір өндірісін тоқ­та­туды межелі мерзімнен сегіз жыл бұрын, яғни 2030 жылы жүзеге асыруды жоспарлап отырғанын хабарлады. Бірақ партиялар арасында қарама-қайшылық тудыратын бір мәселе бар. «Жасылдар» партия­сы климаттың өзгеруіне ықпал ететін өндірістерге субсидия беруді тоқтатуға үндеп жүр. Алайда FDP бұған ниетті емес.

Салық және мемлекеттік қарыз да партиялардың бас қатыратын дау­лы мәселесінің бірі. Өткен айда тараптар «қарызды тежеу» шарасын ұстанатынын мәлімдеген. Соған сәйкес мемлекеттік қарызды өтеу кезінде бюджет тапшылығы ішкі жалпы өнімнің 0,35 пайызынан аспауға тиіс.

Партиялар сыртқы саясат пен қауіпсіз­дік мәселесін естен шығар­ған емес. Рас, сайлау науқаны ке­зінде бұған аса назар сала қойған жоқ. Өйткені партиялар элек­тораттардың дауысын жинау үшін әлеу­меттік мәселелерге бас ауыртуы қажет еді. Енді, сыртқы саясатты да ойланатын кез жетті.

Бұл тұрғыда Германияда түйт­­­кілдер жеткілікті. Мәселен, «Сол­­­тү­с­тік ағын – 2» жобасы қа­шан іске қосылмақ? Қытайға қа­тыс­ты немістер қандай саясат ұстануға тиіс? Еуропалық одақтың ын­ты­мақтастығын кеңейту, қару-жарақ экспортын шектеу саясатын жүргізу, заңды көші-қон секілді мәселелер де назардан тыс қалмақ емес.

Қызу талқыланатын тағы бір мә­­селе – уранды байыту. Яғни Германия атом энергиясын өн­д­і­ре ме, әлде АЭС салу жос­па­рынан түбегейлі бас тарта ма? Оқ­тұм­­сық­тарды тастауға қа­білетті жаңа ұшақтар сатып алу қажет пе? Өйт­кені Германияның ядролық бом­­балаушы ұшақтары тозып ба­ра­ды. Ал тура жон арқасы – Ка­лининградта Ресейдің базасы тұр. Сондай-ақ НАТО-мен әріптестік кезінде басымдық берілетін мәселе­лер де маңызды.

Қорыта айтқанда, Германия үкіметін жасақтайтын партиялар үшін дәл қазір тағдыршешті кезең болмақ. Алдағы екі апта көлемінде ел үшін маңызды шешімдер қабыл­да­нады.