Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Жиын барысында депутаттар бірқатар заң жобасын қарады. Атап айтқанда, Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Сенаторлар «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда қарап, құжатты қабылдады. Заң жобасына Парламент депутаттары бастамашылық жасады.
Құжаттың басты мақсаты – азаматтар мен бизнесті қолдау. Соған байланысты құжатқа жеке тұлғаның жалғыз баспанасын кепіл ретінде қабылдауға шектеу қоятын норма енгізілді. Бұдан басқа, жеке салық төлеушілерге алдағы төлемдер мен салық берешегі туралы, оның ішінде банктердің мобильді қосымшалары және «Азаматтарға арналған үкімет» КеАҚ арқылы хабарлау міндетті болады.
Заң жобасы жөнінде сенатор Ғұмар Дүйсембаев баяндама жасады. Оның айтуынша, құжат Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында айтылған жекелеген тапсырмаларды іске асыру мақсатында әзірленген. Соған байланысты бірнеше өзгеріс қарастырылған. «Бірінші, ең төменгі жалақыны айлық есептік көрсеткішке ауыстыру жолымен оны есептік көрсеткіш ретінде пайдалануды алып тастау ұсынылады. Бұл жеке табыс салығы бойынша стандартты шегерімді және әлеуметтік салық бойынша ең төменгі салық салынатын базаны айқындауға қатысты. Екінші, шикізат экспортынан түскен валюталық түсімнің кемінде 50 пайызын шетел валютасын теңгеге айырбастайтын бизнес субъектілері тауарларды экспорттаған кезде 80 пайызға дейінгі мөлшерде қосылған құн салығын жеңілдетілген тәртіппен қайтару ұсынылады. Кәсіпкерлік субъектілерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. Үшінші, Салық кодексінде 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында тауарлар мен қызметтер көрсететін шетелдік интернет-компаниялардың қосылған құн салығын тіркеу мен төлеудің жеңілдетілген тәртібі көзделген», деді Ғ.Дүйсембаев.
Сенатордың сөзіне сүйенсек, мұндай компаниялардың қосылған құн салығын төлеуін қамтамасыз ету мақсатында «Мерчент ID» ұғымын енгізу ұсынылып отыр. Банктер мен төлем ұйымдары мемлекеттік кірістер органдарына «Мерчент ID» бойынша шетелдік интернет-компанияларға жеке тұлғалар жүзеге асырған төлемдер мен аударымдардың сомалары туралы ақпарат беру міндеттеледі.
«Төртінші, отандық өндірушілер үшін акцизден кейінгі төлемді енгізу қарастырылған. Бұл шара арақ өндірушілерді темекі өнімдері мен сыра өндірушілерімен теңестіреді және отандық алкоголь өнімін қолдауға, сондай-ақ алкоголь өнімінің импортын тежеп ұстауға мүмкіндік береді. Бесінші, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап арнайы салық режімін және бірыңғай жиынтық төлемді қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерін қайта қарау ұсынылады. Алтыншы мәселе автомобильдер бойынша көлік құралдарына салықты есептеуге қатысты. Осыған байланысты шағын және орта бизнестің шығындарын азайту үшін салық салу мақсатында шағын көлемді фургондарды жүк салмағына қарай салық салу тәртібімен жүк автомобильдеріне жатқызу ұсынылады», деді сенатор.
Сондай-ақ Қазақстан аумағы арқылы халықаралық бағытта жолаушылар мен жүк тасымалдайтын шетелдік автокөлік құралдарына салынатын алым көлемін 20-дан 30 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру қарастырылған. Бұдан бөлек, тауар айналымының қадағалануына да мән берілмек. «Осы түзетулер Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарларды қадағалау тетігі туралы келісімді іске асыруға мүмкіндік береді. Онда «Тауарлар айналымының бақылануы» деген мемлекеттік бақылаудың өзге нысаны көзделеді. Осыған байланысты енгізілетін аталған жаңалық қадағалауға жататын тауарларды және ұлттық бақылау жүйелерін пайдалана отырып, осындай тауарлардың айналымы операцияларын есепке алуды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Тоғызыншы, мобильді төлемдерді фискалдау көзделген. Пандемия кезінде сауда және қызмет көрсету саласындағы шағын және орта бизнес субъектілері кәсіпкерлік қызметте жеке тұлғалар арасындағы транзакцияларға арналған жедел мобильді аударымдарды барлық жерде пайдалана бастады. Бұл мәселені заңнамалық реттеу мақсатында «мобильді төлемдер» түсінігін анықтау қарастырылып отыр. Мобильдік төлемдер арқылы тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу үшін есеп айырысулар кезінде онлайн-бақылау-касса машиналарын қолдану заңдастырылады. Кәсіпкерлер бизнесті жүргізуге арналған жеке шоттарды пайдалануға міндеттеледі. Банктерге мемлекеттік кірістер органдарына тиісті мәліметтерді беру ұсынылады», деді Ғ.Дүйсембаев.
Заң жобасында салық заңнамасының тұрақтылығын енгізу мәселесін заңнамалық реттеу қарастырылған. Салық заңнамасының тұрақтылығы кез келген жобаларға, соның ішінде жер қойнауын пайдалануға 10 жыл ішінде инвестициялар салған жағдайда, деңгейлес мониторингте тұрған, акцизделетін тауарларды өндіру жөніндегі қызметті жүзеге асырмайтын және арнаулы салық режімін қолданбайтын экспортқа бағдарланған (көмірсутекті пайдалы қазбалар мен мұнай өнімдерін экспорттаушыларды қоспағанда) тауар өндірушілерге ғана беріледі.
«Бүгін қабылданған заң Мемлекет басшысының Жолдауда жарияланған жекелеген бастамаларын іске асыруға арналған. Соған сәйкес енді ең төменгі жалақыны салықтық есептік көрсеткіш ретінде қолдану жүргізілмейді. Сонымен қатар құжатта экспорттаушыларды валюталық табысты ішкі валюта нарығына сату үшін ынталандыруға бағытталған ережелер көзделген. Жалпы, қабылданған заң жобасы қолайлы бизнес-орта мен инвестициялық ахуалды қалыптастыруға ықпал етеді және отандық тауар өндірушілерді қолдайды. Сондай-ақ жеке тұлғалар мен кәсіпкерлер үшін салықтар мен төлемдер төлеуді жеңілдетеді», деді Мәулен Әшімбаев құжатқа қатысты білдірген пікірінде.
Сонымен қатар отырыс барысында сенаторлар көрші мемлекеттерге әскери көмек беру жөніндегі екі Келісімді ратификациялады. Олар – «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалары. Бұл Келісімдер қырғыз және тәжік тараптарына әскери мүлікті, атап айтқанда, оқ-дәрілер мен арнайы жабдықтарды бір реттік беруді көздейді. Сондай-ақ отырыста әскери мүлікті Қырғызстан мен Тәжікстанға беру Қазақстанның жауынгерлік әзірлігі мен қорғаныс қабілетіне әсер етпейтіні атап өтілді.
Бұдан басқа, Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы тәжік-ауған шекарасына іргелес аудандарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуде әскери-техникалық жәрдем көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралып, қабылданды. «Келісім тәжік тарапына әскери мүлікті, атап айтқанда, оқ-дәрілерді бір рет беруді көздейді. Қазақстан тарапы әскери мүлікті Жамбыл облысының Отар стансасынан Тәжікстан Республикасының аумағына дейін («Рохати» стансасы, Душанбе қаласы) темір жол көлігімен жеткізуді қамтамасыз етіп, оған байланысты барлық шығысты өзі көтереді», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Қорғаныс министрінің орынбасары Руслан Шпекбаев.
Вице-министрдің айтуынша, Тәжікстан жағы Қазақстаннан алған әскери мүлікті, оны пайдалану құқығын үшінші тарапқа бермейді. Осылайша, әскери мүлікті Тәжікстанға беру Қазақстанның жауынгерлік әзірлігі мен қорғаныс қабілетіне ықпал етпейді. «Бүгін ратификацияланған Келісімдер Орталық Азиядағы қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған. Алдағы уақытта бұл құжаттар көршілес елдермен өзара достық қарым-қатынасты одан әрі арттыруға және әскери саладағы ынтымақтастықты дамытуға өз септігін тигізеді деп сенеміз», деді құжатқа қатысты пікір білдірген Мәулен Әшімбаев.