Бұл күндері Нұр-Сұлтандағы «Дәулет» теннис орталығында 12 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасында Азияның командалық біріншілігі өтіп жатыр.
2019 жылы сары құрлықтың теңдессіз командасы атанған Қазақстанның қыздар құрамасы биыл да сол белеске жақындай түсті. Жарыстың екінші күні жерлестеріміз Малайзиямен кездесіп, 3:0 есебімен айқын жеңіске қол жеткізді. Бұл бәсекелерде Сәбина Шухратова Адани Райнанды, Ева Корышева Дани Даниеланы ойсырата ұтса, жұптық сайыста да қарсыластарымыз еш қайрат көрсете алған жоқ. Топтық турнирдегі соңғы ойынды қыздарымыз енді Үндістан құрамасымен өткізеді. Осы матчтың нәтижесіне қарамастан жерлестеріміз жартылай финалға жолдама алу мәселесін шешіп тастады.
Ал еліміздің ұлдар құрамасы кеше Таиландтың теннисшілеріне 1:2 есебімен есе жіберді. Енді жартылай финалға шығу үшін қазақстандықтар Иордания ойыншыларын қалай да ұтуы керек.