Зұлмат соғыс халқымыздың қаншама дарынды ұлдарын дегеніне жеткізбей, бойларындағыларын сарқып ұлтына бергізбей, артына ұрпақтарын да қалдырмай қыршындарынан қиып, өздерімен бірге асыл армандарын арқалатып алып кетті. 1932-нің аштығы, 1937-нің нәубетінен ұлтының небір асыл ұл-қыздарынан айрылған халық басқыншыларға қарсы соғысқа тағы да қимастарын аттандырған.
Соғысқа өзі сұранып кетіп, елге қайтып оралмаған сондай боздақтардың бірі Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Тәшібай Әлмұхамбетов болатын. Есімі Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратындағы мәрмәр тақтаға ойып жазылған, Торғайда кіндік қаны тамғанымен, қасиетті Ұлытау өңірінде ұстаздықпен, шығармашылықпен айналысқан ақын Тәшібай Әлмұхамбетовтің 100 жылдығына орай Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінде “Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ әдебиеті және жауынгер ақын Тәшібай Әлмұхамбетов шығармашылығы” атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізілді.
Конференцияны ашқан институт проректоры Тыныс Сүлейменов оқу орнының басшысы Әбділмәлік Тәкішевке сөз берді. Ректор барша жиналғандарды Ұлы Жеңістің 65 жылдығымен құттықтап, ұстаздығы мен шығармашылық қарымын Ұлытау аймағымен мәңгілікке байланыстырған дарынды тұлға – соғыстан оралмаған Тәшібай Әлмұхамбетовтің 100 жылдығына байланысты Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен өткізіліп отырған конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Бүгінгі конференцияны бір жағынан елімізде аталып өтіп жатқан Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығын лайықты қарсы алудағы кең көлемдегі істердің бір шарасы, екінші жағынан тарихи жадымыздың жаңғыруының тағы бір көрінісі деп бағалаған жөн, деп сөз бастаған Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Серікжан Ғабдулуахитов әрі қарай барымызды танып, бағалымызды дәріптеу арқылы ұлттық сана, ұлттық рух қалыптасатынын атап көрсетті. Осы тұрғыдан қарасақ, деп жалғады сөзін ол, бұрын есімі жиі айтыла бермейтін тұлғаларды танудың, насихаттаудың маңызды екендігіне шүбә жоқ. Олардың елге, халқына қызмет ету жолдары өскелең буын алдында үлкен үлгі. Шығармашылығы бізге бір жағынан таныс, бір жағынан бейтаныс, есімі көнекөз қариялар мен өлкетануда зерек жандардың аузында ғана айтылатын осы тұлғаны танудың жаңа беттерінің жазылуын бастадық деген ойдамыз. Өкініші сол, қариялар білетін Тәшібай Әлмұхамбетовті ғылыми орта назарына лайықты ұсына алмадық, жастардың ортасында мейлінше таныта алмадық, оны жасырмаймыз. Ол жайындағы құнды деректер мұрағат сөрелеріне ысырылып кетіп жатты. Ал бүгінгі шара – сол олқылықтың орнын толтыруға жасалған алғашқы қадам. Біздің ғалым зерттеушілерімізді, өлкетанушыларымызды ақын Тәшібайдың, прозаик Тәшібайдың, Ұлы Отан соғысында көз жұмған жауынгер Тәшібайдың тағдыр жолы қызықтыруы тиіс. Торғайда туып, Ұлытауда еңбек еткен оның тағылымды жолын алдымен ұлытаулықтар зерттегені абзал іс деп білеміз. Тәшібай Әлмұхамбетовтің айрықша мән беретін бір қызметі бар. Ол – оның фольклор жинаушы болғандығы. Аудан бойынша ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, тарихи ескерткіштерді тізімдеумен айналысқан арнайы экспедицияға жетекшілік етуі дер едім.
“Жауынгер-ақын Тәшібай Әлмұхамбетов” тақырыбында баяндама жасаған жазушы, этнограф Сейіт Кенжеахметов жиналғандар алдына ақынның бар-жоғы 33 жылдық ғұмырынан небір жәйттерді жайып салды. Шығармалары газет-журналдарда жиі жарияланып, қаламынан шыққан дүниелері 1938-1940-жылдары баспа бетін көрген топтама жинақтарға енгендігін айтты. 1938 жылы қазіргі Абай атындағы мемлекеттік университетті тәмамдағаннан кейін Томь мемлекеттік педагогика институтының аспирантурасына түсіп, ғылыми ізденістермен енді айналысайын деп жүргенде сұрапыл соғыс ол ой-арманын жүзеге асырмаған Т. Әлмұхамбетовтің шәкірт тәрбиелеудегі жұмысына тоқталды. Оның алдынан тәлім алған Әзілхан Нұршайықовтың өз ұстазы жайындағы естелігін де айтып кетті. Әзаға: “Тәшібай Әлмұхамбетов – 30-шы жылдары әдебиет көкжиегінде көрінген талантты жазушылардың бірі. Ол кісінің шығармалары салиқалы жинақтарға басылып, “Әдебиет майданы”, “Қазақ әдебиеті”, “Лениншіл жас” газеттеріне шығып жүрді. Оның “Шляпа” деген әңгімесі мен “Доктордың қызы” атты көлемді повесі күні бүгінге дейін есімде. Тәшібай оқырманының осындай сүйікті жазушысы болып қалыптасып келе жатыр еді, бірақ сұрапыл соғыс оны қыршынынан қиып кетті”, – деп әрі қарай ол кісінің адамгершілігі мен шәкірттеріне деген мейірімділігін сөз етіп, оның шешендігі мен терең білімділігіне қызығатынбыз деген естелігін мысалға келтірді. Ал оның қамқорлығын көрген екінші бір шәкірті филология ғылымдарының кандидаты, ақын Әбулақап Райымбеков ұстазының туындыларын түгендеп, 1989 жылы “Мен ғашықпын өмірге” атты өлең-әңгімелер жинағын шығарған екен.
Филология ғылымдарының докторы Сәуле Тапанова отты жылдарда шығарылған жырлар, оның ішінде Тәшібай ақынның өлеңдері жайында баяндама жасаса, ғылым кандидаты Ғазез Ештанаев өз баяндамасында оған нағыз лирик ақын деп баға берді. Ғалым Кәмшат Омарова ақынның тілдік ерекшелігіне тоқталып, Тәшібай ақынның жырларындағы сөз саптаудың өзгешелігіне жұртшылық назарын аудартты. Ал ақынның туыстары, экономика ғылымдарының кандидаты Жетпісбай Бекболатов пен Мұрат Оспанов оның шыққан тегі мен өмір жолы жайында айтып, конференцияны өткізушілерге ризашылықтарын жеткізді.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.
Қарағанды облысы.