Экономиканың нақты секторының соңғы жартыжылдық мерзімінде өсім көрсете бастағаны белгілі. Үкіметтің ресми дерегіне сүйенсек, 2021 жылдағы 9 айдың қорытындысы бойынша экономиканың өсімі 3,4 пайызға ілгерілеген. Нақты сектордағы өсім 3,5 пайызды құраған.
Өсіммен қатар инфляция да жоғарылап келе жатыр. Биыл қазан айының қорытындысы бойынша елде тауар мен қызметтер бағасы бір жылда 8,9 пайызға қымбаттаған. Инфляцияның айтарлықтай өсімі биыл маусым айынан бері қатты байқалған. Қымбатшылық азық-түлік өнімдеріне, басқа да тауарларға және ақылы қызметтерді шарпып тұр.
«Атап өтейік, қазан айында инфляция мамырдан бері алғаш рет баяулаған еді және қыркүйектегі деңгейінде қалған. Дағдарыстың жалғасуына себеп болып отырған бір фактор, осы – баға қымбатшылығы. Алайда бұл жағдай бүкіл әлемде – дамыған елдерде де, дамушы елдерде де көрініс беріп отыр» деп жазады Ranking.
Жұртшылық азық-түлік тауарлары бағасының ерекше өсіп кеткенін аңғарып жүр. Баға 2020 жылдың қазанынан 2021 жылдың қазанына дейінгі аралықта 11,3 пайызға өскен. Бұл ретте қазандағы көрсеткішті қыркүйектегімен салыстырғанда инфляция (11,5 пайыз) баяулаған.
«Ет бағасының қымбаттауы да инфляцияның жеделдеуіне себеп болды. Қазан айындағы көрсеткіші бойынша соңғы бір жылда 10,3 пайызға өсті. Сондай-ақ күнбағыс майы (бір жылда 56,2 пайызға) мен қант та (бір жылда 32,1 пайызға) қымбаттады. Мұндай жағдай әлемде де байқалып отыр. FAO деректері бойынша еттің әлемдік бағасы бір жылда орташа 12,1 пайызға, өсімдік майы мен қант 84,8 және 19,1 пайызға өскен. Өз кезегінде Қазақстанда азық-түліктік емес инфляция 7,8 пайызға дейін жылдамдады. Бұған бензин (бір жылда 15,6 пайызға), дизель отыны (бір жылда 24,4 пайызға) және ұзақмерзімді пайдалану тауарларының қымбаттауы инфляцияның осы түрінің шарықтауына себеп болды. Сонымен бірге ақылы қызметтер бағасы 6,9 пайызға дейін артты» деп жазады Ranking.
Әлемде шикізат, энергия тасымалдаушылар және транспорттық жеткізу бағасының өсуі инфляциялық қысымды үдетті. Логистика мәселесінің де әлі бір қалыпқа түспеуі жағдайды оңалтпай тұр. Оның үстіне пандемия әсерінен туындаған тәуекелдердің де беті қайтқан жоқ. Әрине, мұның бәрі жиылып келіп инфляцияның «бағасын асырады».
Осы орайда Ranking Еуропада инфляцияның 13 жылдық максимумға дейін жеделдеп кеткенін айтады. Сөйтіп, кәрі құрлықта баға қымбатшылығы 4,1 пайызға жеткен. Бұл ұлы рецессия жылдарынан бергі ең жоғарғы көрсеткіш екен. Инфляция өсімі Бельгия (3,8-ден 5,4-ке), Германия (4,1-ден 4,6-ға), Эстония (6,4-тен 7,4-ке), Ирландия (3,8-ден 5,1-ге), Франция (2,7-ден 3,2-ге), Италия (2,9-дан 3,1-ге) және Литвада (6,4-тен 8,2-ге) қатты байқалған. Ал әлем экономикасының 20 пайызын еншілейтін АҚШ-та тауар мен қызметтер бағасы бір жылда 5,8 пайызға өсіпті.
Әлемдік үрдістер легі Қазақстанға да әсерін тигізбей қоймайды. Әрі сауда-серіктес елдердегі ахуал бізге тым қаттырақ әсер етеді. Мәселен, Ресейде инфляция соңғы бес жылда 8 пайыздан асып түсті. Біз көбіне Ресейден тауар тасымалдайтындықтан, отандық нарықтағы баға өздігінен қымбаттай бермек.