Биыл жетпіс жастың желкенін керген ақын, айтыс өнерін көкке өрлеткен көрнекті тұлға, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман туған өлкесіне келіп, өзінің «Ұлытауға бардың ба?» атты музыкалық-әдеби кешінде жырсүйер қауыммен қауышты. Сол күннің ертесінде Кеншілердің мәдениет сарайында республикалық ақындар айтысы дүркіреп өтті.
Кеш шымылдырығы мерейтой иесінің өмірі мен шығармашылығы жайлы сыр шерткен деректі фильммен ашылды. Одан кейін ақынның сиясы әлі кеуіп үлгермеген «Ұлытаудан – Алатауға» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді.
Жетпістегі Жүрсін Ерманды алғашқы болып облыстың әкімі Жеңіс Қасымбек құттықтады.
– Сіз қазақтың төл өнері – айтыстың қара нарысыз. Бұл – елдің берген жоғары бағасы және бар қазақтың берген батасы деп сенемін. Өміріңіздің елу жылын осы айтысты жаңғыртуға, дамытуға арнап, оны насихаттаумен келесіз. Айтыс пен сіздің есіміңіз синонимге айналды. Қаламыңызға – қуат, шығармашылық табыс тілеймін, – деген облыс басшысы мерейтой иесінің иығына шапан жауып, лайықты сый-сияпатын жасады.
Сонымен бірге, ақынды әйгілі актер, кино және театр режиссері, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов бастаған бір топ зиялы қауым өкілі арнайы келіп құттықтады. Олардың арасында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Несіпбек Айтұлы, Алтынбек Қоразбаев, Серік Ақсұңқарұлы, Ғалым Жайлыбай, Аманжол Әлтаев сынды белгілі азаматтар болды.
Мерейтой иесінің кешін ақын, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан ашып, жүргізіп отырды.
Музыкалық-әдеби кеш барысында Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ театрының әртістері ақын Жүрсін Ерманның танымал өлеңдерін жатқа оқып, жырсүйер қауымның ілтипатына бөленді. Сонымен бірге сахнада жергілікті өнерпаздар сөзін мерейтойы иесі жазған әндерді шырқап, көрерменнің құлақ құрышын қандырды. Әсіресе, кино және театр өнерінің абызына айналған Асанәлі Әшімовтің және белгілі сазгер Алтынбек Қоразбаевтың орындауындағы жаңа әндер әнсүйер қауымды айтып жеткізгісіз әсерге бөледі.
Шығармашылық кеш өткен күннің ертесінде қаладағы Кеншілердің мәдениет сарайында ел есімдеріне жақсы қанық 16 ақынның қатысуымен Жүрсін Ерманның 70 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысы өтті.
Жыр бәйгесінде ақындар мерейтой иесін мақтаумен ғана шектелмей, қазіргі қоғамды алаңдатып отырған бірқатар мәселелерді де батыл айтты. Тоғыз сағатқа созылған айтысты ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаевтың шебер жүргізгенін айта кеткен ләзім.
Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасының шешімімен ақындар айтысының бас жүлдесі Жезқазған қаласынан келіп бақ сынаған Төлеген Жамановқа берілді.
Батыс Қазақстан облысының ақын қызы Жансая Мусина бірінші орынға тігілген жүлдені жеңіп алса, екінші бәйгені үш бірдей ақын – Еркебұлан Қайназар, Айтбай Жұмағұл және Қалижан Білдаш өзара бөлісті.
Бес айтыскер үшінші жүлдеге лайықты деп танылды. Олардың қатарында Әсем Ереже, Бауыржан Ширмединұлы, Шалқарбай Ізбасаров, Тілеген Әділов және Өміржан Көпбосынов болды.
Сонымен қатар бір топ ақынға атаулы сыйлықтар берілді. Мысалы, Мұхтар Ниязовқа Доскей Әлімбай атындағы арнайы жүлде бұйырса, Көшен Елеу атындағы сыйлыққа Керекудің ақыны Аспанбек Шұғатаев ие болды. Сондай-ақ Алматыдан келген Қазан Бердіхан Қасым Аманжолов атындағы арнайы сыйлықтың, Ақтөбенің ақыны Марат Ахметов Шашубай Қошқарбайұлы атындағы сыйлықтың және түркістандық Бекарыс Шойбеков мерейтой иесі Жүрсін Ерман атындағы сыйлықтың иегері атанды.
Жеңімпаз және жүлдегер ақындарға арналған жүлде қоры да қомақты болды. Мысалы, бас бәйгені жеңіп алған Төлеген Жамановқа 3 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді.
Сонымен Ұлытаудан түлеп ұшып, Алатаудың қиясына қанат қаққан ақиық ақын, қайраткер тұлға Жүрсін Ерманның мерейтойы туған топырағында жоғары деңгейде ұйымдастырылып, есте ұзақ сақталатындай дәрежеде өтті. Жетпіске жасы келген ақын сахнаның төрінде тұрып, өзінің мерейін өсіріп, мәртебесін арттырған жерлестеріне, барша қауымға басын иіп, алғысын айтты.
ҚАРАҒАНДЫ