Жақында Қордай шекара отрядына қарасты «Сортөбе» заставасының жасағы қазақ-қырғыз шекарасы арқылы жылқылардың өткенін байқады. Нақтырақ айтқанда, әскери кезекшілік кезінде қазақстандық сарбаздар шекарадағы инженерлік қоршаудың бұзылғандығын, сол арқылы бірнеше жылқының көрші елден бері қарай өткен іздерін анықтады.
Шұғыл түрде із кесу жұмыстары ұйымдастырылды, нәтижесінде әлгі іздер Қаракемер ауылындағы мал соятын орынға алып келді. Із бойынша санағанда жылқылардың 15 бас екендігі анықталды. Алайда, малды қайтару кезінде жергілікті тұрғындар (100 шақты адам) қарсылық көрсетіп, жылқыларды соя бастады. Құқық қорғау органдарына хабар беріледі. Аталған орынға Қордай ауданының прокуроры келеді.
Істің ақ-қарасын анықтау үшін Шекара қызметі орталық аппаратының, прокуратураның өкілдері, Қаракемер ауылының әкімі және өздерін малдың иесі санайтын адамдармен бірге әкімдікке келіп, мал есебін жүргізетін кітапты тексерді, ал онда 2013-2014 жылдары тіпті ешқандай мал тіркелмеген болып шықты. Тексеру барысында ветеринария өкілі жалған анықтама бергендігі, тіркеу жұмыстары мал иелерінің құжаттарынсыз атүсті жүргізілгендігі анықталды.
Тексеру нәтижесінде, аман қалған 7 бас жылқыны «Қаракемер» комендатурасына әкетуге шешім қабылданды. Аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
«Егемен-ақпарат».