Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық №2 соты «Астана» спорт кешенінің жүзу нұсқаушысы Т-ға үкім шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сот барысында нұсқаушы Т бассейнге келушілердің қауіпсіздігін қамтамасз етудегі міндеттерін дұрыс орындамай, соның салдарынан Е суға батып, қаза тапқан. Сот отырысында прокурор Т-ны 5 жылға бас бостандығынан айыруды, ал зардап шегуші тарап оны 8 жылға соттауды сұрады.
Сотталушы өз кінәсін мойындаған жоқ және әрекетінде қылмыс құрамының жоқтығына байланысты, істі тоқтатуды өтінді. Сот Т-ның зардап шегушіге медициналық көмек көрсетуге тырысуын оның кінәсін және жазаны жеңілдететін шара деп таныды.
ҚР ҚК 306-бабы 3-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық абайсызда жасалған қылмысқа жатады. Онда 4-тен 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
«Аталған іске қатысты жаза 4 жылдан аспауы тиіс. Сот сотталушының жеке басын, зардап шегуші тараптың ұстанымын қаперге ала отырып, Т-ны 4 жылға бас бостандығынан айырды.
Бассейн иегері «Арнаулы қамтамасыз ету орталығы» ЖШС-нан зардап шегуші тарапқа 10 млн теңге моральдық залал өтемақысы өндіріп алынды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», делінген Астана қалалық соты таратқан ақпаратта.