• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Қараша, 2021

Жетісудың көшбасшы жастары марапатталды

437 рет
көрсетілді

Тұңғыш Президент күні қарсаңында Алматы облысы әкімдігі өңірдегі белсенді жастарды «Көшбасшы - 2021» жастар сыйлығымен марапаттады. Ал сылықты Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Болат Тілепов арнайы тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Алматы облысында 14 пен 29 жас аралығындағы 400 мыңдай жас тұрады. Олардың әрқайсының бойында жастық жалын, жастық жігер бар. Тұңғыш Президент күні қарсаңында өз салаларында белсенділігімен, айтулы жетістіктерімен ерекшеленген жастарды марапаттап отырмыз. Мұндай белеске өңірде жастар саясатының оңды жүргізілуінің нәтижесінде жетіп отырмыз. Мәселен, облыстағы жастардың волонтерлік ұйымдарының қатысуымен 5 мыңдай қайырымдылық шарасы өткізілді, 38 мыңдай адамға әлеуметтік көмек көрсетілді, волонтерлардың қолдауының арқасында 92 отбасы жаңа қонысқа ие болды.  Бұл мысалдар мен сандардың өзі-ақ сөйлеп тұр. Жетісулық жастар осындай белсенді өмір салтын, жетістіктер жолын одан әрі жалғастырады деп сенемін», деді облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов.

Мұнан соң жиын марапаттау рәсімімен жалғасты. Көшбасшы атанғандар қатарында Ильфат Абдуллин «Үздік спортшы» деп танылды. Ол халықаралық дәрежедегі спорт шебері, садақ атудан ұлттық құраманың мүшесі. Токио Олимпиадасына қатысқан. Жапонияда өткен Олимпиадада жеке біріншілікте 64 қатысушының ішінен 9-шы орынға табан тіреді. Бұл – Қазақстанның тәуелсіздік жылдары тарихындағы үздік нәтиже. Айтулы жетістіктерімен дараланғандар қатарында «Үздік студент» атанған Дария Ілияс та бар. Ол «Елбасы медалі» жобасының қола медаль иегері. Талдықорған Агротехникалық колледжінде оқиды, еліміздің Үздік студенттері академиясының мүшесі. «Үздік жас әдебиетші» атанған Асыл Сұлтанғазы – «Ақ қауырсын» әдеби байқауының лауреаты, «Тұл дүние» өлеңдер жинағының авторы, республикалық, облыстық әдеби байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Ал жас кәсіпкерлер арасында Жанат Тәтібаев үздік деп танылды. Ол Жастар жылы аясында 3 млн теңге көлеміндегі гранттың иегері болған, қазір құс фабрикасын ашуға дайындық жүргізіп жатыр, «Балапан» бағдарламасымен ашылған «Ясли» балабақшаның директоры. «Үздік жас орындаушы» номинациясында «AMANAT musiс» Халықаралық фестивалінің лауреаты Дәурен Берікболов қара үзіп шықты. Сонымен қатар ол қырғыз-қазақ фестивалінде 14 елдің өнерпаздары арасынан ІІ орынды иеленген, Қырғызстандағы «Жыл таңдауы - 2020» сыйлығының «Жылдың жас, үздік әртісі» номинациясын жеңіп алған. «Жетісу» телеарнасының редакторы Кәмшат Мұхаметжан «Үздік жас журналист» атанды. Ол «Халық алғысы» төсбелгісінің иегері, Түркітілдес журналистер қоры ұйымдастырған байқауда «Ақпарат тарататын үздік тілші» номинациясын жеңіп алды. Сондай-ақ, үш бала тәрбиелеп отырған Нұрпейісовтер отбасы ең үздік жас отбасы ретінде марапатталды. Бұл жас шаңырақ - «Жас отау» облыстық байқауының жеңімпазы. Жалпы, осы күні барлығы 20 жас көшбасшы марапатталып, оларға арнайы дипломдар, естелік сыйлықтар мен ақшалай сертификаттар табысталды.

Жалпы Алматы облысында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету, жұмыспен қамтуға жағдай жасау, еңбек нарығында жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға лайықты көңіл бөлініп келеді. Мәселен, биыл 15 мыңнан астам жас жұмысқа орналасқан, жоспарға сәйкес «Жастар практикасына» 1648 түлек жіберілген. Сол сияқты «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы бойынша 974 жас маманға 284,1 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленді. Тұрғын үй алуға 568 маманға жалпы сомасы 2,5 млрд теңге жеңілдетілген несие берілді.