Мен жұмыстан күндегіден кеш келдім. Әдеттегідей «Әй, бұл қайсың?.. Думан, Айкон, Дәу» деп екі-үш немересінің атын еркелете шұбыртып айтып отыратын атам бүгін жым-жырт, үндемейді. Мен үйге кірдім де, ақырын басып төр үйге қарай барсам, атам: «Тәубе – тәубе! Аллаға мың да бір шүкір, қазақтың жарық жұлдызы туды!» деп күбір-сыбыр болып өзімен-өзі сөйлесіп, көзінің жасын сүртіп, «сен бе едің?» дегендей үңірейген көзімен маған бір қарады. Мен жанына таяп барып жақын тұрған орындыққа жайғастым.
Қанекей, менің алтын атам не істеп отыр екен, қандай жаңалығы бар екен?» деп әңгімеге тартып едім, иегі кемсеңдей тағы көзі жасқа толды. «Қазақтың бағы жанып, жұлдызы жарқырап, айы оңынан туды», деп кідіріп қалды. «Ол не дегеніңіз, кімнің бағы жанып, жұлдызы жарқырап, айы туды?» дедім.
«Балапаным, сендерде бақ бар екен, осы күнді мен ғана емес менің ата-бабам аңсап өткен болатын. Сол ата-бабамның арманы мен тілегі орындалды. Қазақ деген ел егемендігін алып дербес мемлекет болып, Тәуелсіздікке қол жеткізді. Қазақ елінің Президенті Нұрсұлтан деген өзі жап-жас, өзі білімді, маңдайы ашық, еңгезердей, екі иығына екі адам мінсе көтеретіндей ер тұлғалы азамат екен. Яғни қазақтың бағына туған, сол қазақтың болашағын жарқын ететін ұрпағының қамын ойлайтын жанжақты, ұлтжанды, намысшыл ер екені көрініп тұр. Қазақ үшін дара туған жарық жұлдыз», деп сөзін тағы нақтылай түсті атам. «Сонымен қатар ол дүние жүзіндегі қазақтарды атамекенге шақырып жатыр. Бұл дегенің әр қазақтың болашақ ұрпағы алаңсыз өз елінде, атамекенінде бақытты өмір сүруіне деген таптырмас мүмкіндігі емес пе! Менің ұрпағым болашақта өз тілінде сөйлеп, салт-дәстүрін сақтап, діні мен ділін таза ұстауы қажет. Қазақ деген ел бар деп дүние жүзіне танытатын асып туған ер тұлға Елбасы болып тағайындалады. Бұл дегеніміз – қазақтың аспандағы жұлдызы жарқырады, бағы жанып, айы оңынан туды деген сөз», деп атам маған түсіндіріп жатыр.
«Ал жарайды сол қазақ елі қайда? Қазақ мемлекеті қайда орналасқан?» деп сұрақ қойдым. «Ой, балапаным, мен сенің сондай сұрақтарды қоятыныңды білдім ғой. Ол мемлекеттің астанасы – Алматы қаласы, ол қала бізден көп шақырым қашықтықта, алыс жерде», деді.
Біз бас салып дүниежүзілік картадан сол қазақ даласын іздеп жатырмыз. Қазақ елінің астанасы Алматыны таптық. Атам «Талдықорған, Қызылорда, Шымкент, Ақмола, Көкшетау, Семей...», деп біраз жерді айтып шықты. Мен аталған қалаларды картадан таппай әлек болдым.
«Ал, жарайды, Қазақстан дербес мемлекет болып, егемендік алып жатыр делік, одан бізге қандай пайда, ол елге қалай барамыз?» деген сұрағыма, атам «Елге мен емес, сен барасың, менің ұрпағым барады. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», деген бар емес пе!» – деп тағы да сөзін нақтылай түсті. «Неге біз?..., сіз неге бармайсыз? Қазақ деген ел менің атамекенім деп қуанып отырған сіз ғой», дедім атамды сөйлете түскім келіп. Атам аз-кем үнсіз қалды да, іле: Мен елімнен жырақ өстім. Басқа елде, басқа ұлтпен бірге өсіп, біте қайнастым. Бірақ тілімді, дінімді, ділімді, салт-дәстүрімді, сонымен қатар атамекен – Отанымды ұмытқан емеспін. Сол атамекенге оралатын мүмкіндік енді туды. Осы мүмкіндікті қолдан шығармау керек. Атамекенге ұрпағым жетсе менде арман жоқ», деп ауыр күрсінді.
Содан бір жылдан кейін атамекенге қарай көш басталды. Сол ұлы көшпен бірге 18 жасымда келін болып түскен еліммен бірге мен де атамекенге қоныс аударуға бел будым. Атамекенге көшейін деп ата-анаммен, жұртыммен қоштасуға төркініме бардым. Барлық туыстарым жылап қоштасып жатты, сонда мен атама, «Сіз неге жылайсыз, сіздің арманыңыз ұрпағыңызды атамекенге жіберу еді ғой?» дегенімде атам күлімдеп: «Иә, мен қуаныштымын, ботам, бұл қуаныштың көз жасы құлыным! Сен алаңдамай кете бер, жолың болсын! Көп кешікпей қалған туыстарың да барады. Өкінішті, осыдан 10 жыл бұрын Қазақ елі дербес ел болып, атамекенге жол ашылғанда мен ойланбай-ақ кетер едім. Қазір мен үшін бәрі кеш. Бірақ мен өте бақыттымын. Себебі ұрпағым өз елінде тамырын тереңге жаяды. Мен үшін осыдан асқан бақыт жоқ», деп мені қатты құшақтап жылап тұрды да, «Бар қазаққа менен сәлем айт, сәті түсіп, Сұлтанға кезігіп жатсаң қолынан қысып, менің атымнан рақмет айтарсың!» деген еді.
Содан бері 30 жыл өтті. Атам айтқан Елбасына кезігудің сәті түспесе де осы бір оқиғаны, атамның айтқан аманаты мен сәлемін қағаз бетіне түсірудің сәті түсіп отыр. Мінекей, сол атамның арманы орындалып, ұрпағы атамекенде өз елінде, Отанында алаңсыз өмір сүріп, тамырын тереңге жайып жатыр. Әрине, бұл атам айтқан жарық жұлдыз – Елбасы Н.Назарбаевтың арқасы.
Шалғай бір елде жабығып жүрдім
Атамекенді сағынып жүрдім.
Оралып міне, тәуелсіз елге,
Қазақша сөйлеп, қазақша күлдім.
Жарқырап жайна, тәуелсіз елім!
Атамекен деп сені аңсап келдім.
«Өзге бір елде сұлтан болғанша,
Болайын сенің ұлтаның» дедім.
Тәубе деп жүрмін, Алла деп жүрмін!
Қазақтың бағын алма деп жүрмін!
Тұғырлы берік, еңсесі биік,
Елімді менің қорға деп жүрмін!
Гүлденді далам, нұрланды қалам,
Сыйлаған маған атам мен бабам.
Еңсеңді көтер, тәубе деп, қазақ!
Осыдан артық не керек саған!
Қазақ елі 30 жылдың ішінде өркениетті елдердің қатарына қосылып, алпауыт елдермен терезесі теңесе түсті. Ол біздің Елбасының тынымсыз еңбегі мен қайратының арқасы деп білемін. Мен Отаныма 1992 жылы оралған едім. Біздің отау құрып, шаңырақ көтергенімізге 30 жыл толады. Яғни жас қазақ деген елмен бірге біз де қатарласып өсіп-өніп келеміз. Ұлымызды ұяға, қыздарымызды қияға қондырып, өзімізше тірлігімізді жасап, еңбек етіп, еліміздің өркендеуі мен өсуіне аз да болса үлесімізді қосып келеміз. Тәуелсіз Қазақ елі қарыштап даму үстінде, сол елдің дамуы мен өркендеуінің куәсі болып бейбіт елде бақытты өмір сүріп жатырмыз. Бұл Елбасының арқасы екені барша қазақ даласында өмір сүріп, ауасымен тыныс алып жүрген әр жанға мәлім.
«Егер де Қазақ елі Тәуелсіздік алмаса, шетте тарыдай болып шашырап кеткен қандас бауырларын Елбасы шақырмаса, мен қайда болар едім?» деген сұрақ толғандырады мені. Сондықтан да осы күніме тәубе етіп, Елбасына ұзақ ғұмыр тілеп, Қазақ елі мәңгі жасай берсін дегім келеді.
Сонымен қатар тәуелсіз елдің өркендеуі мен дамуы өскелең ұрпақтың қолында. Ұрпағымыз ұлағатты, намысшыл, ибалы, адал және жігерлі болса ғана еліміз өркендейді. Елдің болашағын ойлайтын ұл-қыздарымыздың маңдайы ашық, жұлдызы жарық болсын. Баршамыз қазақтың жарқын болашағы үшін аянбай тер төгейік.
Әрине, менің атам айтқан жарық жұлдыздың дені сау, беделі биік, арманы асқақ болғай!
Сәулеш ДОЛИЙ,
Ақмола облысы, Біржан сал ауданы
«Бұланды ауылы ЖОББМ»
КММ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі