Тәуелсіздіктің 30 жылдығынан кейін екі апта өткен соң, 2022 жылдың 3 қаңтарында Қазақстан тағы бір маңызды мерейтойды – Қытаймен арадағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығын атап өтеді. Көршілес держава алғашқылардың бірі болып азаттығымызды мойындады, міне, содан бері екіжақты достық қарым-қатынас жыл өткен сайын нығайып келеді. Ал Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы (China National Petroleum Corporation – CNPC) Қазақстанның ең ірі стратегиялық серіктестерінің біріне айналып, келесі жылы біздің елдегі қызметінің 25 жылдығын атап өтпек. Осыған орай, бүгін Қазақстандағы CNPC кеңсесінің басшысы Ли Юнхун көпжылдық жемісті әрі өзара тиімді ынтымақтастықтың қорытындысы туралы айтып береді.
– Ең алдымен, барша қазақстандықтарды келіп жеткен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен және Тұңғыш Президент күнімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Осыдан тура 30 жыл бұрын Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланған болатын. Бұл адамның есімі тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерімен, атап айтқанда, егемендікпен, демократиялық қоғаммен, ұлт бірлігі мен тұрақты экономика құрып, оны дамытумен тығыз байланысты. Нұрсұлтан Назарбаев әлемге аса көрнекті саясаткер ретінде танымал, оның бүкіл ғұмыры – халқына, Отанына қызмет етудің жарқын үлгісі.
Елбасы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының арасында экономикалық, саяси және мәдени салалардағы берік, өзара тиімді әрі тату көршілер ретіндегі қарым-қатынастың дамуына зор үлесін қосты. Ол ұсынған «Нұрлы жол» атты жаңа экономикалық саясат ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің «Бір белдеу – бір жол» атты бастамасымен ұқсас келіп отыр. Екі елдің де үкіметі де Қазақстан мен Қытай арасындағы старатегиялық сауда-экономикалық ынтымақтастықтың игілігі үшін бұл бағдарламаларды жұптастыру туралы шешім қабылдады. 2019 жылдың сәуірінде Си Цзиньпин Нұрсұлтан Назарбаевқа Қытайдың шетел азаматтарына беретін ең биік мемлекеттік наградасы – Достық орденін табыстаған болатын.
– Біздің білуімізше, Елбасының тікелей қатысуымен және қолдау танытуының арқасында Қазақстан мен Қытай мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық туралы негізгі келісімшарттарға қол қойған. Бұл серіктестік қашан басталды?
– 1997 жылдың 4 маусымында Алматыдағы Президент сарайында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Мемекеттік кеңесінің вице- премьері Ли Ланьцин «Ақтөбемұнайгаз» компаниясының акцияларын сату-сатып алу туралы Келісімге қол қойды. Тендерді біздің CNPC компаниясы жеңіп алды. Сол жылдың қыркүйек айында Ақтөбе облысындағы Жаңажол және Кеңқияқ кен орындарын пайдалану туралы Келісімшартқа қол қойылды. Бұл тарихи құжатқа қол қоя отырып, CNPC компаниясы Қазақстан Үкіметіне 20 жыл бойы Ақтөбе жобасының дамуына кемі 4 млрд доллар инвестиция құюға міндеттелді. Алайда 2021 жылға дейін салынған қаражат 10,3 млрд доллардан асты.
– Бұл қомақты қаражат нақты қандай мақсаттарға жұмсалды? CNPC акцияларды сатып алған кезде кәсіпорындардың жағдайы қандай еді?
– Акциялары сатылған кезде «Ақтөбемұнайгаздың» жағдайы мәз емес еді, компанияның дебиторлық және несиелік қарыздары шаш етектен болды, логистика каналдары жойылған соң тоқырау басталып, жұмысшылардың жалақысын төлейтін қаражат жоқ еді, оның үстіне, құрылғылар әбден тозған болатын.
Алғашқы күндерден бастап-ақ CNPC компанияны дамыту үшін жоспарлы түрде ауқымды жұмыстарды атқара бастады. Өндіріс пен басқару саясатындағы негізгі бағыттарға тоқталсақ, ол:
Өндірістегі техниканы түбегейлі өзгерту, әлемдік стандартқа сай жаңа техникалар алу; Ғылыми ізденістерді, жаңа технологияларды енгізу арқылы көмірсутегін қазу көлемін арттыру; Басқаруды заманауи менеджмент жүйесіне үйрету, басқаруды бақылаудың халықаралық тәжірибесін енгізу; Өнімді сататын жаңа каналдар табу; Адам капиталын дамыту, еңбек қауіпсіздігіне назар аудару; Экологиялық қауіпсіздік жүйесін, қалдықтар тастамайтын және энергия үнемдейтін технологияларды енгізу; Корпоративті және әлеуметтік саясатта жаңа жетістіктерге талпыну;– Яғни инвестор келген соң компанияның жұмысына қан жүгірді деген сөз ғой. Жалпы, CNPC туралы аздап айтып бересіз бе? Әлемдік алпауыттар рейтингісінде сіздердің корпорацияларыңыз нешінші орында тұр?
– Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы әлемде озық орынға ие болып отырған халықаралық кешенді энергетика компаниясы. CNPC Қытайдың ең ірі мұнай өндіруші компанияларының бірі, әлемдегі 50 ірі мұнай компанияларының оздық үштігінде тұр. CNPC әлем бойынша 37 елде мұнай-газ саласындағы инвестициялық қызмет атқарып, 63 елдегі мұнай-газ нысандарында инженерлік-техникалық қызмет атқарады.
Корпорация мұнай және газ ошақтарын барлап, оны өндіреді, мұнайды қайта өңдеп, мұнай химия өнімдерін жасайды, мұнай, газ өнімдерін сатып, оны құбырларға дейін тасымалдайды, ұңғымалар қазып, мұнай-газ кен орындарына, мұнайды қайта өңдейтін және мұнай химия қызметін атқаратын зауыттарға инфрақұрылым тартады, мұнай құрылғыларын жасап, жаңа энергия көздерін жасайды.
– Корпорация сан алуан түрлі қызмет атқарады екен. Осылардың арасында Қазақстанда нені жүзеге асырасыздар?
– Қазақстанда CNPC корпорациясының қатысуымен 7 мұнай өңдеу жобасы, 2 мұнай құбыры, 2 газ құбыры, 1 мұнайды қайта өңдеу зауыты мен темір құбырлар шығаратын 1 зауыт жұмыс істейді. Корпорация сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының стратегиялық іскер серіктесі бола отырып, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз», «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» және «ПетроҚазақстан Ойл Продакст» (Шымкент МӨЗ), «Маңғыстаумұнайгаз», «Азиялық газ құбыры», «Қазақстан-Қытай құбыры» сияқты бірқатар бірлескен жобаларға қатысады. Сондай-ақ CNPC корпорациясы North Caspian Operating Company консорциумының құрамында Қашаған кен ошағындағы жұмыстарға атсалысып отыр.
Ширек ғасыр уақыт ішінде біздің корпорация Қазақстанның мұнай-газ кешенін дамыту үшін 47 млрд доллардан астам инвестиция салды. CNPC компаниялары 360 млн тонна мұнай алып, бюджетке салық ретінде шамамен 50 млрд төлем жасаған.
Мұнай өндеу көлемі бойынша қытайлық компаниялар қазақстандық және америкалық компаниялардан кейін үшінші орын алып отыр. Солай бола тұра, CNPC қатысатын кәсіпорындар қазған мұнайдың 60% қайта өңдеу үшін жергілікті нарыққа тасымалданып, Қазақстанның ішкі бағасы бойынша сатылады. Осылайша, тұтынушыларға тұрақты түрде сапалы отандық жанар-жағармай жеткізе отырып, СNPC Қазақстан экономикасының дамуына үлес қосып отыр.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев СNPC корпорациясы мұнай мен газ өндіру, оны тасымалдауда және қайта өңдеуде Қазақстанның негізгі серіктестерінің бірі дегенді үнемі еске сала отырып, біздің компанияның жұмысына көңілі толатынын да айтқан.
«Қазақстан Президентінің жанында Шетелдік инвесторлар кеңесі жұмыс істейді. Мұнда қытайлық СNPC компаниясының маңызы зор. Ол – Қазақстанның мұнай-газ нарығын дамытудағы маңызды серіктесі», деді Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылдың қыркүйегінде елордада өткен Қазақстан-Қытай бизнес-форумының ашылуында.
– Әлем бойынша қытай компаниялары тәртіпке бағынатын, сол елдің заңын, әсіресе, қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңдарын берік ұстанатын компания ретінде танылған. Қазақстандағы экологияны қорғау бойынша CNPC нақты қандай шараларды атқарады?
– СNPC компаниясы «жасыл экономика» тұжырымдамасын кезең-кезеңімен іске асырып отыр және қоршаған ортаны қорғау – біздің компанияның қызметіндегі басым бағыттардың бірі. СNPC Қазақстанның экологиялық заңнамалары мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық келісімдердің талаптарын қатаң ұстанады, экологиялық таза өндірісті тез дамытып, бұл процестерге айтарлықтай мол қаржы құяды. Біздің компаниямыздың ұраны – «Энергия мен табиғаттың үйлесімі».
СNPC корпорациясы келмей тұрып, Ақтөбе облысында мұнай және газ ескі зауытта өңделетін, сондықтан көп мөлшердегі газ зауыттың мұржаларынан шығып, қоршаған ортаға айтарлықтай зиян тигізетін. Бұл жағдайды түзету үшін, СNPC аймақта үш заманауи мұнай-газ өңдеу зауытын салды, сол арқылы ілеспе газды қайта өңдеу коэффициентін 27%-дан 90%-ға жеткізіп, қоршаған ортаға шығатын зиянды қалдықтарды барынша азайтты. Бұл іске құйылған инвестиция көлемі 2 млрд долларды құрады.
«Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы өз нысандарында жиналып қалған мұнай қалдықтарын үздіксіз жойып, аймақты тазартып отырады. Сонау Кеңес одағы кезеңінен бері ластанған бұл жердің аумағы – 47 гектар. Соңғы жылдар ішінде 10 полигон мен 6,5 гектар жер тазаланды; миллион тоннадан астам қалдық жойылды. Бұрыннан жиналған және қайта шыққан зиянды қалдықтарды қайта өңдеп, пайдаға жарату үшін бөлінген қаражат көлемі 2016 жылғы 881 млн теңгеден 2021 жылы 7,3 млрд теңгеге дейін жеткен.
Шымкент мұнай өңдеу зауытын қайта жаңғырту үшін СNPC мен «ҚазМұнайГаз» компаниялары 1 млрд 800 млн доллар қаражат бөлген. 2018 жылдың қыркүйегінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа өндірісті өзі іске қосып, өндіріске жүктелген міндеттердің орындалу сапасына жоғары баға берген болатын. Ең басты жетістік – экологиялық қауіптердің азайғаны еді. Мәселен, бензин мен дизель отынындағы күкірттің үлесі 10 есе азайса, ақшыл мұнай өнімдерінің көлемі 57%-дан 82%-ға дейін ұлғайды. Өнім сапасын да жақсартуға мүмкіндік туды. Егер бұрын зауытта К2 санатты жанар-жағармай шығарылған болса, қазір К4 және К5 санатты (Еуро-4 және Еуро-5 санаттарының баламасы) бензин мен дизель отыны өндіріледі. Ал бұл дегеніміз қоршаған ортаға шығатын зиянды газдың көлемі де әлдеқайда азайды деген сөз. Бұдан өзге, атмосфераға шығатын көміртек пен басқа да зиянды қалдықтардың үлесі 90%-ға дейін азайған. Мың тоннадан астам мұнай шламы қайта өңдеуге және қайта кәдеге жаратуға жөнелтілген. Қазір тәулігіне шамамен 15 мың тонна жанар-жағармай өндіріледі, соның ішінде 6 мың тоннадан астамы жоғары сападағы өнім екенін айта кеткен жөн.
– Мұнай компаниялары дегеніміз – қандай елде жұмыс істесе де, сол елдің бюджетіне қомақты қаражат салатын компания ғана емес, ірі меценат ретінде көзге түсетін кәсіпорындар. Осы орайда, қазақстандықтарға әлеуметтік қолдау көрсетуде CNPC корпорациясы қандай жұмыстар атқарды?
– CNPC Қазақстанда жолдар төсеп, саябақтар салады, үйлер мен көшелерді қайта жөндеп, мәдени және тарихи шараларға қаржылай қолдау көрсетеді, студенттерге білім беру гранттарын бөліп, спортшылар мен өнер қайраткерлеріне көмектеседі, ауруханаларға жаңа көлік, медициналық құрылғылар мен дәрі-дәрмек сатып алып береді, мектептерге компьютерлер мен оқулықтар сыйлайды. CNPC корпорациясының Қазақстандағы қайырымдылық пен әлеуметтік жобаларға салған инвестиция көлемі 410 млн доллардан асқан.
Біздің ең басты әлеуметтік жобамыз – Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық хореография академиясының құрылысы болды. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін CNPC компаниялар тобы 95 млн доллар қаражат бөлген. Соның нәтижесінде Қазақстанның елордасында Орталық Азияда баламасы жоқ ірі өнер нысаны бой көтерді. Әлем бойынша бұндай оқу орындарының саны оншақты ғана. Оқушылар ең білімді педагогтерден, бірінші сыныптан бастап, он бірінші сыныпқа дейін білім ала алады.
«Бұл хореография академиясы бюджет ақшасынан тыс қаражатқа салынғаны үшін алғыс айтқым келеді. Менің өтінішім бойынша, Қытай Халық Республикасы, CNPC ұлттық мұнай компаниясы мен «Самұрық-Қазына» қоры қаражат құйды. Ғимарат солардың ақшасына салынды, демеушілік танытып, еліміз үшін осындай әлеуметтік қолдау танытқандарыңыз үшін рахмет. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына бұл тамаша сыйлық болды. Сіздерді құттықтай отырып, тағы да алғыс айтқым келеді», деді 2016 жылдың тамызында академияның ашылу салтанатына қатысқан Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы сондай-ақ Ақтөбеде тағы да CNPC қаражатына салынған Өнер орталығының ғимаратына да зор бағасын берген болатын. Нұрсұлтан Назарбаев нысан ашыла сала, 2017 жылдың қазанында барып, Өнер орталығын аралап көрді. Көпфункционалды кешен ресми және мерекелік шараларды өткізуге арналған, заманауи дыбыс және сахна құрылғыларымен қамтылған. Сонымен қатар орталықта оркестр ойнайтын шұңқыры мен айналатын сахнасы бар концерт залы ашылды. Жобаны жүзеге асыру үшін CNPC 4,5 млн доллар бөлген. Былтыр COVID-19 пандемиясымен күрес үшін CNPC қатысатын әрбір кәсіпорын қомақты қаражат бөлген, ал корпорацияның өзі қазақстандық серіктестерімен бірге «Халық» қайырымдылық қорына медициналық құрылғылар мен қорғаныс құралдарын алу үшін шамамен 10 млн доллар бөлген.
– Қазақстандағы CNPC компанияларында неше адам жұмыс істейді?
– CNPC қатысы бар кәсіпорындарда 30 мыңнан астам адам еңбек етеді, олардың 98,3%-ы қазақстандықтар. Қазақстан мен Қытайдың ең үздік оқу орындарында қызметкерлер тәжірибе алмасып, білімін жетілдіріп, дамып отырады.
2021 жылдың 5 қарашасында IV Қытай халық импорт тауарлар көрмесінің ашылу салтанатында сөз алған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Қытай арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық кең Еуразия құрлығында бірлесе дамып, гүлденуге жол ашатынын, ал сауда-экономикалық қарым-қатынас екі елдің өзара іс-қимылына берік негіз бола отырып, болашақта да дами беретінін атап өтті.
«Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толады. Бүгін біздің жан-жақты әрі мәңгілік стратегиялық серіктестігіміз кемелденіп, жаңа кезеңге қадам басты деп нық сеніммен айта аламын. Қарқынды дамып келе жатқан Қытай елі әрдайым Азиядағы ең басты және сенімді серіктесіміз болып қала береді», деді Президент.
Барша қазақстандықтарды Тұңғыш Президент күнімен және Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тағы да құттықтаймын. Жас мемлекеттеріңіз гүлденіп, дами берсін, ал қазақ халқына бейбітшілік пен береке, зор денсаулық, молшылық пен жаңа жетістіктер тілеймін!
Әңгімелескен
Дастан НҰРЛАНҰЛЫ