Заманымыздың ірі реформаторларының бірі Ли Куан Ю еліміз Тәуелсіздігін алмай тұрып-ақ, «Президент Назарбаев – кеңестік саясаттағы жарық жұлдыз, түрлі республикалар арасындағы ірі тұлға. Қазақстанның 50 жастағы лидері – белгілі деңгейде қатал, тәжірибелі, жедел шешім қабылдай алатын адам.
Одақтың басқа республикаларының өзі мойындаған жылы шырайлы, талантты және табанды басшы. Назарбаев республиканы басқарып тұрғанда, Қазақстанның табыстарға жету мүмкіндігі мол болады», деген болатын. Ли Куан Юдың айтқаны айна қатесіз келді.
Иә, кеңестік жүйеден шыңдалып, ширығып шыққан Нұрсұлтан Назарбаев барлық жинаған тәжірибесін, күш-жігерін өз елінің, өз халқының игілігі үшін жұмсады. Елбасы тәуелсіз мемлекетіміздің негізін қалады. Халқымыз үшін ұлы мүмкіндік – егемен ел атану бақытын баянды етуде барлық жауапкершілікті өз мойнына алды. Алмағайып кезеңнен, бейнелеп айтқанда, «құлау ықтималдылығы жоғары жаман көпірден» Қазақстанды аман-есен алып өтіп, өз елін өркендеу жолына салды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізді саяси-экономикалық тұрғыда жаңғыртты. Н.Назарбаев Қазақстанды қуатты экономикасы бар, уақыт талап еткен кез келген ауқымды саяси реформаларды еңсеруге қабілетті елге айналдырды. Қазақстанды дамыған 50 мемлекеттің қатарына қосып, одан әрі озық отыз елдің ортасынан орын алуға ұмтылдырды.
Елбасының ерен еңбегінің арқасында шекарамыз шегенделіп, ұлттық теңгеміз айналымға енді, тіліміз, дініміз, мәдениетіміз бен ата дәстүріміз қайта жаңғырды, тарихымыз түгенделді. Ұлттық қор ұлтымыздың еңсесін көтерді, Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып, бірлігіміз бекемделді, жаңа астана Арқа төсінде бой көтерді, соған қарап халқымыз ой түзеді.
Тәуелсіздік жылдарында халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған бағдарламалар қабылданды. Елге ел қосылып, алыстағы ағайын атажұртымен табысты. «Қазақстан-2030», «Қазақстан-2050» стратегиялық жоспарлар, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» сынды бағдарламалар елдің бағын жандырды. Ядролық ірі арсеналдан бас тарту, конфессияаралық келісімді нығайту Қазақстанның өрісін кеңейтті, тартымды елге айналдырды.
Елбасының жастарды қолдауы, білім беру саласына, ұлт саулығына ерекше көңіл аударуы еліміздің тынысын аша түсті. «Болашақ» стипендиясын тағайындау, Назарбаев зияткерлік мектептерін, Назарбаев Университетті ашу, медициналық кластер құру, ғарыштық бағдарлама, «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру, Каспийдің құқықтық мәртебесін айқындау, мұның барлығы еліміздің игілігі, Елбасы еңбегінің жемісі.
Н.Назарбаевтың көпвекторлы сыртқы саясаты, АӨСШК, ТМД, ШЫҰ, ЕАЭО сынды ұйымдарды құрудағы бастамашылдығы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін шақыруы, Қазақстанның бітімгерлік саясатын ілгерілетуі, ЕҚЫҰ-ға және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне Қазақстанның төрағалық етуі, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін ұйымдастыруы және тағы басқалардың барлығы Тұңғыш Президенттің ел Тәуелсіздігі мен халық игілігі үшін жасаған өлшеусіз қызметі.