• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Білім 30 Қараша, 2021

Сұраныс пен ұсыныстың арасы

608 рет
көрсетілді

Еліміздің Білім және ғылым министрлігі еңбек нарығында қажеттілігі мүлдем аз 50 мамандық бойынша колледждерге қабылдауды тоқтатып, керісінше оқу процесіне сұранысқа ие мамандықтар негізінде жаңа білім беру бағдарламалары енгізілетінін хабарлады. Бұл еліміздегі техникалық және кәсіп­тік білім беру ұйымдарының жұмысын еңбек нарығына сай, жұмыс берушілердің ұсыныстары мен сұраныстарын ескере отырып реттеуге бағытталған тиімді қадам. Өйткені техни­калық және кәсіптік білім беру бағдарламалары мен оқыты­латын мамандықтарды жұмыс берушілердің заманауи сұраныс­тарына сәйкестендіру бүгінгі күннің басты мәселесіне айналды.

Бұл жөнінде Nur Otan партия­сы өңірлік филиалы жанындағы Білім мен ғылымды дамытудың аймақтық қоғамдық кеңесі отырысында талқыланды. Облыс­тық және қалалық мәслихат депу­таттары, колледж және ЖОО оқы­тушылары, бірқатар кәсіп­­орын басшылары қатыс­қан Қоғамдық кеңестің көш­пе­лі отырысы еліміздегі ең таң­даулы 10 колледж қата­рын­да­ғы Ақтөбе жоғары политех­никалық колледжінде өтті. Жар­ты ғасырдан астам тарихы бар осы оқу орны білім сапасы, тү­лек­терінің жұмысқа орналасу көрсеткіші жағынан алдыңғы қатарда, жақсы жабдықталған оқу-материалдық базасы бар – әрі жұмысшы мамандығына дуалды оқыту жүйесін тиімді енгізген.

Облыстық білім басқарма­сының дерегі бойынша, өңірдегі 42 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 23 128 сту­­дент білім алса, оның 14 880-і мемлекеттік тапсырыспен оқи­ды. Бүгінде осы 42 колледжде 100 мамандыққа оқытылады. Мұндағы студенттер саны да әртүрлі. Мәселен, 17 колледждің студенттер саны 300-ге жетпесе, ал 14 колледждегі білім алушылар саны 600-ден асады. Осыдан көрініп тұрғандай, игерілетін мамандық саны көп, ал сапасына келгенде сұрақ туындап тұр. Мәселен, облыстағы бірнеше колледждің оқу бағытына сай емес мамандықтармен оқытып жатқаны анықталды. Осы оқу орындары мемлекеттік тапсырыс алмаса да, ақылы негізде бейініне жатпайтын мамандықтар ашқан. Бұл мәселеге Қоғамдық кеңес мүшелері ерекше назар аударып, жергілікті еңбек нарығы сұранымына сай мамандықтарды іріктеп қалдыруды ұсыныс етті. Бір қуантарлығы, соңғы үш жылдан бері Ақтөбе облысында техникалық және кәсіптік білім алуға ықыластылар саны өскен. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуованың баяндауынша, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына мемлекеттік тапсырыс білім, медицина, фар­мацевтика, мәдениет және өнер, сервис, экономика және бас­қа­ру, метрология, мұнай-газ өнді­рісі және химия өндірісі маман­дықтарына берілді.

Соңғы жылдары студенттер­дің білім сапасын арттыру және кәсіптік дағдыларын қалып­тастыру мақсатында бірнеше колледжге академиялық еркін­дік берілді. Мұның мәнісі – ендігі жерде оқу бағдарламасын жұ­мыс берушілермен келісіп әзірлеу­­ге болады және кей маман­­дық дуал­ды түрде оқытылады.

Бұл күндері жергілікті еңбек нарығында аспаз, құрылысшы, сылақшы, даяшы, кондитер ма­ман­дықтарына сұраныс өте жоға­ры. Жұмыс берушілер пандемия кезінде де осы мамандықтар бойынша диплом алған түлектерді тәжірибеден өту арқылы жұмысқа қабылдаудан бас тартқан жоқ.

Білім мен ғылымды дамыту­дың өңірлік кеңесі жиынына қатысушылар білім сапасы жоғары, түлектерінің жұ­мыс­­қа орналасуы бойын­ша елі­­міз­дегі техникалық жә­не кәсіп­тік білім беру ұйымдары­ның үздік ондығына кіретін поли­тех­никалық колледж ұжымының тәжірибесін басқа оқу орындарына үлгі ретінде таратуды ұсынды. Себебі осы оқу ор­нының жұмыс берушілермен байланысы берік, студенттердің тәжірибеден өтуі мен жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғары. Колледж мұнай, электр өндірісі мамандарымен қоса, IT мамандарын да даярлайды.

«Партияның Ақтөбе облысы бойынша Жол картасында білімге қатысты 12 индикатор бар. Оның ішінде өңірімізде техникалық, кәсіптік білім беруді дамыту мен дуалды түрде оқитын студенттер санын 74 %-ға арттыру жоспарланған. Бүгінде өңірдегі 42 колледждің тең жартысында дуалды оқыту жүйесі енгізілген. Біздің мақсатымыз – осы оқу орындарының жұмысына мониторинг жүргізу», деді Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов.

Ақтөбе жоғары политехни­калық колледжі «Жас маман» жобасы бойынша жарияланған гранттың жеңімпазы. Жоба қоры­тындысы бойынша білім сапасы, түлектерінің жұмысқа орналасуы жағынан үздік нәтиже көрсеткен 10 колледждің оқу-материалдық базасын жаңғыртуға облыстық бюджеттен 2020 жылы 1,6 млрд, 2021 жылы 1,2 млрд теңге қаржы бөлінген еді.

Осы кезге дейін еліміздегі техникалық және кәсіптік бі­лім беру ұйымдарының оқу про­цестеріне бақылау жеткіліксіз жүргізілді. Жоғарыда айтып көрсет­кеніміздей, бәсекеге қабі­летсіз, кәсіби даярлығы әлсіз студенттері көп білім беру ұйым­дарының жұмыстары сараланып, осы оқу орындарының рейтингі түзілгені жөн. Бұл ең алдымен оқу орнына келген студентті өмірден өз орнын таба алмаудан сақтаудың ең төте жолы. Оның үстіне, пандемиядан кейін еңбек нарығы да күрделі өзгеріске түсіп жатыр. Бүгінде қай салаға да қо­лы­нан жұмыс келетін, білімді әрі бәсекеге қабілетті маман ке­­рек. Жеткілікті түрде білім ал­­ма­­­ған, кәсіби дағдысы жоқ, бірақ дипломы бар жас қазіргі кезде жұмыссыздар қатарына бір­ден енеді. Осылайша білімі тө­мен, өз мамандығын дұрыс таңдамаған, кәсіби дағдысы аз жастар әлеуметтік наразы топтың қатарын толтырады.

Жиын қорытындысында Білім және ғылымды дамытудың өңірлік кеңесі мүшелері облыс­тық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына жүргізген мониторинг қорытындысын басшы­лыққа алып, бірнеше ұсыныс әзірледі. Ең алдымен студенттер саны аз, жеке ғимараты жоқ, оқу-зертханалық базасы өте әлсіз, бейініне жатпайтын мамандықтар даярлап жатқан оқу орындарының жұмысына мониторинг жүргізу қажет. Қоғамдық кеңес мүшелері алдағы уақытта өңірдегі ең әлсіз колледж базасында осы мәселені тағы бір рет талқылауға шешім қабылдады.

 

Ақтөбе облысы