Екінші орта салмақтағы әлемнің абсолютті чемпионы Сауль Альварес бірінші ауыр салмақтағы WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы Илунго Макабумен жұдырықтасуға ниетті екені белгілі. Боксшының өзі бұл шайқасқа қандай салмақпен шығуды жоспарлап отырғаны туралы ойымен бөлісті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Әлбетте алдымен Макабу міндетті қарсыласы Табисио Мчунуды жеңуі керек. Альварестің бесінші салмақта топ жаруға деген талпынысы содан кейін ғана мүмкін болмақ. Алайда мексикалық саңлақ Макабумен шайқасқа қай салмақта шыққысы келетінін жайып салыпты.
«Сауль Альварес Макабумен жекпе-жек ұйымдастырылса 180 фунт салмақпен рингке көтерілуге әзір екенін жеткізді», деді WBC президенті Маурисио Сулеймен.
Естеріңізге сала кетейік, бірінші ауыр салмақтың лимиті 200 фунт. Ал «Канело» белгіленген лимиттен тоғыз кило жеңіл салмақпен рингке көтеріліп, өзін сынап көруге белсеніп отыр. Бұл Альварестің бірінші ауыр салмаққа бір ғана жекпе-жек үшін көтерілетінін айғақтай түседі.