• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Елбасы 30 Қараша, 2021

Елін сүйген Елбасы

1709 рет
көрсетілді

Тұңғыш Президент күні мерекесі – мемлекеттің үстем мерейі, үлкен мәр­те­бесі. Ұлтты қастерлеудің, Ұлыны ұлық­таудың ұлағаты. Тарихи деректерге жүгінсек, мемлекетті қа­лып­тас­тырудың бастауында тұрған тұл­ға­ны ұлықтау, егемен ел­дің іргетасын қа­ла­­ған қайраткерді ардақтау әлем ел­де­рінде, оның ішінде демократиялық тұр­­ғыдан іргелі мемлекеттерде қа­лып­тас­қан дәстүр екеніне көз жет­кі­зе­міз.

Мәселен, АҚШ-та мұндай мереке 22 ақпанға белгіленіп, 1880 жылдан бері аталып келеді. АҚШ халқы Джордж Ва­шин­г­тонның еңбегіне тарихи тұрғыдан зор баға беріп, бұл мерекені елдік дең­гей­де Президент күні ретінде атап өтіп, мек­тептерінде Құрама Штаттардың бар­лық президенттерінің тарихын біліп, елдің дамуын зерделеу күніне айналған. Үндістандықтар 2 қазанда Махатма Ган­ди­дің туған күнін атап өтсе, Түркияда 19 мамыр Ататүрікті еске алу күні деп жа­рия­ланған. Мұндай дәстүрлер – халықты игілікті бастамаларға, жас ұрпақты ұлы мұрат­тарға жетелей отырып, жақсыны ба­ғалауға, кеткен кемшіліктерден сабақ алу­ға үйрететін өнеге.

Биыл тәуелсіз ел болғанымызға – 30 жыл. Бұл – әлем картасында ойып өз орнын алған Қазақстанның орда бұзар жасы. Бабалар ұлан-ғайыр жерімізді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, сан ғасыр егемен ел болуды арман етсе, сол ар­манына 1991 жылы ұрпағының қолы жетті.

Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қ­а­лап, шекарасын бекітіп, әлемге танытып, бүгінгідей беделді әрі қуатты мемле­кет болуы­мызда Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі ұшан-теңіз.

Бүгінде жаңарған, жаңғырған Қазақ­стан­ның осы жылдар ішіндегі шыққан биігін барша әлем Елбасы есімімен тікелей байланыстыруының өз орны бар. Сондықтан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мемлекеттік мерекесі – тәуелсіздік шежіресіндегі ең маңызды даталардың бірі.

2011 жылғы 14 желтоқсанда «Қазақ­стан Республикасындағы мерекелер тура­лы» заңға толықтырулар енгізіліп, 1 жел­тоқ­сан – Тұңғыш Президент күні болып бел­гі­ленді.

Бұл күн бекерге таңдалған жоқ. 1991 жылдың 1 желтоқсаны күні тәуелсіз Қазақ елінде алғаш рет президенттік сайлау өтіп, онда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халықтың зор сенімімен, сайлаушылардың 98,78 пайыз дауысымен жеңіске жетті.

Биыл бұл атаулы мемлекеттік мерекеге 10 жыл толыпты.

Елбасымыздың саяси көшбасшылық феномені тарихқа Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы, дана стратег, ұлы реформатор және әлемде қазіргі замандағы аса көрнекті саяси көшбасшы ретінде енді. Елбасы ұғымын осы күні алғаш рет еліміздің заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев өзінің Президентке арнаған тілек сөзінде айтқаны белгілі.

Сырбойылық, Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов: «Пре­зи­денттік орынға үміткерлердің бар­­шасын білемін. Бірақ Нұрсұлтан Әбішұлы­ның олардан өзге, биікте көрсе­те­тін үш қасиеті бар деп білемін. Бірінші, ол қаршадайынан жердің демін, нанның дәмін, тердің иісін сезіп, өзі де солардың қатарында өскен. Екінші қасиеті – қараша үйдің көсеуінен бастап, алып зауыттың күрегіне дейін қолынан өткізген адам. Үшіншіден, хал­қы­ның рухани мол мұрасын аңызынан бастап бүгінгі келбетіне дейін ана тілінде оқып, бойына сіңірсе, орыс әдебиеті ар­қы­лы әлемдік әдебиеттің үздік үлгілерін өз әдебиетіндей таныған, оқыған, тоқыған адам», деген еді.

Еліміз тәуелсіздіктің даңғыл жолына түскен кезде мемлекетіміз бен оның халқының алдындағы орасан зор жауап­кер­шілік жүгін мойнына алып, ұлттық рухты ояту, мемлекеттілікті жандандыру тек көреген Көшбасшының ғана қолынан келері анық.

Алдымызда не күтіп тұр, дүние жүзі картасында алар орнымыз қандай болмақ, экономикалық хаостан қалай шығамыз, сан сауал алдымызды ораған шақта прог­рес­сивті өркениеттік даму жолына бастар тұлғаның болуы – біздің бағымыз еді.

ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында Қазақ елінің бұрын болмаған жаңа қа­дам­ға бет бұрып, алға жылжуы 90-жыл­дар­да­ғы күрделі тарихи кезеңге сәй­кес келді. Сол себепті елдің бірінші Көш­басшысы факторы тағдыршешті еді. Өзіне жауап­кер­­шілік ала білу, елдің дамуына нақты көз­қараспен қарау және оны қорғай білу – әлем­дегі тарихи тұлғалардың ең басты қа­­сиеті болды.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан тарихында АҚШ-тағы Джордж Вашингтон, Түркиядағы Мұстафа Кемал Ататүрік, Франциядағы Шарль де Голль, Малай­зия­да­ғы Махатхир Мохаммад, Синга­пур­дағы Ли Куан Ю секілді жаңа мем­ле­ке­тіміздің даму жолында орасан зор рөл атқарды.

1990-жылдардың басында Тұңғыш Пре­зидентіміз мемлекеттік дамудың бар­­­лық саласын реформалаудың өзін­дік бағ­дар­ламасын әзірлеп, ұлттық жаң­ғыр­туды табысты жүзеге асыра алды. Ол өзінің «алдымен – экономика, содан кейін – сая­сат» даму формуласын ұсынды. Бүгінде бұл тәжірибе «Назарбаев моделі» немесе «Қазақстан жолы» деген атпен танымал.

Тәуелсіздіктің қалыптасу жылдары Елбасы үшін де, ел халқы үшін де оңай болды деп ешкім де айта алмайды. Бұрынғы кеңестік жүйе де бұзылды, байланыс та үзілді. Шындығын айтсақ, Қазақстан бұ­ған дейін аграрлық-шикізат қосымшасы ре­тінде қарастырылып келді. Бұл өз кезе­гін­де тәуелсіздігімізді алғаннан кейін көптеген сын-қатерге төтеп бер­уі­міз­ге әкелді. Ескі технологиямен өнім шы­ғара­тын зауыттар тоқтап қалды. Қа­зақ­­стан­ның экономикалық жағдайы нашарлады. Жұмыссыздық артып, жаппай эко­но­микалық көші-қон басталды. Айлап еңбекақы, зейнетақы берілмеді. Электр энергиясы жетіспей, көгілдір отын арман болғаны да күні кеше еді.

Нарықтық экономикаға ұмтылған елде мемлекеттік институттарды басқарудың және ұйымдастырудың әміршілдік-әкімшілік тетіктері сақталды.

Елбасы ең алдымен, ішкі экономикалық жағдайды қалыпқа келтіруге аса мән берді. Ал елдің жағдайын көтерудің бір жолы – инвестиция тарту болатын. Осы мақсатта алыс шетелдермен ынтымақтастық байланыстар орнатылды. Өндіріс орындарын жаңа заман сұранысына қажетті тауарлар шығаруға бейімдеді. Саяси-экономикалық реформалар сәтті жүзеге асырылды. Біз соның нәтижесінде үлкен қиындықтарды жеңе білдік.

Қазақ елі Тәуелсіздік жылдарында қан­шалықты толымды табыстарға қол жет­кізсе, оған Сыр елі де өз үлесін қосып келеді.

Елбасының Сыр халқымен байланысы неде десек: ең алдымен, мәдени мұ­ра­лардың асыл көмбесі, талай тарихты қойнауына бүккен, талай тарланды қанаттандырған Қызылорда жайлы Ел­басының «Сыр – Алаштың анасы» деген қанатты сөзі ойға оралады. Тоқ­са­ныншы жылдардағы тоқырау ке­зе­ңінде экологиялық апат аймағы ре­тін­де тарап кеткелі тұрған Сыр елі Тұң­ғыш Президентіміздің дана саясатымен тәуелсіз ел тарихындағы өз орнын сақтап қалды.

Екіншіден, Арал теңізін сақтап қалуды әлемдік тұрғыда көтерді. Еліміздің ер­те­ңіне сенген Елбасы Аралды сақтап қа­лу мақсатында ғасыр жобасы атанған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС) жобасын және облыс­ты таратпау жөнінде тарихи шешімдер қабылдады. Бұны қазір саяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да өте көре­генділікпен жасалған шешім деп айтуы­мыз­ға әбден болады.

Үшіншіден, отандық ғарыш кеңістігін өркендетті. Қызылорда облысы – Қазақс­тан­да ғана емес, әлемде ғарыштық кешен орналасқан стратегиялық маңызы бар өңір. Ғарышты игеру бүгінде өркениетті әлемнің басты мәселесіне айналғаны анық. Осы ретте қазақ жерінде, соның ішінде Сыр еліндегі «Байқоңыр» ғарыш кешенінен қазақ азаматтарының ғарыш ке­ңіс­тігін бағындыруы да кемеңгер көш­бас­шының саяси салмағының басымдығы мен жүргізген саясатының дұрыстығы болатын.

Елбасының қолдауымен 1991 жылы 2 қазанда Байқоңырдан алғаш рет қазақ Тоқтар Әубәкіров ғарышқа аттанды. Бұл еліміздің ғарыштық әлеуетін дамытуға серпін берді. 1993 жылдың ақпан айында Тұңғыш Президентіміздің Жарлығымен отандық ғарыш саласын дамытатын өкілетті мемлекеттік орган құрылды. 1994 жылы Қазақстан мен Ресей Байқоңыр ға­рыш айлағын сақтап қалу мен қалпына келтіру мақсатында мемлекетаралық келі­сімге қол қойылып, елдегі ғарыштық құ­рылымдардың инфрақұрылымы жүйе­лен­ді. Содан бері Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетовтер қазақ баласының ғарышқа ұшу ғана емес, ғарышта ғылым-зерттеулер жүргізу арманына жол ашып берді.

Төртіншіден, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолы арқылы ел мен елді, жер мен жерді жақындатты. Бұл құрлықаралық автокөлік дәлізінің Қазақстанға тиесілі 2 787 шақырымы 5 облыс аумағынан өтетін болса, оның ең көп бөлігі, яғни 812 шақырымы Қызылорда жерінен өтеді. Бұл барлық ауданы темір жол мен автокөлік жолының бойында орналасқан Сыр елі үшін тиімді екенін айту керек. Бүгінгі күні өңірдегі жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 2,5 есеге артып отыр.

Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Сыр елі қарқынды дамып, индустриалды-аграр­лық өлкеге айналды.

Бұл жылдары өңір экономикасына 4 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Жалпы, өңірлік өнімдегі өнер­кәсіп өндірісінің үлесі 1991 жылғы 11 пайыздан 30 пайызға дейін, ал ауыл шаруашылығының үлесі соңғы 10 жылда 3,9 пайыздан 6,3 пайызға дейін артты.

Күріштің өнімділігі мен жалпы алын­ған өнімі бүгінде 1991 жылғы көр­сет­кіштерден 1,5 есеге өсті.

Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде мал шаруашылығында бүгінде мал саны 1991 жылғы деңгейден, яғни ірі қара мал басы 223,1 мың бастан 342,4 мың, жылқы 71,3 мың бастан 164,7 мың, түйе 26,0 мың бастан 51,5 мың басқа дейін өсіп отыр.

Өңіріміз жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілері санының өсу қарқыны бойынша елдегі үздіктердің қа­тарында (облыс – 106,6%, республика – 104,5%).

30 жыл ішінде 8 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Берілген тұрғын үйлердің көлемі 1991 жылғы 260 мың шаршы метрден бүгінде 600 мың шаршы метрге дейін жетті.

Бүгінде облыс халқының 97 пайызы орта­лықтандырылған сумен қамтамасыз етіл­се, 67 пайызы жыл соңына дейін таби­ғи газды тұтыну мүмкіндігіне ие болады.

Бүгінде өңір бірқатар көрсеткіш бо­йынша оң динамикаға қол жеткізіп, күр­­­­делі проблемалар шешілді. Жұ­­­­мыс істеп тұрған кен орындарының сар­­­қылуына байланысты жаңа кен орын­да­­рын іздеу мақсатында биыл Арал те­ңі­зі акваториясының «Батыс» және «Шығыс» учаскелерін, сондай-ақ Сыр­дария шө­гін­ді бассейні аумағының бір бөлі­гін сейсмикалық барлау бойынша жоба-сметалық құжаттама әзірлеу аяқ­та­лады. 2022 жылы сейсмикалық барлау жұмыстарын басталады.

Индустрияландыру бағ­дарламасының үшінші бесжылдығы (2020-2025 жж.) аясында құны 543 млрд тең­геден асатын 46 инвестициялық жоба іске асуда, бұл өз кезегінде 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Биыл құны 45 млрд теңгені құрайтын, қолданысқа түскенде 500-ге жуық жұмыс орны ашылатын 4 жобаны іске қосу жоспарлануда.

Шағын орта бизнесті дамыту мақса­тын­да Қызылорда облысының 2023 жыл­ға дейінгі экономикалық даму картасын жүзе­ге асыру жалғасуда. Бүгінгі күні жал­пы құны 9,5 млрд теңгеге 163 жоба (1,5 мың жұмыс орны құрылған) іске қосылды, оның ішінде биыл 74 жоба (2,3 млрд теңге), 426 жұмыс орны құрылды.

Сыр елі – жыр елінде «Рухани жаң­ғы­ру» бағдарламасы сәтті жүзеге асуда.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты республикалық ақындар айтысы, Сыр сүлейі Кете Жүсіп Ешниязұлының 150 жылдығына арналған «Жырлансын, Тәуелсіздік жыр бұлағы» атты жыршы-жыраулар байқауы өткізілді.

Биыл аймақта Ыбырай Жақаевтың 130 жылдығы аталып өтіп, Жалаңтөс Баһадүрдің 445 жылдығына орай Қаза­лы ауданында ескерткіші орнатылады. Келер жылы Халық қаhарманы Роза Бағ­ланованың 100 жылдығына орай Қы­зылордада әсем ескерткіші бой көтер­мек. Сондай-ақ тарихи-мәдени мұра­ларымызды сақтау мақсатында ежелгі Бәбіш мола және ортағасырлық Жанкент, Сы­ғанақ қалашықтарында қазба жұ­мыс­та­ры жалғасуда.

Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тәуел­­сіздік жылдарындағы жетістікті бір ғана Қызылорда облысынан-ақ көруге бо­ла­ды» деген сөзі міне, бүгінгі Сырдың кел­бетін дәлелдеп тұр.

Бүкіл түркі әлеміне ортақ тарихи тұлға, философ, абыз Қорқыт атаның «Ауыр жүктің мехнатын тұғыр емес, тұлпар білер» дегеніндей, тәуелсіз елі­міз­дің жүріп өткен жолы кемеңгер Көш­бас­­шының кемел істерімен тығыз бай­ла­­нысты екенін жас ұрпаққа жеткізіп отырудың маңызы зор.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі мерекесі құтты болсын!

Елі сүйген, елін сүйген кемеңгер Елбасымыз аман болсын!

 

Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА,

Қызылорда облысының әкімі