• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 30 Қараша, 2021

Ғарышты игеруден басталған егемендік

693 рет
көрсетілді

Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойымен бірге қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкердің ғарышты бағындырғанына да үш онжылдықтың жүзі толды. Бұл жайлы еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстанның егемендігін орнату ғарышты игеруден басталды», деп естеліктерімен бөліскен еді бір сұхбатында. 

Байқоңыр – Қазақстанның бірден-бір артықшылығы 

Ғарыш индустриясы кең өркен жайған бүгінгі заманда дәулеті тасып тұрған кез келген азаматтың жұлдызды аспанға саяхаттауға мүмкіндігі бар. Ал осыдан 15-20 жыл бұрын мұны елестетудің өзі қиын болатын. 90-жылдары коммерциялық мақсат түгілі бір елдің ғарышкерін көкке ұшыру оңай шаруа емес еді. Соған қарамастан, дербес мемлекет ретінде Қазақстан екі бірдей азаматын ғарышқа жіберуге мүмкіндік алды.

«30 жыл бұрын 31 тамызда Байқоңыр ғарыш айлағы Қазақстанның меншігі болып жарияланып, 2 қазанда қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров арнайы экспедицияның құрамында «Мир» орбиталық кешеніне ұшты.

Байқоңыр – әлемдік экономикалық бәсекедегі Қазақстанның бірден-бір басымдығы саналады», деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сыр өңірінде орналасқан ғарыш айлағы еліміздің қарамағына өткен бойда Тұңғыш Президент алғашқы қазақты орбитаға жіберуді ойластыра бастайды. Іске келгенде бұл идеяны жүзеге асыру қиынға соғатынын жақсы түсінді Елбасы. Неге десеңіз, кез келген экипаждың тізімі бірнеше жыл бұрын жасақталады.  

«Одақтық ғарыш ведомствосының біздің ғарышкерді орбитаға жіберуге аса құлқы жоқ болды. Өйткені кезекте тұрған өз адамдары бар еді. Бірақ бұл мәселені тез арада шешкім келді. Бұ­ған қоса Михаил Горбачевпен Қорға­ныс министрлігімен өткен күрделі келіс­сөз­дердің нәтижесінде осы мәселе реттелген болатын», деп сол кезеңдегі жағдайды «Қазақстан жолы» кітабында Нұрсұлтан Назарбаев суреттегені есімізде.

Әубәкіров ұшуы керек

Мемлекеттік деңгейдегі келіссөз­дердің нәтижесіне сәйкес ғарышқа аттанатын тұңғыш қазақтың сапары 1991 жылдың қыркүйек-қазан аралығына белгіленіп, бұл тарихи миссияны орындайтын үміткерлерді іздеу жұмыстары қолға алынады.

«Үміткерлерді әскери ұшқыштардың арасынан іздеп, КСРО Қорғаныс ми­нистрі­нен Әскери әуе күштерінде қызмет ететін қазақ ұшқыштарды қарас­тыруды өтіндім. Екі-үш адамды тапқанымен біреуі де талапқа сәйкес келмеді. Бір­де газеттен Алматының маңындағы Шым­бұлақ тау шаңғы курортында жерлесіміз әскери ұшақтардың сынаушы ұшқышы Тоқтар Әубәкіровтің демалып жатқанын оқып қалдым. Уақыт оздырмай оны бірден өзіме шақырдым. Біресе жасы 45-те, біресе денсаулығы келмейді деп әуре-сарсаңы көп болды. Бірақ мен табандап талап еттім, ақырында ол ұшты», деп еске алады Елбасы. 

Заманауи Қазақстан тарихындағы маңыз­ды оқиға 1991 жылдың 2 қазанын­да орын алды. Атап айтқанда, Тоқтар Әубәкіров Александр Волков және аустриялық Франц Фибекпен бірге «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен «Мир» орбиталық кешеніне аттанған-ды.

Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер орбитада 7 күн 22 сағат 12 минут және 40 секунд өткізді. Қазанның 10-да ол қазақ даласына сәтті қонып, әлем тарихында КСРО-ның 72-ші және соңғы ғарышкері ретінде қалды.

Ғарышқа жасаған сапар жайлы Тоқтар Әубәкіров: «Жерге қарап тұрып, оның миллиардтаған жұлдыз бен планетамен салыстырғанда кішкентай әрі қорғансыз екеніне көз жеткізесің. Оның түсі қайталанбас – ерекше көгілдір реңк­ті. Бұрын-соңды мұндай түсті көрген емес­­пін. Ғарышта көбінесе анамды қат­ты сағындым. Жерге оралғанға дейін бұл сағы­нышым басылмай тұрды», деген еді.

Сөз орайы келгенде айта кетейік, Т.Әубәкіров ұшаққа жанармайды әуеден екі рет толтыртып, Солтүстік полюс­ке жеткен Одақ көлеміндегі бірінші ұшқыш. Соны­мен қоса әскери авиация­ның шебері алғашқылардың бірі болып, «Тбилиси» әуе крейсерінің палубасынан дыбыстан да жылдам МиГ-29 жой­ғыш ұшағын әуеге көтерген. Осын­дай жетістіктері арқылы оның есімі Гиннес­тің рекордтар кітабына енді. Осындай ерліктері үшін оған 1988 жылы Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ол «Ғарыш-Қазақстан» бағдарламасының негізінде орбитада ғылыми тәжірибе жүргізіп, құрғап қалған Арал теңізінің үстіндегі тұзды құйындарды тіркеумен бірге медициналық мақсатта қан сынамаларын алды.

Ашық кеңістікке шыққан алғашқы қазақ

Ал Талғат Мұсабаев ашық ғарыш кеңістігіне шыққан алғашқы қазақ ғарышкері ретінде танылды. Оның орбитаға үш мәрте ұшқанын ескерсек, тұтастай ашық кеңістікте 44 сағаттай болып, ғарышта өткізген жалпы уақыты 341 тәулік 9 сағат 46 минутты құраған.

Алғашқы сапарында, яғни 1994 жылы «Союз ТМ-19» кемесінің құрамында ол инженер ретінде ұшқан болатын. Бірінші миссиясында кеме бортынан тыс екі рет шығып, нақты айтқанда 9 қыркүйекте – 5 сағат 6 минут және 13 қыркүйекте – 6 сағат 1 минуттай уақыт­­ты ашық кеңістікте арнайы тапсырманы орындаған.

«1994 жылы қарашаның 4-нде Арқа­лықтан шамамен солтүстік-шығыс­қа қарай 77 шақырымдай қашық жерде қондық. Нұрсұлтан Әбішұлы – ғарышкерлерді шығарып салып, күтіп алған әлемдегі жалғыз Президент. Иллю­минатордан байқалған алғашқы көрініс – сайын даламен келе жатқан Прези­дент болды. Арқалықтың қараша айындағы көрінісі және капсулаға жақындаған Мемлекет басшысының ағалық мейірімі өмірімдегі жарқын сәттердің бірі ретінде есте сақталатыны сөзсіз.

Республика сарайында өткен мереке­лік жиынның бірінде Нұрсұлтан Әбіш­ұлы бізбен байланысқа шығып: «Мен сені шығарып салдым және өзім қарсы аламын», деген еді. Елбасы сөзінде тұрды.

Отанымызға оралғаныма қуанып, бұған қоса Президенттің өзі қарсы алып тұрғанын көріп, аяққа тік тұрып кеттім. Барлығы таң қалды. Неге десеңіз, мұндай әрекетті жасауға болмайды. Әдетте ғарыш­керлерді капсуладан көтеріп алып кететін, мен керісінше тік тұрып, Мем­лекет басшысына миссияның сәтті аяқтал­ғанын ана тілімізде баяндадым. Елба­сы құшақтап, алғысын жеткізді. Нағыз қайталанбас сәт. Осыдан соң бар­лық ға­рыштық экспедициядан Жерге орал­ған­да аяққа тұрып, жүруді дағдыға айнал­дырдым. Бұл – жеке ұстанымым. Прези­денттің өзі қарсы алатындықтан сап түзеп тұру керек», деген болатын Т.Мұсабаев.

Осыдан 20 жыл бұрын тарихтағы алғашқы ғарыш туристі Байқоңырдан ұшқаны мәлім. 2001 жылы 60 жастағы америкалық кәсіпкер Денис Титоға ғарышқа саяхаттау мүмкіндігі бұйы­рып, осы сапарда «Союз ТМ-32» экипа­жының құрамында Т.Мұсабаевтың да болғанын айта кеткен орынды.

 

Дербес мемлекеттің үшінші ғарышкері

Айдын Айымбетов Тәуелсіз Қазақ­станның үшінші ғарышкері. 2015 жыл­дың 2 қыркүйегінде ол Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз ТМА-18М» ғарыш кемесімен 2-ші бортинженер ретінде орбитаға аттанды. Халықаралық экипаж құрамында ресейлік ғарышкер, 1-ші бортинженері Сергей Волков, Дания король­дігінің астронавты Андреас Мо­ген­­сен болғанын айта кету керек. Қазақ­стандық ғарышкердің сапары 9 тәулік 20 сағат 13 минут 51 секундқа жалғасты.

Бастапқыда қазақ ғарышкерін атал­ған сапардың қатысушысы ретін­де ғана тіркеу жоспарланыпты. Алайда қазақ­стан­­­дық тараптың талабына сәйкес отан­дасы­­­мыздың мәртебесі біліктілігіне сәйкес 2-ші бортинженері болып өзгертілді.

10 күндік сапар барысында Айдын Айымбетов ғарыштағы ғылы­ми зер­ттеу­лердің 5-ші ұлттық бағдар­ламасын іске асырды. Алғашқы 4 ғарыш бағдарламасы 1991 жылы Тоқтар Әубәкіровтің миссия­сы кезінде, сондай-ақ 1994, 1998 және 2001 жылдары Талғат Мұсабаевтың сапары аясында орындалды.

Үшінші ғарышкердің зерттеу бағ­дар­л­амасы 10 ғылыми тапсырманы қам­тыды. Оның ішіне Арал және Каспий теңіз­дерінің экологиялық жағдайына мониторинг жүргізу сынды елімізге қатысты өзекті мәселелер кірді.

«Айдын Айымбетов тәуелсіз Қазақ­стан­ның үшінші ғарышкері атанды. Заманауи тарихымызда осы ұлы оқиғаға кәсіби тұрғыдан үлесін қосқандардың бәріне алғыс айтамын. Бүгінде бұл – жер шары тұрғындарының ең ұлы миссиясы. Байтақ жерімізде бүкіләлемдік ғарыш айлағы – Байқоңырдың алпыс жыл бойы жұмыс істеп келе жатқа­нын мақ­тан тұтамыз. Дүние жүзі ғарыш­кер­лерді Қазақстаннан шығарып салады. Адам­зат­тың ғалам туралы таны­мын кеңей­­тетін экспедициялардан кейін олар­­ды осы жерден қарсы аламыз. Жар­ты ғ­асырдан астам уақытта 38 елдің 545 ғарышк­ері ғарыш кеңістігінде болып қайтты. Олардың қатарында Қазақ­­стан азаматтары да бар. Айдын Айым­­бетов­­тің сәтті сапары еліміздің ғарыш жыл­на­масының жаңа парағын ашты», деп Елбасы үшінші ғарышкерге Қазақстан­ның Халық Қаһарманы атағын берген еді.

 

Отандық ғарыш индустриясының дамуы

Егемен ел ретіндегі ғарыш ин­дуст­рия­сындағы алғашқы қадамдар 2000 жыл­дардың басында қолға алынды. Айталық, 2004-2005 жылдары алғаш­қы мемлекеттік бағдарламаны іске асыру мақсатында негізгі салалық кәсіп­орындар құрылды. Оның ішінде «Қазақ­стан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-ны ерекше атап өтуге бола­ды. 2007 жылы Елбасының Жарлығы­мен Ұлттық ғарыш агенттігі құрылып, ве­домство төраға­сы Талғат Мұсабаевтың бастамасымен компанияның атауымен бірге оның тұтас­тай стратегиялық құрылымы өзгер­ді. Ұлттық компанияның миссия­сы айқындалып, бағыт-бағдары белгі­лен­ді. Осылайша, елордада заманауи ғарыш технологияларына арнал­ған инфра­құрылымды құру бойынша алғашқы қадамдар жасалды. Бұл идея Жерді қашық­тан зондтау ғарыш жүйесін, дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесі­нің жерүсті инфрақұрылымын, сол се­кілді Ғарыш аппараттарын құрас­ты­ру-сынақ кешенін құруды қамтиды.

Ғарыш аппараттарын басқаруда жерүсті кешендерінің маңызы зор. Осы орайда отандық спутниктердің қалыпты жұмысын қамтуда «Ақкөл» байланыс орталығының орны бөлек. Өйткені байланыс пен хабар тарататын Kazsat ғарыштық жүйесін қалып­тастыру ісі дәл осы жерүсті ғарыш инф­рақұрылымынан басталды. Оның жұмысын Республикалық ғарыш байланыс орталығы қадағалайтынын айта кет­кен жөн. «Ақкөлдің» қызметіне теле­ком­муникациялық спутниктердің тех­ни­калық және баллистикалық сипаттама­ларын басқарып бақылау, сондай-ақ KazSat сериялы ғарыш аппарат­тары­­ның пайдалы жүктемесінің мони­торингі кіреді. Бұл ғарыш байланыс орта­лы­ғы елордадан 108 шақырым қашық­тықта орналасқан. 2008-2009 жылдары Kazsat-2 бағдарламасы мен 2012-2013 жылдар кезеңінде Kaz­Sat-3 жо­басы арқылы техникалық жаңғырту жұмыс­тары жүргізілді. Нәтиже­сінде, «Ақкөл» ITU Халықаралық электр бай­ланыс ода­ғы­ның спутниктік радиобақылау стан­са­ларының бірыңғай тізіміне енгізілді.

Қазір Республикалық ғарыш байланыс орталығы Kazsat-2 және Kaz­Sat-3 екі байланыс спутнигінен тұратын Kazsat байланыс және хабар тарататын қазақ­стандық ғарыш жүйесінің штат­тық жұмысын қамтамасыз етеді. Ғарыш аппараттарын басқару Ақмола облы­сын­дағы «Ақкөл» негізгі жерүсті кешені мен Алматы облысындағы резерв­тік «Көк­терек» ғарыш байланыс орта­лы­ғы­­нан жүргізіледі. Бүгінде Kazsat жүйесі­нің жүктемесі шамамен 74%-ды құрайды.

Kazsat байланыс спутниктерінің қыз­меттерін еліміздің аумағында 13 мыңнан астам спутниктік байланыс стансалары бар 15 отандық байланыс және хабар таратушы оператор пайдаланып келеді.

Бұдан бөлек, Қазақстан мен Ресей үкі­меттері «Байқоныр» ғарыш айла­ғын тиімді пайдалану мақсатында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге қол қойған болатын. Аталған кешенде коммерциялық ғарыш бағдарламалары мен жобаларды, сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің ұлттық ғарыш жобаларын жүзеге асыру көзделген. Осыған байланысты 2005 жылы «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорыны» акционерлік қоғамы құрылды.

Бұл келісімге сәйкес Байқоңыр ғарыш айлағында жерүсті ғарыш инфрақұ­ры­лымының нысандары негізінде «Бәй­терек» ғарыш зымыран кешенін құрып, бірлесіп пайдалану бағытында тараптар ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары мен шарттарын айқындады.