Шымкентте Тұңғыш Президент күніне арналған мерекелік шара өтті, деп жазады Egemen.kz.
Салтанатты жиында сөйлеген сөзінде қала басшысы 30 жыл бұрын Мемлекеттік Туымыз тұғырға қонып, елтаңба мен әнұран – мақтанышымыз болып бекітілгенін атап өтті. Сондай-ақ, аталмыш концертте түрлі салада топ жарып жүрген бірқатар қызметкерлерді Мұрат Әйтенов Алғыс хатпен марапаттады.
Тәуелсіздік дәуірінде Қазақстанның толағай табыстарға қол жеткізгенін атап өткен қала әкімі Мұрат Әйтенов мерекенің мән-маңызына тоқталды.
«Өздеріңіз білесіздер, 1991 жылғы 1 желтоқсанда өткен алғашқы жалпыхалықтық сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақстандықтардың 98,7 пайыздық қолдауымен Қазақстан Республикасының Президенті мандатын иеленді. Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіз ел болу үміті қайта жанды. Шешуші сәтте ел тізгінін алған Нұрсұлтан Әбішұлы, осыдан 30 жыл бұрын кедергіні – мүмкіндікке, тәуекелді – табысқа айналдырды. Осылайша қазақ халқы мемлекеттік Тәуелсіздігін жариялап, асқақ арманға қол жеткізді», деді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов
Бұдан бөлек, шаһар басшысы Шымкенттің республикалық дәрежедегі қалаға айналуын – Тұңғыш Президентіміздің жобасы екенін мақтанышпен айтатынын жеткізді. Ең бастысы, Елбасының ел тарихында алғаш рет заң жүзінде рәсімделген және әлем мойындаған мемлекеттік шекараны бекіткенін айтты. Сондай-ақ, әкім түрлі салада үздік еңбек атқарып жүрген бірқатар азаматтарды Алғыс хатпен марапаттады.