• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
08 Мамыр, 2010

АЗАМАТ АЖАРЫ

622 рет
көрсетілді

Әнекең еңбекке ерте араласты. Мектептегі оқуаралық демалыс­тарда және мектеп бітіргеннен кейін екі жылдай ауылда еңбек етті. Жоғары оқу орнын бітіріп, диплом алғаннан соң 1968 жылы Отырар ауданының “Қожатоғай” кеңшарында бас бухгалтердің ор­ынбасары болды. Жалпы, есепке деген табиғи таланты оның жұ­мысты тез арада меңгеріп, жоғары сапа деңгейінен көрінуіне септігін тигізді. Сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға да қызу араласып, өзінің ұйымдастырушылық қабі­летінің арқасында, қолынан іс ке­летін азамат екендігін көрсете біл­ді. Сөйтіп, 1973 жылы “Овцевод” кеңшарының бас бухгалтері болып тағайындалды. Әнекең бұл кеңшарда төрт жылдай қызмет атқарған соң, 1973 жылы туған ауылы – Шәуілдір қаракөл қой зауытына бас бухгалтерлік қыз­метке ауыстырылды. Бұл қызмет­те ол 1980 жылдың ортасына дейін болып, одан әрі республика Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен “Шілік” кеңшарына директор болып барды. Әнекең “Шілік” кеңшарын­дағы әуелгі 600 га суармалы жер көлемін 2080 гектарға жеткізді. Жаңа жер ашу үшін Шәуілдір тас жолын қаздырып көпір салды­ра­ды, Шаян өзеніне екі жерден кө­пір салдырып, жаңа жерге жү­ге­рі дақылын екті. Күтімі жақсы бол­ғандықтан жүгерісі бітік өсті. 1982 жылы Д.А.Қонаев облыс басшысы А.Асқаровпен бірге ар­найы келіп, жүгеріліктегі алқапты көреді. Сон­да бір сағаттай уақыт бол­ған мем­лекет басшысы жүге­рі­шілермен жүздесіп сұхбаттас­қан­нан кейін, өзіне арнайы дайын­далған дастар­қан басында шай ішіп отырып, еселі еңбек жемісіне көңілі толып, шаруа­шылық бас­шы­сы Ә.Сейіт­жановқа өзі­нің ризашы­лық сезі­мін білдіреді. Әнекеңнің шаруашылыққа сі­ңірген еңбегі әлі де ел есінде. Сол кезде ауылда 25 орындық ау­рухана салынды. Орталықтан клуб бой көтеріп, елге тұрмыстық қыз­мет көрсететін үй ашылды. Ұлы Отан соғысының 40 жылдығына орай үлкен ескерткіш орнатылды. Ескі Шілік елді мекенінен 8 жыл­дық мектеп, орталығынан АТС ашылып, үйлерге телефон байла­нысы тартылды. Тоған салып, ауылды су алу қаупінен біржолата құтқарды. Мал шаруашылығы бойынша “Шілік” кеңшары бұ­рын ірі қараны бордақылап келген болатын, енді 25 мың қой қабылдайтын жайды қоса сал­дырып, қойды да бордақылап семіртіп мемлекетке өткізіп тұруға қол жеткізілді. Осындай өрелі істер атқарған ди­ректор Ә. Сейітжанов 1986 жы­лы қызметінен босап, “Шәуілдір” кеңшарына бухгалтерлік қызметке тұрды. Бұл көп білетін, іскер, арлы, ізденгіш, “құп мейліге” жоқ өр мінез турашыл азаматтың аудан басшылығына жаға қоймағандығы болса керек. Бір жылдан соң бас бухгалтердің орынбасарлығына жоғарылатылды. Одан бас бухгал­тер, ал 1992 жылы “Көксарай” банкінің басқарма төрағасы болып тағайындалды. 1995 жылы “Көк­са­рай” акционерлік қоғамының пре­зиденті қызметіне жалпы жиналыс­та сайланды. Бұл, бұрынғы Кеңес Одағы ыдырап, еліміз егемендік алған тұста Әнуар Сейітжанов мырзаның өмір талабына сай жаңа іс бастағандығының белгісі еді. Ел тарихында тұңғыш рет ауылдық жерден банк ашып, оны басқару дегеніңіз бухгалтер үшін ерен ерлікпен тең іс. Мұнда да Әнекең өзін іскерлік қырынан көрсете білді. Алғашқы кәсіпкерлер мен шаруашы­лықтар­ды қаржыдан тарықтырмады. Сол кезде Отырар астық қабылдау кәсіп­ор­нына 16 млн., “Көкмардан” қауым­дастығына 10 млн., “Овце­вод”, “Қожатоғай”, “Ақтөбе” ша­руа­шылықтарына 3 милионнан не­сие қаржы бөліп, қалжыраған қан­ша­ма ұжымдарға демеушілік жа­сады. Қаншама фермерлерге несие қаржы беріліп, тыңайтқыш, техни­ка, ауыл шаруашылығы құ­рал-сай­мандарын алуға мүмкіндік жасал­ды. Ұзындығы 36 шақырым бола­тын ескі канал арнасы жаң­ғыр­ты­лып, соның бойы­мен халық­қа су жет­кізіліп берілді. Бұл жақ­сылық­тар әлі де талай­лардың есінде болса керек. Кезінде Көксарай каналының тартылуы жөнінде Әнекең: “Бұ­рынғыдай барлығы мемлекеттен емес, өзіміз өндіріп, өзімізді, елді өзіміз асырауымыз керек еді. Сырдарияға насос қойып, су тартуға жанармай жоқ, сондықтан да судың өзі ағып келетін канал қазу керек болды. Ауыл қарияла­рымен ақылдаса келе, 1933 жылы халық қазған каналды қайта жаң­ғыртуды жөн көрдік. Наурызбай мен Әмит қариялар каналдың бұрынғы жобасын көрсетіп берді. Көміліп қалған канал орны аршы­лып, ұзындығы 36 км. болатын, канал бойымен елге су жеткізіліп берілді” деп сыр тиегін ағытады. Зейнеткерлікке шыққан соң үйде жатып дем алса да болар еді, жұмыс десе 10 баланың әкесіне үйде де жұмыс ағылып-төгілер еді. Бірақ Әнекең оны қанағат тұта қоя ма, 2004 жылы “Қарлығаш” шаруа қожалығын ашып, содан бері жеке кәсіпкер ретінде тасын өрге до­малатып келеді. Сонымен қатар Әнекең қоғамдық істерден ешбір қол үзіп көрген емес. Ауылдың төбе биі ретінде елде болып жатқан әрбір келеңсіз жәйіттерді тезге салу орайында да, орынды-орынсыз бас­қа тірліктерге де би­лік айтып, қариялық жасап жүр. Көксарай ауыл әкімшілігінде 10 ауыл биі бар. Әнекең солардың басын біріктіріп отырған төбе биі. Бұрыннан ауыл өмірімен тығыз байланыста жүретін Әнекең содан бері біршама игілікті істер ат­қарды. Солардың арасындағы ең маңыздысы – Көксарайда соңғы уақытта жол апаты, кездейсоқ жағдайдан, жастардың орынсыз жүріс-тұрысынан қайғылы жағ­дай­дың белең алып бара жат­қа­нына тойтарыс беруге бүкіл ау­ылдың назарын аударуы. Елдегі игі жақсылардың, әр буын өкіл­дерінің басын қосып, бұл жағдайды тәртіпке келтіруге көп болып жұмылуды ұсынды. Ол көпшіліктен қолдау тапты. Тәртіп әр шаңырақтан басталуы тиіс еді. Осы жағдай жете түсіндірілді. Әлеуметтік көмекке зәру от­басыларының жағдайын зерттеуді де Әнекең назардан тыс қал­дырып жүрген жоқ. Солардың арасында кейбіреулердің ата-анасы бақуатты бола тұра, әлеу­мет­тік көмек сұрауы ұят-ақ. Әне­кең осы жағдайды жас отбасының ата-анасымен әңгіме өткізу ар­қылы шешіп жүр. Перзентіңді бөлек шығардың екен, оған сауып ішетін сауын сиыр беруге қинал­ма. Сиырды қимайды екенсің, лақты ешкі бер. Оның сүтін нә­рестесіне береді. Осылай түсінік жұмыстарын жүргізу арқылы талайлардың береке-бірлігі артып, талайлар тіршілігін жалғастыруда. Иә, Әнекең осындай тыным­сыз жан. Өз үйінің шаруасын да тап-тұйнақтай етіп, ұршықтай үйірген. Балаларды да шаруаға бейім етіп үйреткен. 10 бала өсі­ріп отыр. Соның бәрі бүгінде же­тілген, өмірден өз орнын тапқан атпал азаматтар. Шерәлі БІЛӘЛ, филология ғылымдарының докторы.