• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
04 Наурыз, 2014

Маңғыстау деген бұл аймақ

727 рет
көрсетілді

Табиғи байлығымен «Майлы қиян» атанған Маңғыстау өткен ғасырдың екінші жартысынан бас­тап өзгеше түлеуді бастан кешіре бастады. Бағзы дәуірде керуен жолдарының алтын көпірі ретіндегі міндет-мәртебесін, бақ-беделін жер қыртысындағы мұнай қоры алмастырды. Одақтың төрт тарабына аты жайылған мұнайлы өңірдің «құлағын жымып, сұрлана қалған» даласында Ақтау сынды ақмаржан қала бой көтеріп, шартараптан ағылған сан ұлт өкілдері білек біріктіре еңбек етті. Бүгінгі Маңғыстау азат елдің тілектеріне сай дамуға ұмтылуда. Тек қазба байлықтары ғана емес, әлеуметтік-эконо­мика­лық серпінге қажетті туристік, ло­гистикалық әлеуетке ие. Қа­зақстан үшін әлемге ашылған қақпа саналатын Ақтау теңіз порты – ел дамуының негізгі саласының, басым бағыттарының бірі болмақ. Өңір өткен жылды тұрақты даму ырғағынан жаңылмай, оң өзгерістермен аяқ­тады.  Мұнай мен газ өндіруді  2012 жылмен салыстырғанда 102% артықшылықпен еңсерді. Шағын және орта кәсіпкерлікті өркендету, жаңа өндіріс орындары мен  әлеуметтік нысандарды іске қосу арқылы 23 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылды. Ашулы да азулы арыстандай гүрілдей атылған ақжал толқындарына бауырын төсеп еркелей тербелген  құс төресі – аққудың, су бетінен өз көлеңкесін қызықтағандай қалықтай ұшқан шағалалардың мекені – қарт Каспий жағасында маңдайын күнге сүйгізіп Ақтау қаласы қас­қайып тұр. Өн бойына өнер мен мәдениетті, шаттық пен салтанатты, ерлік пен адалдықты,  байлық пен бақытты ұйытқан жарты ғасырлық ғұмыры бар жас қала  алысқа асқақтай көз салып, аршынды адыммен алға ұмтылуда. Бағыты – болашақ, діттегені – даму, сенері – білім мен еңбек. Бір қолымен көк теңізбен көрісе жетектескен қала екінші қолын алып аймаққа емірене  созады. Орталық қаладан басталған сәттілік шуағы Қарақия арқылы Жаңаөзен қаласына  жалғасып,  Мұнайлы, Түпқараған, Маңғыстау мен Бейнеу аудандарына тарап жатқан тәрізді. Ал барлығы тұтаса келе киелі Маңғыстау даласының бүгінгі даму ырғағын еселеп, тұлғалана, сомдала түседі. Маң даласы тарихи-мәдени ескерткіштердің мәңгілік ме­кеніне айналып, 362 әулие рухы тербеген дала ұлы қазақ елінің, азат қазақ даласы мен тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің қиырындағы шағын бөлшегі, осы бөлшектің күш-қуатының өзі ерен тылсымға ие. Жаңғыра бер, қазақ даласы! Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы.