• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Елорда 02 Желтоқсан, 2021

Елордада газбен жүретін автобус сынақтан өтеді

176 рет
көрсетілді

Елордалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ержан Диханбаев газбен жүретін қоғамдық көліктерді сынау ниеті туралы айтты. Спикердің айтуынша, газ автобустарын сатып алу мәселесі зерделенуде, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Бүгінде елордада 99 электроавтобус бар. Қазір қосымша газ автобустарын сатып алу мәселесін қарастырып жатырмыз. Қыс мезгілі де келіп жетті. Тестілік режимде бір газ автобусын жалға алғымыз келеді. Оның тиімділігін тексеріп көруіміз керек, өйткені бастапқыда қаладағы автобустар газда болуы керек еді. Қалада газ болмағандықтан, дизельді отынмен жүретін автобустарды сатып алуға тура келді», деп түсіндірді қалалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, газбен жүретін автобустардың жағымды тұстары көп. Олар дизельмен жүретін автобустарға қарағанда экологияға зиян келтірмейді. 

«Қыста мұндай автобустарды даладағы тұрақтарда қалдыруға болады, себебі газдың қату температурасы - 120 градус. Ал олардың құны электр автобустарының құнынан әлдеқайда арзан. Осылайша, бюджетке де үлкен жүктеме түспейді. Болашақта елорда аумағында қоғамдық көліктерді жаңарту нұсқасын қарастырудамыз, себебі қалада қатынайтын автобустардың 20%-ы ескіріп қалған», деп толықтырды Ержан Диханбаев.