Күздің қара суығы түсісімен-ақ қараша халықты қалың ойға жетелейтін көп сұрақтың бірі осы. Құзырлы органдар «көмір бағасы көтерілмейді» деп сендіргенімен, түпкілікті тұтынушыға баратын отынның құны қашанда бас айналдырады. Міне, бұл жолы да Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі баға тұрақты болады деп ресми мәлімдеме жасады.
Бұл жерде министрлік кеніштерден сатылатын көмірдің бағасын меңзеп отыр. Демек отынның одан кейінгі бағасында ведомствоның шаруасы жоқ. Яғни баға белгілеу тетігі әдеттегідей тасымалдаушылардың қолында қалмақ. Ал министрлікпен көмір бағасының өсуіне жол бермеуді көздейтін меморандумға қол қойған ірі көмір өндіруші компаниялар өңірлердегі көтерме сатып алушыларға отынды белгіленген бағамен жеткізеді.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, көмір өндіруші кәсіпорындардың, оның ішінде «Шұбаркөл Көмір», «Қаражыра», «Майкөбен-Вест», «Богатырь Көмір» компанияларының орташа бағасы тоннасына 5 600 теңгені құрап отыр. Министрліктің мәлімдеуінше, бұған қоса тауар биржасында көмірді сату кезінде баға дәлізі белгіленеді. Онда көмір сатуға арналған өтінім бағасы базалық бағадан 98 пайыздан төмен және 102 пайыздан жоғары болмауға тиіс. Осылайша, бағаның нарықтағы ауытқу тетігі (бағаның өсуі және төмендеуі) қарастырылып, сатып алушылардың сұранысы ескеріледі. Мысалы, сұраныстың болмауына байланысты «Сат-Көмір» мен «Кузнецкий разрезі» компаниялары өнімдерін сатпаған.
Осы орайда көмір өндіруші компаниялардың бағасы әртүрлі екенін атап өткен жөн. Өйткені көмір өндірудің өзіндік құны әр кәсіпорында әртүрлі. Өзіндік құнға кен орнының тау-кен геологиялық жағдайлары, өндіру технологиясы, механикаландыру кешені, игеру жүйесі және басқа да факторлар әсер етеді. Сондай-ақ жабдыққа, электр энергиясына, отынға, әлеуметтік міндеттемелерге кететін және өзге де шығыстар көмір өндірудің құнына кіреді.
«Көмірдің бөлшек саудадағы бағасы оны сату, аймаққа жеткізу, жалға алу құнына, теміржол тұйықтарына, қызметкерлер жұмысына, көмірді түсіруге және тиеуге арналған техникаға кететін, сондай-ақ компаниялардың саудалық үстеме бағасына байланысты қалыптасады. Көмір бағасының өсуіне отынның тоннасын 25 мың теңгеге дейін көтерген жергілікті жерлердегі «алыпсатарлар» әсер етіп отыр. Теміржол тұйықтарындағы (Нұр-Сұлтан қаласы) көмірдің орташа бағасы тоннасына 13 мың теңгені құрап отыр», деп хабарлады Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.
Ведомство елімізде көмір тапшылығы жоқ және болмауға тиіс деп мәлімдеді.
«Жылу беру маусымына дайындық процестің әрбір қатысушысының өз құзыреті шеңберінде нақты және үйлесімді жұмысын талап етеді. Көмір кәсіпорындары көмірдің қажетті көлемін өндіруге, ал теміржолшылар көмірді өңірлерге дер кезінде тасымалдауға жауапты. Жергілікті атқарушы органдар тұтыну көлемін жоспарлауға, көмір сатып алуға арналған тендерлерді уақтылы өткізуге, сондай-ақ өз өңіріндегі көмір қорларын бақылауға міндетті. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жергілікті атқарушы органдардың өтінімдеріне сәйкес көмір өндіру және оны өңірлерге жеткізу процесін қадағалайды», делінген министрліктің хабарламасында.
Соңғы деректерге сүйенсек, еліміздегі көмір өндіруші компаниялар 2021 жылдың 10 айында 89,3 млн тонна көмір өндірген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен шамалас. Былтыр дәл осы уақытта 88,1 млн тонна көмір өндірілген екен.
«Энергия өндіруші және өнеркәсіптік кәсіпорындардың өтінімдерін, сондай-ақ коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен тұрғындар үшін көмір жеткізуге өтінімдерді орындауда кідіріс жоқ», деп хабарлады ведомство. Дегенмен қыркүйек айында ауа райының күрт суытуына байланысты еліміздің орталық және солтүстік аймақтарында көмірге сұраныс артқан.
Бұл ретте «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы күзгі-қысқы кезеңде көмірді тиеп жөнелтуге деген өтінімдердің артуына орай жүк жөнелтушілерге жылжымалы құрамды уақтылы беру үшін «Қазтеміртранс» компаниясын 16 мыңнан астам вагонмен қамтамасыз еткен. Көмірді сату кезінде халық арасында қолайсыз жағдайлар туғызбас үшін министрлік көмір өндіруші кәсіпорындармен және «Қазақстан темір жолымен» бірлесіп, жылу беру маусымының басында әкімдіктерге коммуналдық-тұрмыстық көмір қорын алдын ала шоғырландыру туралы ұсыныс берген. Әкімдіктердің мәліметтеріне сәйкес 2021 жылғы 22 қарашадағы жағдай бойынша жалпы жоспарға қатысты (2021 жылғы 1 мамырдан бастап 2022 жылғы сәуірге дейін) көмір қорымен қамтамасыз ету көлемі коммуналдық-тұрмыстық сектор үшін – 97,4 пайызды, тұрғындар үшін 93,9 пайызды құраған.
«2021 жылғы 6 қарашада министрлікте әкімдіктердің, көмір өндіруші кәсіпорындардың және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы өкілдерінің қатысуымен халықты көмірмен қосымша қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Бұл мәселе бойынша кеңестер министрлікте тұрақты түрде өткізіледі. Нәтижесінде, өңірлерге көмір жөнелту көлемін ұлғайту туралы шешім қабылданды. Халықты және коммуналдық-тұрмыстық секторды көмірмен толық қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тұрақты бақылауда», деп хабарлады Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.