Тағы бір қалам қаңтарылды. Тағы бір талант ұшы-қиыры жоқ ұзан дүниенің мәңгілік сапарына аттанды. Жауһар дүниелері жаһанды жалт қаратқан, әр жалғыздың жанынан табылған мэтр келместің кемесіне жүгін артты. Тағы бір суреткер әлем ғайыпқа айналды... Қазақ киносының қара нары, хас шебері, жазушы, драматург, режиссер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сатыбалды Нарымбетовтің өнер жолындағы шексіз кеңістікті бетке алған ұлы сапары, оның прозалары, кинокартиналары туралы бірауыз сөз айтқымыз келеді.
Рас, дара құбылыс күнтізбедегі ғұмыр керуенін шөгерді, бірақ оның кесек-кесек картиналары өз уақытында мәңгілік қозғалыста дер едік. Дәуірлерден-дәуірлерге, түрлі қоғамдық-саяси формациялардың көңіл күйлерін арқалай көшкен суреткер идеялары ешқашан өлмейді. Тарих шын мәнінде – қатталған уақыт. Ол өз оқырманын, өз көрерменін күтуші.
Сатыбалды феномені уақытқа, адам жанына, ұлт тарихына осы тұрғыдан үңілген болатын...
«Көзден жүрек іздеймін, жүректен көз іздеймін» депті нар Нарымбетов! Ол шынымен де өмір бойы жоқ түгендеумен жолда болған жазушы еді... «Ассалаумағалейкум, Атлантидасынан» басталған ұлы іздеу оның өмірлік миссиясына айналды. Шынында да әр адам өмір бойы өзі әлдеқашан алыстап кеткен, тіпті ешқашан орала алмайтын балалық шағына қайтумен болады. Әлбетте, әрқайсымыздың түпсанамызда бір-бір Атлантиданың шөгіп жатқаны шындық. Бар екенін, болғанын, сенде сол ұлы мекенде өмір сүргеніңді білесің, сезінесің, бірақ ешқашан қайтып бара алмайсың, ешқашан оның болғанын ешкімге тура өзің түйсініп тұрғандай түсіндіріп, сендіре алмайсың... Ол – сонысымен де Атлантида... Сатыбалды шығармашылығындағы осынау түпсіз сағыныш оның кейінгі кино әлеміне тыңнан түрен салған классикалық картиналарынан да көрініс тауып жатты. «Созақтан шыққан Гамлет», «Көзімнің қарасы» бәрі-бәрі суреткердің өз балалық шағына ұзақ созылған қолымен жазылған, сомдалған, таспаланған тарихы болатын.
Атлантида құбылысы – әр адамның ішкі жоғалуы, соған мәңгілік сапарға шығуы екені рас. Тіпті Атлантида туралы құстардың өзі өтірік айта алмайтыны қызық. Әйтпесе жаймашуақ жылы құрлықтың құстары азынаған Атлант мұхитын тоқтаусыз кесіп өтіп, қанаттарының асты жұдырықтай болып іскен қалпымен Америкаға қарай ұшпас еді. Олардың түп жады бойынша сол Атлант мұхитының ортасында құрлық болуы керек еді, алайда ол бүгінде жоқ, бірақ арғы ата-бабалардан жеткен гендік код жаңа ұрпақтың санасында әредік-әредік жаңғырып отыруына байланысты құстар дүркін-дүркін солтүстікті бетке алып кетіп отырады. Атлантидаға қонамыз деген ататек ақпарат оларды сөйтіп, ұзақ сапарға кей-кейде аттандырады.
Жоғалған Атлантидасына мәңгілік ұшып бара жатқан жазушы жанкештілігі осы тылсым құбылысты есімізге түсірді. Сатыбалды Нарымбетов те өзінің арғы тарихына деген бейсана борышы арқылы үнемі қарсылық пен қарама-қайшылыққа толы ғұмыр кешті... Өзінің ата-бабаларының аманатын арқалай жүріп ол қазақтың жоғын түгендеді. Ол өзінің әлдеқашан жоғалып кеткен «Атландидасын» іздеді...
Бір қызығы – оның үнемі сексеуіл туралы айтып жүретіндігі. Біз әдетте сексеуіл туралы әңгімелегенде М.М.Сперанскийдің: «Қазақтар шөлейтте өсетін, балтамен ұрып сындыра алмайтын сексеуіл ағашы сияқты. Сексеуілді тек бір-біріне ұрып сындыруға болады. Қазақтарды да бір-біріне айдап салып, әлсіретіп барып бастарына құлдықтың қамытын кигізе аламыз» деген сөзін білеміз. Режиссер Сатыбалды ұлттың осы бір қателігі туралы көп айтқан адам бола тұрса да сексеуілдің басқа қасиетін де ұмытпай айтатын.
«Бір мүшел жас сайын адамның қаны тазарып тұрады дейді ғой. Өзіңді-өзің жаңартып, тазартатын бір сәттер болады. Сексеуілді жаққан кезде мынадай әдет-ғұрып бар: сіріңкенің зәру кезінде, шоқты күлдің астына көміп қоя салады. Таңертең ашсаң, сол күйінде тұрады. Балалық шақ та сол сияқты...» депті бірде. Иә, балалық шағының шоқтай жайнаған ыстығы, оған деген сағыныштың ешқашан өшпейтіндігі туралы жоғарыда айтып кеттік. Біз Сатыбалды сексеуілінің осы бір шоғынан басқа тарихқа көз жүгірткіміз келді.
Оның кейінгі түсірген «Аманат» фильмі тура осы сөздің астарына айрықша үңілген картина деуге болады. Біздің тарих шынымен де көмулі жатқан сексеуілдің шоғындай ыстық жалын, көсейін десең дәл қазір қолыңды күйдіріп алуың да мүмкін, көсемейін десең сықырлаған сары аяз арқаңды қариды...
Иә, Кенесары хан қозғалысының тарихы, оның өкініші кетпес жеңілісі біздің, яғни қарға тамырлы қазақ баласының ұлы трагедиясы екені рас. Алайда Кенесары ханның опат болуы тек Алаш ұранды қазақ ұлысының ғана қасіреті ме еді? Хан Кененің қапылыста қаза табуы – орыс басқыншылығының түркі халықтарына түбегейлі тізе батыруына төтелей жол ашты... Арыстанның абайсызда торға түсуінде әлбетте Сексеуіл саясаты сәтті жүзеге асты... Дала халықтарын бір-біріне айдап салу арқылы арам пиғылды ақ патша кең сахараны иемденді... Сатыбалды «Аманаты» осы бір қанқұйлы тарих беттерін экран арқылы жас ұрпақпен бірге ашқан киногер болды. Бір картина арқылы үш бірдей уақыт өлшемін тоғыстырған «Аманат» сонау Кенесары хан заманынан бергі озбыр отаршылдықты әшкереледі. Қанмен қатталған тарихты шаң басқан архивтерден көтерген Бекмахановтың аянышты тағдыры, сол Бекмахановты бертінде зерттеген бүгінгі буын бар, тіпті ертеңгі келешек ұрпақ бар, бәріміз Сатыбалды камерасының ішінде мидай араласып кеттік. Бұл – Нарымбетовтің шын шеберлігі дер едік. Оның әйгілі Георгий Данелия дәрісін тыңдаған шебер шәкірт екендігін, біз сондай-ақ оның өз киноларында өзін ешқашан көрсетпейтінін, есесіне ұлт болмысын насихаттап отыруынан аңғаруға болады.
Өзінің өмірге келуі де құбылыс екен-ау!.. Егер алдындағы ағалары мен әпкелері тірі болғанда Сатыбалды Нарымбетов молданың алтыншы немересі болады екен. Алайда алдындағы бес бала да екі жастан асар-аспас шетіней беріпті. Содан ата-анасы Сатыбалдыны кіндік шешесінің қойынына 40 күн салып, таразыға сол кездегі ең қат үнді шайы, қант сияқты қымбат заттарға теңгеріп сатып алады. Сатып алынған Сатыбалды кейін өзі де қазақтың дауын, мұңын, кегін, есесін сатып алумен болды. Тағы бір естелігінде айтқандай сөйте жүріп өзіне ештеңе сатып алмаған адам. Сәйкесінше кейбір жолшыбай жазармандар құсап ешқандай сыйлықты сатып алмаған, ешқандай билікке сатылмаған саф...
Кинематография заңы ұлтқа қызмет етуі керек деп өткен Нарымбетов тарихқа ұлттық көзбен қараудың ерен үлгісін көрсетті. «Басқа елдің көкелерінің көзімен емес, өзіміздің, нағыз қазақтың көзімен қарауымыз керек. Елдегі құндылықтар баяу қалыптасып жатыр. Қоғамның ішкі иммунитеті керегін алып, керек емесін синтездеп шығарып тастайтын деңгейге келген жоқ. Барлық тақырыпта дау бар. Әлі күнге дейін кәсіпқойлардың аузымен айтылған, қаламымен жазылған пікір-анализдер жоқ десе де болады. Пікір айтудан гөрі мін іздеуге шеберміз» дейді бір сұхбатында.
Наркескен Нарымбетов десек те жарасады, ешқашан мұқалмаған, қаймықпаған күйі ақиқатқа, шындыққа тік қарап өмірден өткен кесек киногер. Оның жылы жымиған жүзінде мына әлем әр кез тап-таза, пәк, кіршіксіз күйінде көшкен болар.