Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы өңірде қарашаның соңында эпидемиялық ахуал оңалып, індет жұқтырушылар саны азаюы мүмкін екенін, бірақ іс жүзінде жағдай басқаша болуына да күмән тудырмайтынын айтқан-ды. Қазір өңір «сары аймаққа» өтіп, эпидемиялық ахуал біртіндеп тұрақталып келеді.
Өңірде «қызыл аймақтағы» 5 айлық қатаң шектеу шаралары енді «Сары аймаққа» да өтіп, қолданыстағы карантин шараларын сақтау және оның сақталуына бақылауды күшейту жұмыстары басталды. Облыстық эпидемиялық-санитарлық бақылау департаментінің мәліметінше, осы уақытқа дейін жалпы індет жұқтырған 44 254 науқас тіркелсе, 41 173-і індеттен жазылып шыққан. Ал қараша айының соңында «сары аймаққа» өтудің бір себебі, өңірде вакциналау белсенді жалғасуда және Ashyq қосымшасын қолдану қатаң түрде талап етілуде. Сондықтан жедел шаралар нәтижесін беруге тиіс еді. Сонымен бірге облыста індеттен көз жұмғандар саны азайып, қыркүйек айында – 98 адам, қазан айында 62 адам қайтыс болған. Олардың көбінде басқа да аурулары болғаны анықталды. Мысалы, қазан айында ауруханада індет жұқтырған 1 193 адам ем қабылдады. Инфекциялық орындардың жүктемесі 52,4 пайыз болды. Өңірде инфекциялық орындарға науқастардың түсуінің азаюына байланысты қосымша ашылған орындар қысқартылуда. Қазір барлық аудандық ауруханалардағы және облыс орталығындағы инфекциялық бөлімдер жабылды.
Жалпы, басқарманың мәліметі бойынша 14 қарашада ауруға шалдыққандар саны 100-ден асқан болатын. Одан кейін апта бойы індет жұқтырғандардың саны күн сайын азайды. Емханаға түскен науқастарға қажетті оттегі құрылғылары жеткілікті, медициналық персоналдың қажетті мөлшері бар. Емханалардың жанында 166 мобильді бригада, ал ПТР диагностикасын жүргізуге арналған 7 зертхана жұмыс істеуде. Тәулігіне орта есеппен 2 300 ПТР қорытындысы шығарылады.
Елімізде індетке қарсы ревакциналау басталғаны белгілі. Бұл дегеніміз – екпені екі рет қабылдаған адамдар 6-9 ай өткен соң екпені қайта алады деген сөз. Облыста бүгінде 35 адам екпені қайта салдырған. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазір медицина қызметкерлері, дәрігерлер де ревакциналауға қатысуда. Ал ревакциналауға биыл ақпан айы мен наурызда екпе алған адамдар қатыса алады. Жыл соңына дейін 60 жастан асқан адамдар да екпені қайта қабылдайды. Бұл үшін eGov электронды порталы арқылы кезекке жазылады.
– CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in екпесін алғандар ревакциналау кезінде Спутник V немесе Pfizer вакцинасын салдыра алады. Ал Pfizer-ді салдырғандар Спутник V, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in препараттарын қабылдайды. Ресейлік екпені алғандар да қайта вакциналау кезінде вакцинаның 4 түрін таңдай алады, – дейді басқарма өкілдері.
Ревакциналауға қатысқандардың мәліметі электронды құжатта белгіленбек. Қазіргі уақытта облыста екі рет екпе алғандар саны 309 мыңға жеткен.
Облыстық санитарлық-эпидемиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өткен аптаның соңында өңірге Pfizer вакцинасы жеткізілген. Pfizer екпесін алуда облыс орталығы, Екібастұз қаласы мен Ертіс, Баянауыл аудандарының тұрғындары белсенділік көрсетуде. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов та екпені қайта салдырды.
– Ревакциналау қазір емханаларда жүргізілуде. Бұған дейін Спутник V вакцинасын салдырғандар 9 айдан кейін қайта екпе салдырады, QazVac препаратын қабылдағандар араға 6 ай салып ревакциналауға қатысады, – дейді басқарма басшысы.
Жалпы, облыста індетке қарсы екпенің алғашқы данасын 339 мыңға жуық адам салдырса, екінші компонентті 312 мыңнан астам адам алды.
Облыс орталығында карантин талабын бұзған бизнес нысандары да анықталды. Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, мониторинг барысында 26-29 қараша аралығында 62 шағын және орта бизнес нысанында тексеріс жүргізіліп, карантин тәртібін бұзған 26 нысан анықталған. Көбінесе бизнес нысандарында келушілер мен қызметкерлердің бетперде тақпауы, рұқсат етілген уақыттан тыс мерзімде жұмыс істеуі анықталған. Карантин талаптарын бұзған нысандар қатарында Beerlandia, Alpenhof, TUYA мейрамханалары, «Барыс», «Артур», «Квазар», Atrium, «Мирас», «Гулливер», «Тұлпар» сауда үйлері мен Egle аяқ киім салоны және Мир көшесі 52 мекенжайы бойынша көтерме сауда дүкені, Eco bazaar базары, Garage гастро бары, LA casa de papel бар. Барлық анықталған фактілер бойынша шаралар қабылданып, материалдар шешім қабылдау үшін санитарлық-эпидемиялық бақылау басқармасына жіберілді.
Павлодар облысы