Солтүстік Қазақстан облысындағы эпидемиялық ахуал оңалмай тұр. Төрт аптадан бері облыстың матрицалық бағасы «қызыл аймақтан» шыға алмауда. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың айтуынша, осы уақытқа дейін облыста індет жұқтырған 32 393 адам тіркелген. Өткен тәулікте тіркелгендер саны – 138. Тіркелгендердің көбі – Петропавл қаласынан. Облыс орталығында сырқатқа ұшырағандар саны – 67. Аудандар арасында Ресей Федерациямен шекаралас М.Жұмабаев, Жамбыл, Қызылжар аудандарында ауырғандар саны 10-16 арасында болып, жоғары деңгейде тұр.
12-25 қараша аралығында 1 919 жағдай тіркелді. Бұл алдындағы екі аптаға қарағанда 5,3 пайызға төмен. Бірақ қауіп сейілген жоқ. Жекелеген аудандарда сырқатқа ұшырағандар саны тіпті арта түскен. Мысалы, Есіл ауданында 1,3 есе көбейді.
Ресей Федерациясымен шектесетін жолдардағы шекаралық бақылау бекеттері арқылы облысқа жыл басынан бері барлығы 314 145 адам келсе, соның ішінде 165 947 адам ПТР сараптамасының анықтамаларымен жаяу өтті, ал Қазақстан Республикасының 5 782 азаматы анықтамасыз келіп, COVID-19-ға зертханалық тексеруден өту үшін карантиндік стационарларға орналастырылады. Олардың арасынан 315 адамның бойынан індет белгісі табылды.
Ал 72 сағаттан кешіктірмей алынған ПТР әдісі бойынша COVID-19 сынауынан өткені туралы куәліктері болмағандықтан 1 613 шетел азаматына Қазақстан аумағына өтуге тыйым салынды. Шекаралық өткізу-шығару бекетіндегі жаман індетке қатысты жалпы жағдай осындай.
Облыста 260 226 адам вакцинаның бірінші компонентімен егілген. Бұл – тұрғындардың 70,2%-ы. Екінші компонентпен 243 144 егілген, яғни тұрғындардың 65,6%-ы вакцинамен толық қамтылды. 12-25 қараша аралығында 12 жастан асқан жасөспірімдерді, жүкті әйелдерді (жүктіліктің 16-дан 37-ші аптасына дейін), лактация кезіндегі әйелдерді вакциналау жалғасуда. Олардың арасынан 1 567 адам егілді, соның ішінде 1 149 жасөспірім, 371 бала емізетін және 47 жүкті әйел бар. Екпе алғандардың барлығы өздерін жақсы жағдайда сезінеді, жағымсыз реакциялар тіркелмеген. Ал қайта ревакциналау бойынша 978 адам қайта егілді.
«Шектеу шараларының әсерін жалғастыру үшін ең алдымен, вакциналануымыз керек. Өйткені вакциналанбаған адамдар неғұрлым көп болса, аурудың тарау және жаңа мутациялардың пайда болу қаупі соғұрлым жоғары болады. Ал вакциналардың тиімділігіне уақыт өткен сайын көзіміз жетіп келеді», дейді Ә.Жұматаев.
Қараша айының басынан бері 23 адамнан тұратын мониторингтік топ 1 092 нысанды қамтыған 202 рейд жүргізіп, 1,5 млн теңгеге 26 тұлғаны жауапкершілікке тартты. Алайда той-томалақ саны азаяр емес. Дәстүрлі түрде күзде жасалатын отбасылық мерекелер көбейе түскені байқалады.
«Ашық» жобасын бұзушыларға облыста осы айда 4 млн 897 мың теңгеден астам сомаға 126 айыппұл салынды. Бұқаралық ақпарат құралдарында әкімшілік айыппұл төлеген 116 шектеу шараларын бұзушы жарияланды. «Қызыл аймақтан» шыға алмай тұрған өңірдегі індетпен күрестің жалпы ахуалы осындай. Оны тек сақтанумен, соның ішінде маска режімін бұлжытпай орындаумен және вакцина ектірумен тоқтатуға болатыны жайлы жан-жақты ақпараттандыру жұмыстары жүргізіліп келеді.
Солтүстік Қазақстан облысы