Кеншілер астанасындағы Әлия Молдағұлова атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-колледж-интернатында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік лентасы» акциясының ашылу салтанаты өтті.
Тәуелсіздік лентасының тұсауы 2020 жылдың 12 желтоқсанында Қарағанды қаласында кесілген болатын. Биыл ұйымдастырушылар аталған іс-шараны ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және бірқатар тарихи датаға арнады. Олардың қатарында Екінші Шығыс Түркі қағанатының негізін салушылардың бірі, үш бірдей қағанның кеңесшісі болған Тоныкөктің туғанына – 1375 жыл, Шығыс Түркі қағанатының билеушісі Білге қағанның туғанына – 1340 жыл, Қасым Жәнібекұлының хан атанғанына – 510 жыл, Абылай ханның туғанына – 310 жыл, Қазақ хандығының қалыпқа келтірілгеніне – 180 жыл, Әлихан Бөкейханның туғанына – 155 жыл, Әлімхан Ермектің туғанына – 130 жыл және басқа да тарихи тұлғалардың мерейтойлары бар.
«Тәуелсіздік таспасы» акциясын ұйымдастырушылардың бірі Нұржан Сұршаұлы бұл іс-шараның Қарағанды облысын және Нұр-Сұлтан қаласын қамтитынын айтады.
– Акция барысында жастармен кездесіп, Тәуелсіздік таспасында көрініс тапқан тарихи тұлғалар жайлы айтып беруді және таспаларды таратуды мақсат етіп отырмыз. Іс-шарада барлығы мыңнан аса таспа таратылатын болады, –дейді ол.
Тәуелсіздік таспасында қазақ тарихына есімдері алтын әріппен жазылған жеті тарихи тұлға мен төрт тарихи дата, Қазақстан Республикасының жер аумағын бейнелейтін карта мен Түркі қағанатының Бөрілі байрағы көрініс тапқан. Лентаның астыңғы жағында бірінші болып Қазақстан Республикасының қазіргі жер аумағын бейнелейтін карта, одан кейін осы аумақта мекен еткен сақтардың Есік қорғанынан табылған Алтын адам бейнеленген.
Ұйымдастырушылар ел азаматтары Тәуелсіздік таспасын Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекелерінде, салтанатты шараларда тағып жүрсе деген тілек айтады.
– Тәуелсіздік таспасын тағып жүру әрбір азамат үшін үлкен жауапкершілік және оның иегері лентада бейнеленген ұлы тұлғалардың жолын жалғастыруға, сақтауға, оны жас ұрпаққа насихаттауға мүмкіндігі келгенше атсалысса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Н.Сұршаұлы.
Ал таспаны кеудеге тағудың тәртібі Youtube арнасындағы «Тәуелсіздік лентасын қалай тағамыз?» атты роликте көрсетілген екен.
Қарағанды облысы