Сенатта «Ауыл шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары» тақырыбы бойынша парламенттік тыңдау болды. Салалық комитеттің депутаттары тыңдауға дайындық барысында бірқатар шаралар өткізіп, проблемалық мәселелер талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев тыңдауды аша келіп, елімізде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ұдайы назар аударылып отыратынын атап өтті. Алайда Сенат Төрағасы бүгінгі күні әлі де шешілуі қажет проблемалар бар екеніне тоқталды. Олардың қатарында жайылым тапшылығы мәселесін шешу, жеке қосалқы шаруашылықтар мен ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту, ветеринария және агробиотехнология салаларын жақсарту, азық-түлік тауарларының бағасын реттеу және т.б. бар.
«Жалпы ауыл шаруашылығы еліміз үшін стратегиялық салалардың бірі. Сондықтан Мемлекет басшысы осы бағытқа үнемі баса мән беріп келеді. Ауыл шаруашылығын дамытудың экономикалық және әлеуметтік маңызы зор. Бүгінде біздің азаматтарымыздың 40 пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұрады. Олардың табысы мен өмір сүру сапасы аграрлық саланың дамуына тікелей байланысты. Сондықтан жұмыстың осы бағыты Сенатта басымдыққа ие», деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.
Сенат депутаты Мұхтар Жұмағазиев өз кезегінде ветеринарлық қауіпсіздік саласында орын алып отырған проблемалармен жұмыс істеу қажеттігін атап өтті. Сенатор деректерді цифрландыру, жинау және автоматтандыру процестерін дамыту, сондай-ақ жоғары білікті мамандарды оқыту стратегиясын әзірлеу маңызды деп санайды.
«Сенат депутаттары агроөнеркәсіп кешенін дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сапа туралы заң қабылдау және қолданыстағы заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатында қарқынды жұмыс істеп келеді. Ветеринария саласын сауықтыру жөнінде заң, сондай-ақ агробизнестің іскерлік белсенділігін арттыруға және қолайлы инвестициялық ахуал жасауға мүмкіндік беретін басқа да құжаттар қабылданды. Сонымен қатар биыл шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға ауылшаруашылығы жерлерін сатуға және жалға беруге толықтай тыйым салынды», деді сенатор.
Ауыл шаруашылығы саласындағы ағымдағы жағдай туралы министр Ербол Қарашөкеев айтып берді. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі ұлттық жоба бекітіліп, жүзеге аса бастағанын атап өтті, ол ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыруға, қазақстандықтарды отандық өндірістің негізгі азық-түлігімен қамтамасыз етуге, сондай-ақ агробизнес өнімдерінің экспортын екі есеге арттыруға мүмкіндік береді.
Тыңдау барысында «Бәйтерек» холдингінің Басқарушы директоры Мұрат Дәрібаев АӨК-ті дамытудың мамандандырылған институттары туралы, Ұлттық биотехнология орталығының бас директоры Ерлан Раманқұлов ауыл шаруашылығы саласындағы заманауи биотехнологиялық тәсілдер және басқа да мәселелер туралы баяндама жасады.
Сенаттың салалық комитетінің төрағасы Әли Бектаев парламенттік тыңдаудың жұмысын қорытындылай келіп, айтылған барлық ұсыныстар Үкімет пен мүдделі мекемелерге ұсынымдар түрінде жолданатынын атап өтті.