Кәсіпқой бокстан әлемнің экс чемпионы, аса ауыр салмақта сынға түсіп жүрген Энтони Джошуа BBC-ге берген сұхбатында украиналық Александр Усикке қарсы шайқаста жеңілгеніне қарамастан, жанкүйерлер оны чемпион ретінде танитынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Ол күні мен шаршы алаңда мүлде басқаша қимылдай алатын едім. Бірақ олай болмады. Әрине, іс жүзінде шеберлігіңді көрсеткеннен гөрі ауызбен айта салған оңай. Алайда рингте мүлде басқаша әрекет ете алатынымды толық түсінемін. Мен қазір ашуланып жүрген адаммын. Бойымдағы ыза күн өткен сайын өршіп барады. Менің ойымша көптеген кәсіпқой бокс фанаттары белбеулерімнің жоқтығына қарамастан мені әлі әлем чемпионы санайды. Олар менің қайтадан сол биікке көтеріле алатынымды біледі.
Қазір өзіме сырт көзбен қараймын. Жағдайды түзейтін бір ғана жол бар. Шаршы алаңда барымды салуым керек. Жүзімнен күлкінің табы аңғарылғанымен, шын мәнінде менің бойымда ыза мен кек булығып жатыр. Одан құтылудың жалғыз жолы – жаттығу және шаршы алаңда керемет бокс көрсету», дейді ұлыбританиялық боксшы.
Естеріңізге сала кетейік, Энтони Джошуа қыркүйек айында Александр Усикке есе жіберген соң міндетті қарымта кездесуге жедел шығуға ниетті екенін айтқан болатын. Оның бұл ойын Усиктің командасы қуана құп алған.