Биыл қазақ поэзиясының мұзбалағы Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толып, оны еліміз жоғары деңгейде атап өтті. Бірде Ұлттық музейге барғанда ақын көзі тірісінде тұтынған бірқатар құнды жәдігер сақталғанын көрдік.
Бұл заттарды музейге «Ұлттық музейге сый тарту» іс-шарасы аясында ақынның келіні, М.Мақатаев атындағы қордың төрағасы Бақытгүл Айдарова тапсырған екен.
Енді ол қандай жәдігерлер дейсіз ғой, алдымен ардақты тұлғаның өзі киген костюм шалбарын айтсақ болады. Одан кейін тағы бір қымбат дүние −1954 жылы Мәскеуден жарық көрген «Русско-казахский словарь» жинағы. Бұл сөздікті А.Исқақов, Х.Махмудов, Ғ.Мұсабаев сынды авторлар құрастырған. Мұқағали ағамыз көзі тірісінде осы жинақты қолынан тастамаған көрінеді. Сонымен бірге ақын тұтынған кесе мен сабы гүлмен өрнектелген қасық та көзімізге жылы ұшырады. Қысқасы, Ұлттық музейге жолыңыз түсе қалса, алып ақыннан қалған жәдігерлерді көруіңізге болады.