• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ұлттық спорт 06 Желтоқсан, 2021

Ит жүгіртіп, құс салды

676 рет
көрсетілді

Жетісуда құсбегілердің дәстүрлі «Сонар» республикалық турнирі өтті. Биылғы жарыс Ескелді ауданындағы «Тау-Жетісу» демалыс аймағында болды.

Еліміздің түкпір-түк­пірінен жиналған саятшылар осымен жиырма төртінші мәрте ұйымдастырылған «Сонарға» жиналды. Осы жолғы жарысқа елі­міздің 11 облысынан сұңқар, қар­шыға ұшырып, бүркіт бап­та­ған әрі құмай тазы ерткен сек­сеннен астам саятшы келген екен.

– Қаршыға, бүркіт, тазы ит­тердің аң аулаудағы әдіс-тәсілі айрықша дамып келеді. Олардың иелеріне ынта­ландыруға бөлінген қара­жат та соңғы үш жылда өте жақ­сы деңгейге жетті. Мысалы, биыл бірінші орынға бір миллион теңгеге дейін марапат тағайын­далған, – дейді облыстық Дене шы­нықтыру және спорт басқар­масының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев.

Сонымен, биылғы «Сонар» қы­­зықты да тартысты өтті. 4 күн­ге

созылған сайыста тазылар 350-500 метрге жүгіріп жарыс­ты. Жүйріктігі желмен бірдей қа­зақы иттердің ұшқырлығы, ептілігі, сыналды. Осылайша, жотадан естілген қыран құстың қиқуы саятшылардың делебесін қоздырды. Сайыста Алматы облы­сынан қатысқан құсбегі Әйетбай Ермұханның «Нұра» атты бүркіті түлкіге 23 секундта жетіп, «Бүркіт» номинациясында бірінші орынды иеленді. Сонымен қатар «Қаршыға» но­минациясында 1-орынды Сейіт­жан Бексұлтан иеленді. Ал сұңқарлардың арасында «Қа­ракөз» атты құс баласы мық­тылығын танытып, оның иесі Кө­деков Мұрат 1-орыннан көрінді. Және «Құмай тазы» номинациясында «Тұйғын» атты тазы бәрінен озып келіп, бапкері Айдос Оспановтың қанжығасына 1-орынды байлап берді.

 

Алматы облысы