Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Egemen Qazaqstan газетінде жарияланған «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласында тәуелсіздікке оңай жолмен қол жеткізбегенімізді, оны қастерлеу керектігін айтады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«XX ғасыр басында Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы «Әлхамдүллә, алты миллион халықпыз» деген екен. Патшалық Ресейдегі 1913 жылғы ресми санақ бойынша Дала өлкесінде, Түркістан өлкесіндегі қазақтарды қоспағанда, 5 миллион 597 мың халық тұрған. Демек Ахаңның айтып отырғаны – күмән келтірмейтін ақиқат. Ал арада жарты ғасырдай уақыт өткенде КСРО-да 1959 жылы өткізілген санақта Қазақстандағы қазақтардың саны 2 миллион 787 мыңға дейін кеміп, республика халқының небәрі 30 пайызын ғана құраған.
Мен 1989 жылы республикамыздың бірінші басшысы болып сайландым. Дәл сол жылы өткізілген КСРО-ның ең соңғы халық санағының деректері бойынша Қазақстандағы қазақтардың үлес салмағы небәрі 40,1% ғана еді.
Азат еліміздің жастары тәуелсіздікке барар жолдың қандай азапты болғанын, қандай құрбандықтар мен сынақтар – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, азамат соғысы, ашаршылықтың алапат екі толқыны, қуғын-сүргін мен репрессиялар, Ұлы Отан соғысы, тың игеру жылдарындағы жаппай қоныс аударудың зардабы арқылы жеткенімізді білуі керек. Мұның өзі өткен тарихты қастерлеп, одан сабақ алу үшін қажет. Менің «Тәуелсіздік – бабалар қанымен келген киелі құндылық» дейтінім осыдан», дейді Қазақстанның тұңғыш Президенті.