Өткен демалыста Теміртауда жеке үйлердің бірінен өрт шықты. Құтқарушылар оқиға орнынан үй иесі мен жұбайының денесін тапты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Теміртауда отқа абайсыз қарау (темекі шегу) салдарынан тұрғын үйдің ағаш едені, сондай-ақ, жалпы аумағы 15 шаршы метр болатын тұрмыстық заттар мен жиһаздар жанып кетті. Өрт орнында екі адам зардап шекті. Оқиға орнынан үй иесі мен әйелінің денесі табылды. Қайтыс болған 1952 және 1956 жылы туған азаматтар», деп хабарлады Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Приозерск қаласындағы тұрғын үйде болған өрт салдарынан тағы бір адам қайтыс болды.
«Приозерск қаласының Алаш көшесінде жалпы алаңы 15 шаршы метр болатын тұрғын үйдің ағаш қабырғалары мен қалқалары өртенді. Оқиға орнында 1954 жылы туған әйелдің денесі табылды. Оқиғаның мән-жайы, өрттің шығу себебі анықталып жатыр», деп толықтырды ведомстводан.