Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Қазақстан азаматтарының білім беру саласы бойынша Конституцияда бекітілген құқықтарын жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Комиссия төрағасы Игорь Роговтың жетекшілігімен өткен жиында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов баяндама жасап, осы бағытта атқарылған ауқымды жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Басқосуға еліміздің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтары органдарының, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың, білім, ғылым және мәдениет ұйымдарының өкілдері қатысты. Білім берудің барлық сатысында ең алдымен сапалы білім алудың маңыздылығын атап өткен комиссия төрағасы Игорь Рогов: «Біз білімді және бәсекеге қабілетті қазақстандық ұлтты қалыптастыруға ерекше мән беруіміз керек. Өйткені білімді және бүгінгі заман талабына толық жауап беретін кәсіби білікті ұрпақ қана Қазақстанның әлемнің неғұрлым дамыған 30 елінің қатарына тезірек кіруін қамтамасыз ете алады», деді.
Ал отырыста Білім және ғылым министрлігінің жоғары сапалы білім беру бағытында қолға алған іргелі істерін тізбелеп өткен министр А.Аймағамбетов: «Бұл бағытта ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер жеткілікті», деді. Тәуелсіздік жылдары еліміздің білім беру саласында болған оң өзгерістер туралы айтқан ведомство басшысы: «2000 жылдардың басында елімізде апатты жағдайдағы мектептер саны 2 мыңнан асатын. Қазіргі уақытта бұл мәселе толық шешілді. Еліміз егемендігін алғалы бері 2 мыңнан астам жаңа мектеп салынды. Балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші әлдеқайда өсіп, бүгінде 3-6 жастағы бүлдіршіндердің мектепке дейінгі білім алуы 99 пайызға жетті. Мемлекеттік тілде білім беру мәселесі де толығымен шешімін тауып келеді. 1991 жылдары 2 мың балабақшада мемлекеттік тілде білім және тәрбие алуға мүмкіндік болса, бүгінгі таңда қазақ тіліндегі балабақша саны 7,5 мыңға жетті. Тек соңғы үш жылдың ішінде ЖОО-ға гранттардың саны 2 есеге, шәкіртақы көлемі 2-3 есеге артты. Білім беру жүйесіндегі қай саланы алсақ та алға жылжу бар. Мемлекет білім саласында Конституцияда бекітілген кепілдіктерді толық орындап келеді. Жалпы, балаларға білім беруде, білімнің қолжетімді әрі сапалы болуына мемлекет үлкен қадамдар жасады», деп мәлімдеді. Министр сондай-ақ, білім беру ұйымдарының барлық түрін цифрландыру және ақпараттандыру арқылы жаһандық бәсекелестік жағдайында білім беру қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету және сапасын арттыру бағытында атқарылған іс-шараларға тоқталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен дайындалған «Білімді ұлт» ұлттық жобасы аясында қолға алынған жұмыстар жайлы айта келіп министр: «Алдымызда 2025 жылға дейін мың мектеп салу жоспары тұр. Бұл тек білім беретін мекеме тұрғызу деген сөз емес. Ең басты мәселе – сол мектептерді сапалы, білікті мұғалімдермен қамтамасыз ету. Мың мектепке кем дегенде 100 мың мұғалім қажет. Сондықтан да қазіргі уақыттан бастап болашақта сапалы білім беретін педагог даярлау мәселесіне ерекше мән беруіміз қажет. Білім беру гранттарын тағайындағанда, осы бағытта тиісті мемлекеттік тапсырыс бергенде ең бірінші кезекті нарықтағы сұраныс пен қажеттілік назарға алынады», деді.
Талқылау барысында комиссия мүшелері бастауыш, орта, арнаулы орта, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу мәселелеріне ерекше назар аударып, шалғайдағы ауыл мектептерін жоғары білікті педагогикалық кадрлармен толықтыру, олардың оқу-әдістемелік және материалдық-техникалық базасын жетілдіру қажеттігі туралы атап өтті. Мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересек адамдардың білім алуы үшін тең жағдай жасаудың маңыздылығын айтқан министр: «Жалпы білім беретін мектептердің 78,8 пайызында инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалған», деді.
Министрдің мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда елімізде 22 мың жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Олардың 18 мыңнан астамы қамқоршы отбасы мен отбасы үлгісіндегі балалар үйлерінде тәрбиеленіп келеді. Биыл осы санаттағы 929 жеткіншек баспаналы болса, кезекте әлі 59 мыңнан астам бала тұр.
Бүгінгі таңда өзекті болып тұрған буллинг мәселесін де сөз еткен А.Аймағамбетов еліміздің 6973 жалпы білім беретін мектебінде 7724 педагог-психологтің жұмыс істейтінін де мәлімдеді.
Жиында сонымен қатар Д.А.Қонаев атындағы Еуразия заң академиясының ректоры Өмірәлі Жалаири білікті заң кадрларын даярлау және қайта даярлаудың өзекті мәселелеріне тоқталды. Осы тақырыпта баяндама жасаған комиссия мүшесі заң мамандықтары бойынша бакалавриат және магистратураға мемлекеттік білім беру гранттарының санын ұлғайту, сондай-ақ заң мамандықтары бойынша оқытушылардың кадрлық құрамына қойылатын лицензиялық талаптарды арттыру жөнінде ұсыныстарын айтты.
Отырыста комиссия мүшелері ел азаматтарының білім алуға конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету және сапалы білім беру мәселелері жайлы ой-пікірлерін ортаға салып, сапалы білім беру саласындағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландырудың, студенттерге арналған жаңа жатақханалар салудың, еліміздің білім беру ұйымдары үшін жоғары білікті педагогикалық және ғылыми кадрларды даярлаудың маңызын атап өтті.