• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Бизнес 07 Желтоқсан, 2021

Бизнесті берекелі еткен бес жыл

946 рет
көрсетілді

Бұрын бизнес саласына екінің бірі бара бермейтін. Өйткені көпшіліктің түсінігінде кәсіпкерлікпен қалталылар ғана айналысады және бұл қара халыққа қол емес. Санаға сіңіп қалған осы бір қасаң қағиданы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жетекшілік ететін «Бастау Бизнес» жобасы біржола бұзып, халықтың түсінігіне сілкініс әкелді. Қазір жағдай мүлдем өзгерген. Шағын және орта бизнеспен жас та, жасамыс та, жарлы да, малды да айналыса алады. Бастысы ниет болса болғаны. Қолдау түрлері де көп. Сондықтан болар, осы күні ел ішінде жеке бизнесін ашып, берекелі іспен айналысуға бел буған отандастарымыздың қатары қалың. Ал ниеттілердің нөпірі әлі де толастар емес.

Арманды ақиқатқа айналдырады

Рас, қазір қаладағы, ауылдағы ағайын­ның дені реті келсе кәсіп ашуға ты­ры­­сады. Яғни олар кәсіпкерлікпен айна­лысу үшін елімізде қолайлы жағ­дай жасалғанын жақсы біледі. Осы орайда талай жанның асқақ арманын ақиқатқа айналдырған «Бастау Бизнес» жобасының орны ерекше. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты шеңберінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолға алған бұл жоба соңғы 5 жылда халықты кәсіпкерлік дағдыларына баулып, жастардың бизнеске деген қызығушылығын оятты. Сон­дай-ақ ауылдық жерлерде бизнес-орта қалыптастырды. Тұрғындардың бизнес-жобаларын сүйемелдеп, барынша қолдау көрсетті. Бұдан бөлек бизнес-жоспарларды әзірлеуге көмек көрсетіледі. Кредиттік және грант­тық бағ­­дар­ламаларға қол жеткізу мүм­кін­­­дігі жо­ғары. Кеңес беру тетігі де қарастырылған.

Қысқасы, «Бастау Бизнестің» тиім­ді тұсы көп. Соны ұтымды пайда­лан­ған­дардың бірі – Назгүл Ақжолтаева. Қапшағай қалалық әкімдігіне қарасты Шеңгелді ауылының тұрғыны «Бастау Бизнес» жобасы арқылы бизнес әліппе­сін меңгеріп, мемлекеттен грант алған. Осылайша, жартылай дайын өнімдер шығаратын шағын цех ашты. Бүгінде жас кәсіпкер 5 мың тұрғыны бар Шеңгелдіні өз өнімімен қамтамасыз етіп отыр.

– Мамандығым – педагог. Жеке цехымды ашқанға дейін онлайн-бизнеспен айналыстым. Дүкенім болса деп армандадым. Жеке өндіріс ашсам деген мақсат қойдым. Осылайша, торт, бәліш пісіре бастадым. Жеміс-жидектен сыйлыққа арналған «гүл шоқтарын» жинап, саттым. Идеямды өндіріс тұрғысынан дамытуға «Атамекен» ұлттық кәсіпкер­лер палатасы Қапшағай қалалық филиа­лының мамандары көмектесті. «Бастау Бизнес» арқылы арнайы курстан өтіп, қайтарымсыз грант алуға өтінім бер­дім. Алған білімім арқылы тұрып жатқан өңірге талдау жүргіздім. Сөйтіп халық тарапынан консервантсыз, жаңа мұздатылған жартылай дайын өнімдерге сұраныс барын анықтадым. Мемлекеттік қолдау арқылы шағын цех аштым. Енді өз дүкенімді ашу үшін жұмыс істеп жатырмын, – дейді Назгүл Ақжолтаева.

Кәсіпкерге «Еңбек» бағдарламасы аясында 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грант бұйырып, жартылай дайын өнімдер шығаратын цехқа қажетті жабдықтарды сатып алған. Цехта тұшпараның үш түрі, варениктің үш түрі, котлеттер, қырыққабат орамы, манты, хинкали, самса, фаршталған бұрыш шығарылады. Ол ай сайын Damdi Alem брендімен 120 килограмм өнім ұсынып отыр.

– Тұшпараларды қолдан түйеміз. Қамыр мен еттің сапасын сақтауға тырысамыз. Химиялық қоспаларды қолданбаймыз. Клиенттерге сақтау мерзімі қысқа, жаңадан мұздатылған өнімдерді ұсынамыз. Көкөністердің шырынын пайдаланып, түрлі-түсті тұшпара сатамыз. Қазір өзіммен бірге екі адам жұмыс істейді. Келер жылы өнім ассортиментін ұлғайтып, дүкен ашуды жоспарлап отырмын, – дейді кәсіпкер.

 

Жобаға кімдер қатыса алады?

«Бастау Бизнес» жобасының негізгі мақсаты – кәсіпкерлік қызметке тарта отырып халықтың экономикалық белсенділігін арттыру. Ал халықтың дені экономикалық белсенді тұрғынға айналатын болса, ел экономикасы да жаңа деңгейге көтеріледі.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы хабарлағандай, «Бастау Бизнес» жобасына жұмыссыз адамдар, жастар, оның ішінде NEET санатына жататын қыз-жігіттер, жас отбасылар, аз қам­тылған және көпбалалы отбасылар, еңбекке қабілетті мүгедектер қатыса алады. Былтыр елдегі эпидемия­лық жағдайға байланысты жоба қысқа мерзімде онлайн форматқа ауыстырылды. Онлайн оқыту курстары арнайы әзірленген Atameken Academy платформасында жүргізіледі.

Оқыту процесі қатысушылардың өзіндік жұмысына, тесттерді орындауға және бизнес-тренерлермен бірлесіп бизнес-жоспар дайындауға арналған. Толық оқу курсы 21 күнтізбелік күннен аспайды және 12 модульден тұрады. Мұнда қатысушыларға бейнесабақтар, конспектілер, презентациялық материалдар, тесттер және бизнес-жоспар құру ұсынылады. Оқыту үдерісі кезінде қатысушыға бизнес-тренер бекітіліп, оларға бизнес-жоспарларды жазуға кеңес беріледі. Оқу аяқталғаннан кейін қатысушыларға екі түрлі сертификат беріледі. Біріншісі – оқуға қатысқаны туралы сертификат, екіншісі – оқуды аяқтағаны туралы сертификат. Соңғысы үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Дәлі­рек айтсақ, оқуды аяқтағаны туралы сертификат (жылдық 6 пайызбен) жеңілдетілген микрокредит алуға немесе 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (583 400 теңге) гранттық қаржыландыру алуға құқық береді.

«Бастау Бизнес» жобасы ауылдық жерлерде және шағын қалаларда ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді қолдау бойынша шаралар кешенін қамтиды. Бұл – бизнес негіздерін оқытуды, бизнес-жоспарларды әзірлеуге көмек көрсетуді, несиелік және гранттық бағдарламалармен тығыз байланыс орната отырып кеңес беруді қамтамасыз ететін ең тиімді құралдардың бірі. Сон­дай-ақ жоба шеңберінде іске асырылған жобаларды 12 ай ішінде, ал көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін 18 ай бойы сүйемелдеу көзделген.

Жобаның нысаналы көрсеткіші – оқытудан өткендердің кемінде 30 пайы­зы бизнесін кеңейтуі және жаңа кәсіп ашуы тиіс. Жоба қолға алынған 5 жылдың ішінде «Бастау Бизнес» бойынша 184 902 адам оқытылды. Оның 122 247-сі немесе 66 пайызы – жұмыссыздар, 56 957-сі немесе 31 пайызы – өзін өзі жұмыспен қамтығандар, 5 698-і немесе 3 пайызы – ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер. Оқыту курстарының нәтижесінде 59 684 жоба іске қосылды. Оның ішінде 39 923 адам немесе 67 пайызы грант алған. 19 761 адам немесе 33 пайызы жобаларын мик­рокредиттер есебінен жүзеге асырған. Шамамен 70 мың жұмыс орны құрылып, 1,6 млрд теңгеге салық төленген.

2021 жылы жоспар бойынша 30 мың адам курстан өтуі керек еді. Бірақ биыл оқуды 33 374 қатысушы аяқтады. Яғни жоспар артығымен орындалды. Оның 64 пайызы немесе 21 283-і – жұмыссыздар, 29 пайызы немесе 9 563-і – өзін өзі жұмыспен қамтығандар, 7 пайызы немесе 2 528-і – ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер. Биыл жоба аясында 15 280 жоба жүзеге асырылған. Оның 3 692-сі оқуды өткен жылдары тәмамдаған қатысушыларға тиесілі. Жоба­сын ашқандардың 11 440-ы немесе 75 пайызы гранттық қаржыландыруға ие болған. 3 840-ы немесе 25 пайызы бизне­сін ашу үшін микрокредиттер­дің көмегіне сүйенген. Жүзеге асырыл­ған жобалардың 9 015-і немесе 59 пайы­зы – ауыл шаруашылығы саласына, 6 265-і не­месе 41 пайызы сервис, сауда және қызмет көрсету салаларына тиесілі.

 

Микрокредит алудың  жолы қандай?

Жоғарыда айтып өткеніміздей, «Бас­тау Бизнес» түлектеріне жеңілдетіл­ген микрокредит пен гранттық қаржы­ландыру ұсынылады. Осы орайда микрокредиттік ұйымдардан несие алу­дың жолдарын егжей-тегжейлі түсін­діріп өткен абзал.

2021 жылы жобаны жүзеге асыру бірыңғай экожүйеге біріктірілді. Ол оқыту, микроқаржыландыру және жобаларды сүйемелдеуден тұрады. Ел Үкіметі қолдауының нәтижесінде жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 15 «Атамекен» микроқаржы ұйымдар желісі құрылды.

Курсты аяқтағаны туралы сертификаты бар және өзінің бизнес-жоспарын қорғаған «Бастау Бизнес» түлегі ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен жергілікті ат­қарушы органдар бірлесіп құрған микро­қаржы ұйымдары арқылы 6 пайыз­­­дық мө­л­шерлемемен несие алуға өті­нім бе­ре алады. Бұл ретте олар жыл­жымай­­тын мүлікті және жер телімін (ауыл шаруа­шылығы мақсатында қол­даныла­тын жер телімдерін емес) кепіл­ге қоюы керек. Ол үшін әрбір аудан орта­лығында орналасқан өңірлік пала­талар­дың филиалдарына жүгіну қажет. Жоба түлегі тиісті құжаттар пакетін толық ұсынуы шарт.

Өңірлік палаталар жанындағы Кә­сіп­­керлерге қызмет көрсету орталы­ғына құжаттардың толық пакетін тап­сырғаннан кейін менеджер консультант барлық құжаттар пакетін арнайы жүйеге жүктейді. Осылайша, микроқаржы ұйымдарының ішкі қызметтері өтінімді одан әрі қарасты­рады. Өтінімді қарас­тыру мерзімі 15-20 жұмыс күніне тең.

Шағын несиені 5 жылға, ал мал шаруа­шылығы саласында 7 жылға дейін­гі мерзімге рәсімдеуге болады. 2021 жылы ауылдық елді мекендер мен ша­ғын қалалар үшін қарыздың ең жоғары сомасы – 7,2 млн теңгеге (2,5 мың айлық есептік көрсеткіш), қалалар мен моноқалалар үшін – 18,9 млн теңгеге (6,5 мың айлық есептік көрсеткіш), Шымкент, Ақтау, Атырау қалалары үшін 23,3 млн теңгеге (8 мың айлық есептік көрсеткішке дейін) тең.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасының құралдарын қайта қарау және микроқаржыландыруды дамыту мақсатында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік орган­дармен, мүдделі ұйымдармен бірлесіп жұмыс жүргізді. Бүгінде «Еңбек» жұмыспен қамту жол картасына сәйкес, несиелеу шарттары анықталып, шағын кәсіпкерлікті дамытуға 22,5 млрд теңге бөлінді. Жоспар бойынша 2022 жылдың наурыз айына дейін 5 мың жобаны қаржыландыру жоспарда бар.

Сондай-ақ микроқаржы ұйымдары­ның кепілдік саясаты біршама жеңілде­тіл­ді. Мәселен, екінші деңгейлі банк­тер қарастырмайтын кепіл заттарын микроқаржы ұйымдары ала алады. Яғни шалғай ауылдардағы саманнан, қамысты каркастан соғылған үй-жайлар мен қораларды кепілзат ретінде пайдалануға мүмкіндік бар.

Сонымен қатар ауылдағы нысандар­дың нарықтық бағасының 60-70 па­йызына дейін, ал қалада орналасқан нысандардың нарықтық бағасының 80 пайызына дейін несие беру мүмкіндігі қарастырылған. Осыдан-ақ жоба ұсын­ған кепілдік саясатының бірегей екенін аңғаруға болады. Қосымша кепіл­зат ретінде жалға алынған жер телі­мін, авто­көлік құралын және ауыл шаруа­шылығы техникасын қоюға мүмкіндік бар.

2021 жылғы 3 желтоқсандағы жағдай бойынша микроқаржы ұйымдары жалпы сомасы 14,8 млрд теңгеге 2 175 өтінім қабылдаған. Оның ішінде жалпы сомасы 6,5 млрд теңге болатын 1 194 өтінім микроқаржы ұйымдарының кредиттік комитеті арқылы мақұлданған. 989 өтінім Аграрлық несие корпорациясына жолданып, 2,7 млрд теңгеге 479 микрокредит берілді.

 

Қаржылық емес қолдау дегеніміз не?

Бизнес үшін қаржылық қолдаудан бөлек, қаржылық емес қолдау түрле­рі де маңызға ие. Өйткені кәсібін ашқан­­дардың барлығы бірдей құқық­тық, қар­жы­лық нормаларды жетік біле бер­мей­ді. Міне, осындай кезде «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы ұсынатын қар­жы­лық емес қолдаудың тигізер септігі зор.

Еске сала кетейік, ұлттық палата 2015 жыл­дан бастап бизнесті қолдау мен да­мытуға арналған «Бизнестің жол кар­тасы-2025» мемлекеттік бағдар­ла­ма­­сының төртінші бағыты шеңбе­рін­­де қаржылық емес қолдау операто­ры саналады. Бұл ретте «Атамекен» Кәсіп­керлерге қызмет көрсету орталы­ғы арқылы қаржылай емес қолдау­дың бір­неше түрін ұсынады. Атап айтқан­да, кәсіпкерлік қызметті жүргізуге сер­вис­тік қолдау көрсетеді, кәсіпкерлер мен кәсіп ашуға ниетті халықты ақпа­рат­­тық-тал­дамалық дүниелермен қамта­масыз етеді.

Бұдан бөлек экономиканың барлық секторындағы шағын және орта бизнес субъектілеріне көрсетілетін сервистік қолдау шеңберінде мамандандырылған қызметтердің бірқатар түрі ұсынылады. Яғни бухгалтерлік және салықтық есеп­­ке алуды жүргізуге, сондай-ақ ста­тис­тикалық есептілікті жасауға қатыс­­ты қызметтер көрсетіледі. Сырт­қы экономикалық қызметке қатыс­ты консультациялық көмек беріле­ді. Интернет-маркетингке қатысты консультациялық қызметтер көрсетіле­ді. Заң қызметтері ұсынылады. Марке­­тинг мәселелеріне, ақпараттық технологияларға қатысты қызметтер де осы тізімде. Мемлекеттік сатып алуға, ұлттық компаниялар мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларына байланысты қызметтер көрсетіледі. Отандық тауар өндірушіге өндірілетін өнімді өткізуге жәрдемдесу тұрғысынан консультациялық қызмет ұсынылады.

«Сервистік қолдау» құралы аясында 2015 жылдың басынан бүгінге дейін 363 589 сервистік қызмет, шағын және орта бизнес субъектілеріне 264 237 қызмет көрсетілген.

«Халықты және кәсіпкерлерді ақпараттық қамтамасыз ету» құралы экономиканың барлық секторындағы шағын және орта бизнес субъектілеріне, халықтың кәсіпкерлікті бастауға ниетті тобына өтеусіз негізде ұсынылатын ақпараттық-консультациялық қызметтер кешенін қамтиды.

Ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету қызметтері аудандық деңгейдегі кәсіпкерлерге қызмет көрсететін 189 орталық базасында офлайн режімде және қаржылық емес қолдау операторының G4B.kz веб-порталы арқылы онлайн режімде ұсынылады. Онда келесідей қызмет түрлері бар: мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпараттандыру және консультациялар беру қызметтері; кәсіпкерлер мен халықтың кәсіпкерлікті бастауға ниетті тобының өтініштерін сүйемелдеу қызметтері.

«Ақпараттық қамтамасыз ету» құра­лы аясында 2015 жылдың басынан бүгінге дейін 585 751 клиентке 1 215 348 кеңес берілген.