• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Спорт 07 Желтоқсан, 2021

Қарсыласы – әйгілі Кэти Тейлор

146 рет
көрсетілді

Үстіміздегі жылдың соңғы айында әлемнің бірқатар мем­лекеттерінде кәсіпқой бокстан ірі жарыс­тар ұйым­дастырылады. Аталған бәсекелердің біразында біздің өрен­дер де өнер көрсетеді. Солардың арасындағы ең ма­ңыздыларының бірі – 12 желтоқсан күні Ұлы­британияның Ливерпуль қаласында өтетін бокс кеші.

Тұманды Альбион елінде ұйымдастырылғалы отырған жарыстың басты бәсекелерінің бірінде біздің Фируза Шәріпова өнер көрсетеді. 27 жастағы Жам­был бокс мектебінің түлегі кезінде әуесқойлар арасында біраз табысқа қол жеткізді. Солардың арасындағы ең ірісі – 2012 жылы Ұлан-Батырда өткен Азия чемпионатының қола медалі. Шәріпова 2016 жылдан бері кәсіпқой рингте бақ сынауда. Өзінің тұсаукесер кездесуінде ол Олимпия ойындарының күміс жүлдегері, әлемнің екі және Е­уропаның үш дүркін чемпионы, ресейлік Софья Очигаваға қарсы өткізіп, ұпай санымен есе жіберді. Есесіне содан кейін қатарынан 14 жекпе-жекте жеңіске жетті. Сегіз кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Танымал бапкер Ерік Алғабектің шәкірті бұл күндері түрлі нұсқалар бо­йынша алтын бел­беуді иеленуде.

Ливерпульде Фиру­за Шәріпова әйгілі Кэти Тей­лормен күш сынасады. Бұл бәсекеде жеңіл салмақ дәрежесі бойынша WBC, WBA, WBO және IBF нұсқаларының чемпиондық белбеуі сарапқа салынады. Бірден айта кетейік, бұл жекпе-жектің фавориті – Тейлор. 35 жастағы Ирландияның Брей қаласының тумасы кезінде әуес­қой рингті армансыз шай­қаған еді. 60 кило салмақ дәрежесінде сынға түскен ол 2006-2016 жылдар аралығында Лондон Олимпиадасының жеңімпазы, бес дүркін әлем және алты дүркін Еуропа чемпионы атанды.

2012 жылы Лондонда алауы тұтанған Олимпия ойындарының ашылу салтанатында дәл осы Кэти Ирландияның туын ұс­тап шыққаны есімізде. Өзіне артылған сенімді толығымен ақта­ған ол Тұманды Альбионда ал­тыннан алқа тақты. Финалда Тейлор ресейлік Софья Очи­гаваны ұтты. Кезінде айтулы боксшы қарсылас шақ келтірмей, қатарынан бес рет әлем чемпио­натында топ жарғаны жайында біз жоғарыда айттық. Содан 2016 жылы алтыншы рет алтын аламын деп Астанаға жұлқынып келген еді. Бірақ Қазақстанның бас шаһарында Кэтидің жолы болмады. Жартылай финалда ол болашақ әлем және Олимпиада чемпионы, франциялық Эстель Мосселиге есе жіберді.

Жалпы, 2016 жыл Кэти Тей­лор үшін аса табысты болмады. Астанада қола медальды қанағат тұтқаннан кейін ол сол олқылықтың орнын Рио Олим­пиадасында толтырамын деп ойлады. Бірақ Бразилияда да оның бағы жанбады. Ширек финалдық сайыста Тейлор ойда-жоқта финляндиялық Мира Патконненен жеңіліп қалды. Осы сәтсіздіктен кейін Ир­лан­­­дияның даңқты боксшысы кәсіпқойлар арасында күш сы­насуға бел буды. Сол кезден бері шаршы алаңға алты рет көтерілген Кэти барлық бәсекені өз пайдасына шешіп, төрт қарсыласын но­каутқа жіберді. Міне, Ливер­пульдегі жарыс­та біздің Фируза Шәріпованы осын­дай мықты қарсылас күтіп тұр.