Үстіміздегі жылдың соңғы айында әлемнің бірқатар мемлекеттерінде кәсіпқой бокстан ірі жарыстар ұйымдастырылады. Аталған бәсекелердің біразында біздің өрендер де өнер көрсетеді. Солардың арасындағы ең маңыздыларының бірі – 12 желтоқсан күні Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында өтетін бокс кеші.
Тұманды Альбион елінде ұйымдастырылғалы отырған жарыстың басты бәсекелерінің бірінде біздің Фируза Шәріпова өнер көрсетеді. 27 жастағы Жамбыл бокс мектебінің түлегі кезінде әуесқойлар арасында біраз табысқа қол жеткізді. Солардың арасындағы ең ірісі – 2012 жылы Ұлан-Батырда өткен Азия чемпионатының қола медалі. Шәріпова 2016 жылдан бері кәсіпқой рингте бақ сынауда. Өзінің тұсаукесер кездесуінде ол Олимпия ойындарының күміс жүлдегері, әлемнің екі және Еуропаның үш дүркін чемпионы, ресейлік Софья Очигаваға қарсы өткізіп, ұпай санымен есе жіберді. Есесіне содан кейін қатарынан 14 жекпе-жекте жеңіске жетті. Сегіз кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Танымал бапкер Ерік Алғабектің шәкірті бұл күндері түрлі нұсқалар бойынша алтын белбеуді иеленуде.
Ливерпульде Фируза Шәріпова әйгілі Кэти Тейлормен күш сынасады. Бұл бәсекеде жеңіл салмақ дәрежесі бойынша WBC, WBA, WBO және IBF нұсқаларының чемпиондық белбеуі сарапқа салынады. Бірден айта кетейік, бұл жекпе-жектің фавориті – Тейлор. 35 жастағы Ирландияның Брей қаласының тумасы кезінде әуесқой рингті армансыз шайқаған еді. 60 кило салмақ дәрежесінде сынға түскен ол 2006-2016 жылдар аралығында Лондон Олимпиадасының жеңімпазы, бес дүркін әлем және алты дүркін Еуропа чемпионы атанды.
2012 жылы Лондонда алауы тұтанған Олимпия ойындарының ашылу салтанатында дәл осы Кэти Ирландияның туын ұстап шыққаны есімізде. Өзіне артылған сенімді толығымен ақтаған ол Тұманды Альбионда алтыннан алқа тақты. Финалда Тейлор ресейлік Софья Очигаваны ұтты. Кезінде айтулы боксшы қарсылас шақ келтірмей, қатарынан бес рет әлем чемпионатында топ жарғаны жайында біз жоғарыда айттық. Содан 2016 жылы алтыншы рет алтын аламын деп Астанаға жұлқынып келген еді. Бірақ Қазақстанның бас шаһарында Кэтидің жолы болмады. Жартылай финалда ол болашақ әлем және Олимпиада чемпионы, франциялық Эстель Мосселиге есе жіберді.
Жалпы, 2016 жыл Кэти Тейлор үшін аса табысты болмады. Астанада қола медальды қанағат тұтқаннан кейін ол сол олқылықтың орнын Рио Олимпиадасында толтырамын деп ойлады. Бірақ Бразилияда да оның бағы жанбады. Ширек финалдық сайыста Тейлор ойда-жоқта финляндиялық Мира Патконненен жеңіліп қалды. Осы сәтсіздіктен кейін Ирландияның даңқты боксшысы кәсіпқойлар арасында күш сынасуға бел буды. Сол кезден бері шаршы алаңға алты рет көтерілген Кэти барлық бәсекені өз пайдасына шешіп, төрт қарсыласын нокаутқа жіберді. Міне, Ливерпульдегі жарыста біздің Фируза Шәріпованы осындай мықты қарсылас күтіп тұр.