• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
05 Наурыз, 2014

Туған өлкені түлетпек

395 рет
көрсетілді

Катонқарағайдан шыққан кәсіпкерлер бұл мақсатқа 2,3 миллиард теңгенің қаржысын салуды көздеп отыр Шығыс Қазақстан облысында бірнеше жыл бұрын «Туған жерге – тағзым», «Туған елге – тарту» атты акциялар өткізіліп, облыс орталығында, аудандарда осы өңірден шыққан ғылым, мәдениет, әдебиет саласының көрнекті қай­рат­керлері, өнер саңлақтары өз­дерінің кір жуып, кіндік кескен туған жерлерінде бас қосып, әр­түрлі ша­ра­­ларға қатысып, туған аудандарын ұлықтауға атсалысқан еді. Оларды шалғайдағы жергілікті тұрғындар қызу қолдап, ел мақта­нышына айналған өнер, білім сала­­ларының қайраткерлерімен кез­десу­ге арналған шараларға белсене қатысқан. Жақында облыс орталығы Өс­ке­мен қаласындағы Достық үйін­де Катонқарағай ауданының инвес­тициялық форумы «Туған елге – тарту» деген атпен өткізілді. Форум жұмысына Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ж.Омар, катонқарағайлық жазу­­шы Д.Әшім­ханұлы, сон­дай-ақ, Астана, Алматы, Шым­кент, Өскемен қалалары мен облыс аудандарынан келген бір топ кәсіпкер қатысты. Аудан әкімі Дәурен Тілеу­баев форумды аша отырып, жиналғандарды ауданның негіз­гі әлеуметтік-эко­но­микалық көр­сеткіштерімен та­ныс­тырды және кәсіпкер жерлес­теріміздің назарын қандай ба­ғыт­тарға инвестиция салуға бола­тындығы туралы мәселелерге аударды. Катонқарағайдан шыққан кәсіп­керлер бұл мақсатқа 2,3 миллиард теңгенің қаржысын салмақ. Мемлекет шалғайда жатқан ауылдарды дамытуға қаржы жағынан үлкен көмек көрсетуде. «Жұмыспен қамту-2020», «Сыбаға», «Жай­лау» секілді мемлекеттік бағ­дарламалар жүзеге асырылу­да. Осы бағдарламалардың көме­гі­мен жүздеген қосымша жұмыс орындары ашылуда. Алайда, бұл жұмыстардың көпшілігі нау­қандық, маусымдық немесе уақытша жұ­мыстар болып, тұрғындарды, әсі­ресе, ауданнан кетіп жатқан жас­­тарды тұрақтандыру пробле­маласын түпкілікті шеше алмау­да. Қазіргі кезде аудандағы де­мо­графиялық жағдай өте өткір. Аудан мектептеріндегі оқушылар саны жыл сайын 300 балаға азаю­да, бір кезде аудан орталығы болғанда 10 мыңнан астам адам тұратын Катонқарағай ауылында қазір 4600-ақ адам қалған. Шекаралық ауданның мұндай күй кешіп отыруы әркімді ойлан­дыруы тиіс. Сондықтан да, біздің бүгінгі кез­десуіміздің басты мақ­саты – сіздерді қызықтыра отырып, қаржыларыңызды туған аудан­дарыңызға салуға, сөйтіп, жаңа өндіріс көздерін, жастар үшін қо­сымша жұмыс орындарын ашуға тарту. Ауданда іскер, белсенді адамдар үшін инвестиция салатын қызмет аясы жеткілікті. Атап айтқанда, олар – ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуден өт­кізу, туризм, энергетика, сана­торий-курорттық сауықтыру, Катонқарағайдың брендіне айналып, ерекше жарнамалауға ділгер болып отырған қымыз бен балды арнаулы ыдыстармен, сыйымдылығы әртүрлі құтылармен шығару. Орасан бай өсімдіктер дүниесі фармацевтиканы дамытуға қолайлы. Күш-жігер жұмсауға тұрарлық басқа да бағыттар аз емес. Таңдаған жо­ба­ларыңызды табысты жүзеге асыруға біздің тарапымыздан барынша күш-көмек көрсетіледі, деп атап көрсетті Д.Тілеубаев. Форумда Катонқарағай ұлттық табиғи паркінің, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық, энергетика, туризм салала­рының, Катонқарағай ауданаралық ауруханасының өкілдері бірлесе, ынтымақтаса жұмыс істеу жөнін­дегі өз ойларын ортаға салды. Бизнесмендер талқыланып отыр­ған мәселеге өз тараптарынан қы­зығушылықпен ынта білдіре атсалысты. Облыстық мәслихаттың депутаты Лұқбек Тумашинов өз әріп­тестерін болашақта үлкен нәти­же­лерге қол жеткізетін шағын болса да нақты істен бастауға шақырды. Марат Татаев белгілі бір уа­қыт­тан соң тағы да жиналып, аудан­­ға инвестиция тарту жөнін­дегі атқарылып жатқан істерге қо­ры­тынды жасап отыруға ұсыныс жасады. Форум жұмысы соңында кәсіп­керлер Катонқарағай ауданы­ның әкімімен кәсіпкерлердің мал ­шаруа­шылығын дамыту, туристік базалар, шағын ГЭС-тер салу, балды құтыларға құйып шығару, Қаратай батырға ескерткіш орнату туралы жеті түрлі меморандумға қол қойды. Қайырды НАЗЫРБАЕВ. Шығыс Қазақстан облысы.