Адамның білімі жетіліп, қызмет дәрежесі өсіп, байлығы молайған сайын, оның міні көбейе бермек. Парадокс, бірақ жағдай солай.
Білім жетілген сайын сұрақ-сауалдар көбеймек. Бәріне жауап таба алмай қиналған адам мінді болмақ.
Қызмет-дәрежесі өскен жан әділетті жолға түссе әділеттіліктің үнемі шешімін таба алмай, мінді болмақ.
Заң, құқық қызметкерлері туралы сөз жоқ, олардан қашан болсын мін табылады. Әділетті шешім болуы мүмкін бе? Болады, бірақ көбінесе әділетсіз, яғни қызметтің өзі мінді.
Әрбір шаршы топ алдында сөйлеушінің сөзінде мін бар. Мінсіз сөз қалай болмақ, әлімсақтан бері адам табиғаты мінді болса.
Мінсіз әрекет те, қызмет те жоқ. Мұндай жағдайда қандай шешім болмақ.
* * *
Мін болған соң, Дін болды, оның ұғымдары қалыптасты: тәубе, қанағат және шүкіршілік.
Мінсіз адамзат баласы болмағандықтан, күнәмізді өтеу үшін «тәубе» дейміз.
Нәпсімізге ие болу ниетінде «барға қанағат» дейміз. Жаратушымыздың бізге берген нығметтеріне – «шүкір» дейміз.
Мұның бәрі мұсылмандық-қазақша түсініктер.
* * *
Ай мен күннің астында не мінсіз? Мінсіздік бар ма? Жоқ. Ел жадында сақталған түсінік бар: «Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ».
Адам табиғаты қат-қабат. Өз мінін ешкімнің де жария еткісі жоқ. Сірә, бұл дұрыс та шығар. Адамның физиологиялық қалпы бөлек әңгіме. Жалған дүниедегі кеміс жандардың бақи әлемінде орындары жұмақта дейтін білетіндер.
* * *
Біздің сөз қозғап, талқыға салғалы отырған адамның адамшылығына қатысты мәселе. Адам болмысындағы – мін.
Мәселе ұғынықты болуы үшін, мін туралы хакім Абайдан бастайын:
«Ойға түстім, толғандым,
Өз мінімді қолға алдым.
Бойдағы мінді санасам,
Тау тасынан аз емес.
Жүрегімді байқасам,
Инедейін таза емес.
Аршып алып тастауға,
Апандағы саз емес.
Бәрі болды өзімнен,
Тәңірім салған наз емес».
Кім өз мінін санауда?! Әдетте, өзгенің мінін санауға шеберміз.
Мін дегенді өз басымызға жолатпаймыз. Оны ғылымда эгоизм дейді. Өз мінін білгісі келмейтіндерді, тілімізде образбен өрнектеп: «кеудесіне нан піскендер», «көзін шел басқандар», дейді.
Есіме поляк жазушысы Болеслав Прустың «Қуыршақ» романы түсуде, оның басты кейіпкері – Нувориш.
* * *
Ауыр сұрақ. Неге адамдардың көздеріне шел бітіп, кеуделеріне нан піседі? Дүниеде себепсіз ешнәрсе жоқ.
Біріншіден, бай адамдар өздерін «мінсіздер» қатарына қосады. Байлық адамды өз шамасынан асыратын жағдай. Шама дегеннің шегі бар. Шамадан асқан нәрсе шашылады, бірақ оны дер кезінде кім түсінген?
Бұл сөз қазіргі қоғамда аңғарылып қалған Нувориш деген жұртқа қатысты. Олар кімдер, айтайын, Нувориштер кешегі кеңестік қоғамның кедейлері. Олардың көбісінің ата-тектері бай болмаған. Әйтеуір, оларға жел оңынан соғып, тағы да басқа айла-шарғылар арқасында қолдары байлыққа жетті.
Нувориштер бүгінде биліктің бар қабаттарына орнықты. Бұлар өздерін «жолы болғыштар» деп атайды. Олар кедейлерді мінділер қауымына жатқызады, айталық баяғы Бейімбет Майлин айтқан Мырқымбайлар. Дәлел. Мінсіз болсаң, неге кедейсің? Мін жеке басқа қатысты. Айталық, міне бізде мін жоқ. Байлығымыз, билігіміз бар, не айтсақ та, сол «шындық».
Расы сол. Билікке, байлыққа жеткендерге бас иеміз. Сөйтіп енді біз мінді боламыз. Рақымды Алладан емес, солардан күтеміз. Солар жарылқайды деп, қарадан-қарап кінәлі боламыз.
Жарылқаушы Алла тағала емес пе еді? Қазақ айтушы еді ғой, «Жаңа байығаннан қарыз алма», «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас», деп.
* * *
Нувориштер айнаға қарап сәнденеді. Айнаға қарап көңілі толып, баяғы өзі «дэнди», әйелі «лэди». Келісті. Мін жоқ өмірлерінде де, тұрмыстарында да. Балалары арнайы ақылы мектептерде. Мін деген нендей түсінік тәйірі. Құдай деп сарнамай, құдайсыз, бай-ауқатты күн кешіп, әлем елдерін мейлінше шарлау қандай бақыт – еркіндік. Бай адамның түсінігі осылай, ол дүниетаным жағынан космополит, «әлем адамы», қысылатын не бар. Бұған қарсы қандай уәж айтуға болады. Амалсыз келісесің.
Мұндай космополиттік дүниетанымға, көзқарасқа сыймайтын екі нәрсе бар, олар: біздің қазақтығымыз және мұсылмандығымыз.
* * *
Мінсізбін деу Құдай дағуасын құру. Тегіс бәрін білемін, бәрі менің уысымда деу – шайтандық. Шайтандық болмыс туралы орыс ақыны Михаил Лермонтов пен қазақ ақыны Абай бір түсінікте болған. «Ол күнде (әңгіме шайтан туралы) көз жетпесті көп көздеген, түгел білім қайда екен деп іздеген. Жападан жалғыз білімнен бақ шықпайды, өлшеусіздің сыймасын бір сезбеген».
Дүние өлшеусіз, ол бір адамның санасына, түсінігіне сыймайды. Дүниені тегіс білу адамзат баласына бұйырмаған. Адам білімі шамалы. Оның үстіне тек білімге бақ, құт, дәулет қонбай болмайды. Білімді адам күздегі жасыл жапырағынан арылған, сидиған ағаш. Жапа-жалғыз білім адамды өсірмейді, кептіріп тастайды.
Шайтанның халі ауыр. «Алладан қарғыс алған кеудесінен – сүю мен сол сағатта сенім кетті».
Шайтанда сүю жоқ, сенім жоқ, бұл қасиеттер шайтанға шәкірт болғандарда да жоқ.
Шайтанның шәкірті оны мін деп санамайды. Сүю мен сенім орындарына билік пен байлық жайғасқан.
Бұл қазіргі қазақ қоғамының рухсыздануының келбеті.
* * *
Тым биік билік, тым мол байлыққа қол жеткен соң, кім болса да пенде ғой, басы айналған делік. Мейлі. Әркім жауапты Жаратушыға өзі бермек, бас жаққа бармайық. Әміршілер туралы әңгімеге араласпайық...
* * *
Мәселе төменгілерде. Жарты билік жарты байлыққа иелерде, осылар «мінсізбіз» деп тайраңдауда. О, Алла! Азап осылардан. Александр Сергеевич Пушкиннің «Дубровский» поэмасындағы Троекуров дегеннің образын еске алайық. Ол жаңа байыған – дүлей. Байлықтан өзгені құндылық деп есептемейді.
«Бай өзі оқымаған надан екен,
Тәкаппар, мақтау сүйгіш
адам екен.
«Малы көпке пәле жоқ»
деп ойлайтын,
Зорлықшыл, өр мінезді,
жаман екен».
(Шәкәрімнің аудармасы бойынша)
Қазіргі қазақ қоғамында Троекуровтар өсіп келеді.
О, тоба! Олар өздерін мінсізбін деуде, мінді өзгелерден іздеуде, адам міні туралы еш ойланбауда. Ойсыз Троекуровтар қоғамға, оның келешегіне аса қауіпті.
* * *
Алла – мінсіз. Адам – мінді. Мінсіз – кім? Мінсіз адам – шайтанның шәкірті.
Ғарифолла ЕСІМ,
академик, жазушы